Жанбай өшкен шырақтар

Жарнама

«Заманақыр боларда,
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалары жетiм болар,
Әйелдерi жесiр болар,
«Ә» десе «мә» дейтiн кесiр болар.
Бас қосылған жерде
Әйел жағы ден болар.
Жаман-жақсы айтса да,
Өзiнiкi жөн болар.
Орай салып бастарын,
Желпiлдетiп шаштарын,
Тақымдары жылтылдап,
Емшектерi салпылдап,
Ұят жағы кем болар…»

МӨҢКЕ БИ

ТҮСIК ПЕН ТҮЙСIК

Жасанды түсiк жасату – қоғам дертi. Бұл – айтылмай жүрген сөз емес, амалға аспай жатқан мәселе. Кезiнде жан шошырлық деректi фильмдер де түсiрiлдi. Жасанды түсiк жасатуға тыйым салатын заң қажет екенiн айтып, дабыл қаққанмен, бұл мәселе түбегейлi өз шешiмiн таппады. Керiсiнше, елiмiзде осы жолмен бала алдырып тастайтындардың саны күннен күнге көбеюде. Өрiмдей жас қыздардың өмiрлiк бақытына балта шауып, отбасы болудан мақрұм қалдырған да – осы дерт. Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, жыл сайын 300 мыңға жуық нәресте жарық дүниеге келместен өмiрмен қош айтысады екен. Бұл – жыл сайын елiмiз үш жүз мыңға жуық адамынан айырылып отыр дегенге саяды. Осы iске бел буып, адамдықтан айрылатындардың көбi – 14-18 жас арасындағы бойжеткендер. Болашақ отбасы ұйытқысы болмақ – «аналар». Бала алдырудың ел өсiмiне тигiзер керi әсерi ғана емес, қыз-келiншектердiң денсаулығына тигiзетiн зияны да шаш етектен. Ол – бедеулiкке апаратын жол. Дәрiгерлер жасанды түсiктен кейiн бала табу мүмкiн емес екенiн айтқанмен, мәселенi оңай жолмен шешкiсi келетiндер азаяр емес. Бiз әңгiмелескен қыздардың денi – осы жолды таңдап опық жеген жандар. Олардың сырымен өздерiңiзбен бөлiскелi отырмыз.

ТҮСIКТЕН КЕЙIНГI ТҮСIНIК
– Жасанды түсiк жасатқанның зияны мен зардабын тек сол iске барған адам ғана бiледi, – деп бастады сөзiн Нәзира есiмдi келiншек.
– Денеңдi мұздай қарпитын iлгiшпен iштен баланы суырып, соңынан жаныңды көзiңе көрсетiп қыршып қырып алатын сол бiр сәтте бар үмiтiмнiң үзiлгенiн сезбеген екенмiн. Ол кезде әлi тұрмысқа шықпаған болатынмын. Көңiл қосқан жiгiтiм арамызда бала пайда болған соң, менен терiс айналып кете барды. Ауылдағы ата-анама айтпақ түгiлi, естiсе қандай күйде болатынын елестете алмадым…
Бiр жылдан кейiн тұрмысқа шықтым. Алғашында бәрi де мен ойлағандай болатын. Арада уақыт өткен соң күйеуiм сәби сүймей жатқанымызды айтып, мазамды ала бастады. Кейде ұрыс шығарып, ұрып алуды да шығарды. Соңы не керек, үйге күнде iшiп келудi бастады. Талай рет жанарым жасқа толып, жылап шыққан түндерiм де болды. Балалы үйдiң базар болатынын сол кезде бiлдiм. Өмiрiм өкiнiшке толды. Алғашқы түсiк жасатқаннан кейiн дүниеге сәби әкеле алмайтыным есiме түссе, жүрегiм аузыма тығылады. Күйеуiм бала болмаған соң ақыр аяғында менiмен ажырасып кеттi. Кiнәнiң бәрi өзiмнен… Қайтейiн? Басқа түскен соң не шара? Кейде кiшкентай нәресте көрсем бала сүйiп, құшағыма салып аялағым келедi. Иiсiн иiскеп баққым келедi. Кейде жылап жүрген қыздарды көрсем, олар да осындай сәтсiздiкке ұшырап қалмады ма екен деп қорқамын. Олардың да мен секiлдi ойнап жүрiп от басқандарын қаламаймын.
Мамандардың айтуынша, жасанды түсiк – әйел затының денсаулығына аса қауiптi. Түсiк жасатқан әйелдердiң 70 пайызы түрлi ауруларға тап болады екен. Жыныс бездерi қабынып, етеккiр кезеңдерi мен жыныстық мүшесiнiң функциялары төмендеп, сүт бездерi қатерлi iсiк ауруларын тудырады. Алғашқы жасатқан түсiктен кейiн бала көтеру қиынға соғады. Қайта жүктi болу бақытына ие болғанымен, оның алдында жасаған аборттың кесiрi аяғы ауыр кезде өзiне және жатырда жатқан балаға зиянын тигiзуi ғажап емес. Тiптi ондай жағдайлардың соңы босану уақытына жетпей жатып өздiгiнен түсiк тастаумен аяқталуы әбден мүмкiн. Сондай-ақ, жүктiлiк кезiнде қан көп кету де орын алуы ықтимал немесе уақытынан бұрын босанып жататындары да кездеседi.

БАЛА – БАУЫР ЕТIҢ
Қазiргi таңда әлемдiк көрсеткiш бойынша, жасөспiрiм қыздардың едәуiр бөлiгiнiң жүктi болып қалатынын ескерсек, олардың iшiнде көпшiлiгiнiң қандай жолмен баланы алдырып тастап жатқанынан бейхабармыз. Сондай-ақ, баланы алдырудың бiрнеше жолдары барын айта кеткен жөн. Бiрiншiсi – жасанды жолмен, яғни арнайы дәрiгердiң көмегiмен түсiк жасату, екiншiсi – заңсыз сатылатын жерден арнайы шетелден шығарылған дәрiнiң көмегiмен, үшiншi – арнайы осы кәсiптi бизнеске айналдырып, өзi осы саланың жетекшi маманына айналған кiсiлер тобын жатқызуымызға болады. Олай дейтiн себебiмiз, Марал (атын өзгертуiмдi өтiндi) есiмдi қыздың бiр кiсiнiң көмегiмен өз баласының тамырына балта шапқаны себеп болып отыр. Ол бастан кешкен оқиғасын жылап отырып былай деп баяндап едi: «Студент кезiмде жақсы көрген жiгiтiмнен жүктi болып қалдым. Оқу оқып жүрген соң, баланың ата-анасы бiрден қарсы болды. Дәрiгерге барып түсiк жасатпақшы болдым. Бiрақ олардың менiң мекен-жайымды сұрастыратынынан қорқып бара алмадым. Өйткенi мен ол кезде жатақханада тұратынмын. Не iстерiмдi бiлмей жүргенiмде балаға жасанды түсiк жасату мерзiмiнен де кеш қалдым. Күнiм жылаумен өтетiн. Өзiм қатты күйзелiп те кеттiм. Осы түрiмдi бiрде құрбымның бiрi көрiп, қала сыртындағы бiр орыс кемпiрдiң баланы қандай мерзiмде болмасын, алдырып тастай алатындығын жеткiздi. Менде басқа амал болмады. Ауылға барар бетiм жоқ. Оның үстiне ата-анам менен бiржола безiнер едi. Не керек, сол кемпiрдi iздеп үйiне бардық. Берген дәрiлерiн iшiп, айтқандарының бәрiн жасап, белгiлi бiр мерзiмге дейiн үйiнен шықпадым. Екi сағат уақыттан соң iшiм қатты ауырып, толғақ келе бастады. Не iстерiмдi бiлместен жерге аунай бердiм. Кемпiр болса, менi икемдеп, босандыра бастады. Бала өлi туды. Түрiне қарасам, бала қап-қара болып түтiгiп кеткен. Өзiм қатты шошындым. Көзiме ерiксiз жас келдi. Орыс кемпiр болса шақалақтың ұл бала екенiн айтып жатты. Осы оқиға менiң көз алдымда мәңгi қалды. Осыдан кейiн ол жiгiтпен байланысымды үздiм. Тiптi қазiрдiң өзiнде тұрмысқа шығуға қорқамын. Өз нәрестеме өзiм пышақ салып өлтiргенiм жиi есiме түседi…

КЕҢЕСТЕН ҚАЛҒАН КЕСЕЛ
«Көп жасағаннан емес, көптi көргеннен сұра» демекшi, педагогика саласында елу жылдық еңбек өтiлi бар Қарақас Әлiмқызымен сұхбаттасқанымызда бiзге бiрнеше құпияның сырын ашты:
«Жасанды түсiк жасатудың неше түрiн еститiн болдық. Бәрiнен бұрын өзi кәмелетке толмастан балалы болып, бала алдырып жатқандарды естiгенде жүрегiң ауырады екен. Бала бәрiн бiлместiкпен iстейдi. Одан қалса, телеарналар мен түрлi басылымдардан әйел мен еркектiң қарым-қатынасын ашықтан-ашық көре беретiн болды ғой. Бала өлтiру – қылмыс. Осыны жастар бiле бермейдi. Бiлсе де, жүрекпен сезе бермейдi. Мен осы туралы уайымдаймын.
Бiз Кеңес өкiметi тәрбиесiмен өстiк. Ол кезде, жасыратыны жоқ, Құдайды ауызға алмақ түгiлi, еске алудың өзiнен қорқатынбыз. Жасанды жолмен түсiк жасату жасырын болатын. Бiреу бiлсе, бiреу бiле бермейдi. Оған қоса, әйелдер көп бала туса денсаулығы нашарлайды, еңбекке жарамсыз болады деген де үгiт жұмыстары жүргiзiлетiн. Екiқабат әйел дәрiгерге көрiнуге барғанда оған сiзге ендi бала тууға болмайды, өлiп қалуыңыз мүмкiн немесе ауру табасыз деген сияқты үрейлi кеңестер берiледi. Еңбек етiп, еркекпен тең құқылы өмiр сүр, баланы алдырып таста деген «ақылдар» айтылды. Сөйтiп, олар бедеулiкке ұшырататын неше түрлi дәрiлердi iшудi, түсiк түсiрудi, жыныстық қатынастан «аман» шығуды (жүктi болмауды) әбден игерiп, меңгердi.

Мақаш ТӘТIМОВ, демограф-ғалым:

ТҮСIККЕ ТҮБЕГЕЙЛI ТЫЙЫМ ҚАЖЕТ
– Елiмiзге абортқа тыйым салу жөнiндегi заңның керек екендiгiн айтып та, жазып та жүрмiз. Шет мемлекеттердiң көбi осындай iстерге заңмен шектеу қойғалы қашан?.. Бұл мәселе бiзде түбегейлi шешiмiн тапқан жоқ. Қыздар абортқа қандай жағдайда барады? Олар некесiз жүктi болудан қорқады немесе iшке бiткен баланың кемтар екенiн бiлсе, дереу аборт жасатады. Аборт – бұл ең алдымен зинаның кесiрiнен пайда болатын дерт. Артынан бала пайда бола қалса, оны алдыртудан басқа жолын көре алмай жатады. Жастардың көп жағдайда бiр-бiрiнен ажырасып кетуiнiң де, түсiктен кейiнгi бедеулiктiң орын алуының бiрден бiр себебi де осы. Мұның арты халықтың азаюына әкелiп соғары анық. Егер заңмен шектеу қойылса, жасырын түсiк жасатушылардың саны азаяр ма едi?!
Осыдан бiраз уақыт бұрын АҚШ-та жасырын түрде аборт жасаумен айналысқан хирургты ұстап, абортқа қарсы күресiп жүрген азаматтар оны атып тастаған. Бұл – өте әдiлеттi шешiм. Себебi хирургтiң өзi қанша перiштенiң жарық әлемдi көруiне мүмкiндiк бермедi. Бiз де осындай қатаң жазаны қолдану арқылы аборттың санын қысқартамыз. Егер бей жай отыра берсек, ауруымыз ушығып кетуi мүмкiн. Сондықтан қауiптiң алдын алу үшiн абортқа тыйым салатын заң қажет.

Нәзира ЖҰМАНАЗАРОВА, психология ғылымдарының кандидаты:

«ЖОСПАРЛАНБАҒАН» ЖҮКТIЛIК: ЖАН ҚИНАЛЫС
– «Жоспарланбаған» жүктiлiкке көп жағдайда ауылдан арман қуып келген қыздар ұрынады. Менiң байқағаным, ауылдан қалаға оқу немесе жұмыс iздеп келген қыздар пысық жiгiттерге алданып қалады. Ауылдағы ағайынның сөзiнен қорқып, жүктiлiгiн жасыру мақсатында баланы алдырып тастайды. Мұндайлар көп қой.
Психолог болғаннан ба екен, әйтеуiр түсiк жасатқан қыздарды бiрден сезуге болады. Жан күйзелiсiн жүзiнен анық байқауға болады. Қоғамнан бөлектенiп, жан баласына iшкi сырын аша алмай жүредi. Бұл олардың қалған өмiрiндегi кездесер қиыншылықтарға жол ашып беруi мүмкiн. Себебi адам қайғырған сайын түрлi ауруларға тап болады.
Түсiк жасату – адам өлтiргенмен пара-пар, демек ол – қылмыс. Дiн тұрғысынан алсаңыз да, баланы алдырып тастау – үлкен күнә саналады. Қасиеттi Құранда «бiреудiң жанын қимаңдар, бiр адамды өлтiрудiң күнәсi – барлық адамды өлтiрумен тең, қиямет күнi күнәсiз өлтiрiлген балалардың есебi сұралғанда…» деген аяттар бар. Расында да, бүгiнде бүкiл әлем «жасанды түсiк» дейтiн үлкен қасiреттен құтыла алмай отыр. Айтыңызшы, жастар не үшiн бұған барады? Менiң ойымша, олардың көбiсi дiнiмiзден бейхабар. Баланы қолдан өлтiрiп, үлкен күнәға бататынын бiлмейдi. Бұл – бiрiншi себеп. Екiншi себеп – мәжбүрлiк. Жаһандану жалынынан ес-түссiз әсерленген қаракөз қыздар үйленбей жатып, некесiз төсектiк қатынасқа барады. Ағайын-жұрттан ұялған жас қыздарымыз жасанды түсiктi жасырын, мәжбүрлiктен iстетедi. «Үйiм-күйiм жоқ» деп бала асыраудан қашатын жағдайлар да кездеседi.

Шырын ТҰРАПҚЫЗЫ, акушер-гинеколог:

СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ КӨП
– Аборт дегенiмiз – медициналық тұрғыдан қарағанда, жасанды түсiк жасату. Бiздiң елiмiзде жүктiлiктiң 12-шi аптасына дейiн рұқсат етiлген. Кейде әйелдiң немесе баланың денсаулығында кемiстiктер болған жағдайда жүктiлiктiң 22-шi аптасына дейiн рұқсат етiледi. Күнiне бiзге жасанды түсiк жасатуға оннан астам қыз-келiншек келедi. Бiз оларға алдын-ала түсiктiң зиян жақтарын айтып ескертемiз. Кейде 10 адам келсе, соның үшеу, бесеуi жүрекпен түсiнiп, түсiк жасатпай қайтып кетедi. Ал әр он адамнан жетеуi айтқанынан қайтпайды. Бұл, әрине, өте көп. Келушiлердiң баланы алдыртып тастаудағы себептерi де әртүрлi. Бiрi – әлеуметтiк жағынан бала асырауға шамалары келмейтiндiктерiн айтып ақталса, ендi бiрi ауылдағы ата-анасынан жасырып, арсыз iске бел буады. Бұлар көбiнесе, ауылдан келiп, алданып қалған жас қыздар. Бәрiнен бұрын менi қынжылтатыны, әсiресе орта жастағы келiншектердiң ұл немесе қыз керек деп осы iске қол ұрып жатқандары. Бәрi де бiр Құдайдың қолындағы нәрсе емес пе?
Түсiк жасату жайдан-жай бола салмайды, оның адам денсаулығына әсерi мiндеттi түрде орасан. Түсiк жасату барысында әйел толық тексерiлуден өтедi. Сонан соң, қысқаш арқылы баланың iлiнген жерiнен қолы болсын, не аяғынан болсын, бiртiндеп тартып алынады. Қалған қалдықтарын қыру арқылы тазалаймыз. Бұдан кейiн кез-келген әйелдiң гормондық жағдайы өзгерiп, жүктi болу мүмкiндiктерi азаяды. Осының салдарынан қыз-келiншектердiң көбiсi бедеулiккке ұшырап жатады.

ТҮСIККЕ ҚАРСЫ ЕЛДЕР БАР
Түсiк жасатуға түбегейлi тыйым салған елдер (мұнда жасанды түсiк – адам өлтiрумен тең қылмыс саналады): Ауғанстан, Ангола, Бангладеш, Венесуэла, Гондурас, Мысыр, Индонезия, Ирак, Иран, Ирландия, Йемен, Колумбия, Ливан, Ливия, Мавритания, Мали, Непал, Никарагуа,
Бiрiккен Араб Әмiрлiгi, Оман, Парагвай, Жаңа Гвинея, Сальвадор, Сирия, Чили, Филиппин.
Ана өмiрiне қауiп төнген жағдайда түсiк жасауға рұқсат беретiн елдер: Алжир, Аргентина, Боливия, Бразилия, Гана, Израиль, Кения, Коста-Рика, Марокко, Мексика, Нигерия, Пәкiстан, Перу, Польша, Уругвай.


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

2 Пікір на "Жанбай өшкен шырақтар"

avatar
Нариман
Қонақ

Алла өзі сақтасын! Алла өзі кешірсін біздерді!

Орынбасар
Қонақ

Мақала жақсы зерттелген мұндай тақырыптар сұрыныптұр ғой қоғамда жазатын, ізденетін журналист болса

wpDiscuz