Жастық шағымыздың қадірін білейік

Жарнама

get_imgКішкентай кезімде үлкен кісілердің «Жастық шақ — ұшып кететін құс секілді, көзді ашып жұмғанша жастық шағымыздың қалай өткенін білмей де қалыппыз» деп отыратынын жиі еститінмін. Үлкендердің әңгімесін естіп жүріп көп ойланатынмын. «Мен кіммін?», «Өмір деген не?», «Не үшін жаратылдық?» деген сұрақтар көкейімді жиі мазалайтын. Аллаһқа шүкір көп іздену мен білім жинаудың арқасында мені мазалаған сұрақтардың жауабын тауып келемін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) білім турасында келген хадисінде: «Білім іздеу әрбір мұсылманға парыз» деген. Сондықтан тұла бойымыз, ойымыз, санамыз таза, пәк кезімізде білім сусынымен суарып үлгеруіміз қажет. Жас дәуренімізді бос өткізбей, бүкіл ғұмырымызға қорек болар біліммен толтыру бізге парыз болмақ. Аллаһ Тағала Қасиетті Құранда: «Жындар мен адамдарды тек өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» (Зарият,56) деп біздердің бұл дүниедегі міндетімізді айқындап береді. Адам болып жаратылған соң адамдық парызымызды өтеп, соған лайықты өмір сүрудің өзі бір бақыт емес пе?! «Көз қорқақ, қол батыр» демекші белгілі бір істі бастаудан қорықпағанымыз жөн. Аллаһ Тағала өз пенделеріне әрбір істі өз уақытымен, шамасы жететін кезеңін белгілеп, сосын барып бұйырған.Әрбір балиғатқа жеткен ұл-қыздың орындауға тиіс келесі міндеті — дәрет алуды үйренуі, кейін намаз оқуы.Әрбір істе Аллаһқа тәуекел еткен абзал,оған дәлел құдіреті шексіз Аллаһ Тағаланың сөзі бар: «Егер бір іске бел байласаң, Аллаһқа тәуекел ет, сөзсіз Аллаһ тәуекел етушілерді жақсы көреді» (Әли Имран,159). «Жас кезіңде алған білім тасқа басқан мөрмен тең, қартайғанда алған білім құмға жазған жазумен тең». Осы бір Пайғамбарымыздың хадисін естен шығармай жастық шағымызды дұрыс пайдалана білуіміз керек. Кейбір адамдардың «Сен әлі жассың, әлі өмірің алда, үлгересің» деген еркелеткен сөздеріне мәз болып, уақытымызды бос кетірмейік. Балиғатқа жеткен әрбір ұл-қызға Аллаһ Тағала қандай амалдарды парыз етіп, орындауға бұйырса, кідірмей жылдам амал қылайық, инша Аллаһ! «Отызда орда бұзар» деп жатады қазақ халқымыз, яғни отыз жас — ақыл тоқтататын шақ. Егер, өмірді алып қамал деп елестетсек, біз сол зәулім қамалдың беріктігіне жауаптымыз. Үйдің беріктігі іргетасының жақсы қалануына байланысты болса, өміріміздің мәні жастық шағымызды қалай өткізетінімізге байланысты болмақ. «Жастық шағыңда ойна да, күл» дегенге шегірткенің кебін киіп, асыр салудан сақтанғанымыз дұрыс. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген Абай атамыздың өсиетін тыңдасақ, біз бұл сынақ өмірде өз орнымызды тауып, мәнді де сәнді ғұмыр кешуді қазірден ойлануымыз керек. Адал, пейілі ақ, түсі жылы жанды Аллаһ қолдайды. Оған дәлел құдси хадисте Аллаһ Тағала айтады: «Егер пендем Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір адым жақындаймын. Маған бір адым жақындаса, мен оған екі қадам жақындаймын. Қашан ол Маған жүрсе, Мен оған жүгіремін».

Болашағымызда аяғымызға тұсау болмау үшін өмірде адам бойына енуге құмар жаманшылықтардан сақтанғанымыз дұрыс. Адамның жамандыққа бойы бір үйренсе, арылуы қиын. Қазіргі таңда Батыс елдерінің арзан құндылықтарына еліктеуші жастар қатары көбейіп келеді. Оған көрініс ретінде жастарымыздың түнгі клуб, кафе, бар, пайдасыз ойын-сауық орталықтарын паналауын айтсақ болады. Ғылым, ілім ізденіп, халыққа пайдасы мол нәрселермен шұғылданып, еліміздің өркенденуіне атсалысудың орнына ұрпағымыздың тәрбиесіне балта шауып отырған Батысқа деген еліктеушіліктің құрбаны болып отырған жастарымыз қаншама?! Расында «біреудің қатесі — біреуге сабақ», сондықтан жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп, дұрыс пен бұрысты ажырата білген жөн. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда әр уақыттың қадірін түсіну маңызды болмақ. Халық арасында жиі айтылып журген сөз бар: «Үш нәрсе қайтып келмейді: сөз, уақыт және мүмкіндік». Уақыт зымырап өтіп жатыр, күні кеше анамыздың құшағындағы кішкентай сәби, одан соң мектеп жасындағы балдәурен шақта едік, қазір бір үлкен өмір мектебіне қадам басып келеміз. Жастық шақ — «өмір-өзендегі» ең тәтті де балауса, бал шақ. Осы шақ та барлығы арман қиялына шарықтап, болашаққа жоспар құра бастайды. Адам жас кезінде бейне бір мәңгілік жас болардай сезімде болады, бірақ уақыт біздің еншімізде емес. Орда бұзар шағымыздағы өмірдегі орнымыз қазіргі кезеңдегі іс-әрекеттерден бастау алмақ. Сондықтан, жарқын болашаққа жол ашар, ертенгі күні жемісін көрер, қабілетімізге қарай мамандық таңдағанымыз жөн. ХХІ ғасыр-ақпарат пен жаңа технология заманы. Бұл заманда көбірек ақпарат білген адамдар қатары бағаланады. Қазіргі таңда көптеген жастар заман талабына сай интернет желісі аркылы білім алуды таңдап отыр. Бірақ, өкінішке орай, ақпараты мол, білім іздегенге іздегенін берер интернетті кейбір жастар дұрыс пайдалана алмайды. Адам санасын улар, пайдасынан зияны көп әлеуметтік желілердегі өз алтын уақыттарын зая кетіріп жатады. «Кітап-білім бұлағы, білім-өмір шырағы» демекші кітаппен алған білімнің орны бір бөлек. Сол турасында Хакім Абай «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп кітаппен білім ізденудің артықшылығын нұсқаған. Өмірдің биік белестері, асу шыңдары қауқарсыз еңбектің арқасы, оған дәлел «Ерінбегеннің еңбегі жанар» деген Майлықожа Сұлтанқожаұлының сөзі бар. Еңбектің, тапқан табыстың адалы мен арамы болады. Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң Алланың сүйікті құлы боласың» деп екеуінің аражігін ажыратып береді. Құрметті достар, үлкен өмір кезеңіне қадам басып келеміз, яғни Аллаһ ғұмыр берсе, әлі талай сынақ, кедергілерді бастан өткереміз. Әйтсе де, аяғымызды шалыс баспай, әрбір әрекетімізге, қадамымызға абай болайық. Жаман жолға түсіп, орны толмас өкініш, өмірімізден кетпес бәлекетке ұшырап қалмайық. Жастық шағымызда басымызға іс түссе арашалайтын, ауырымызды жеңілдетер, қуанышымызға бірге қуанатын дос таңдай білудің өзі бір жетістік. Өйткені, араласатын ортамыздың үлгілі, салмақты болуы біздің болашағымызға әсер етеді. Сонымен қатар өзімізді мазалаған сұрақтар мен көңіл түсіп қаймыққан сәттеріміздің жауабын Құран аяттары мен хадистерден іздеп, кеңес алайық! Сөздің соңында, жұдырықтай жүрегімді жарып шыққан мына өлеңімді арнаймын: О, Жастар! Еліміздің болашағы! Сендерге өмір-өзен жол ашады. Сендерге үлкен үміт мол арттырып, Арттарыңнан халкымыз қарасады. О, Жастар, ойланыңдар, босқа жатпай, Өмірді адам түсінбес жанға батпай. Текке өткізбей уақытты, « Жарысыңдар, Жақсылықтың жолында» жүйрік аттай! © Нұргүл Сұлтанова


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz