Жастықтың оты жалындап

Жарнама

Жастықтың бойынан парықсыз паңдық емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы.
Ғабит Мүсірепов

Жастық шақ – адам өмірінің көктемі. Бұл кезеңде адамның үлкен мақсаттары айқындалып, биік армандарын жүзеге асыруына деген құлшынысы, өзіне деген сенімі мен жаңашылдықты қабылдау деңгейі жоғары болады. Яғни жеке өмірде кездескен қиындықтар, өз мәселесін өзі шешу – жас жеткіншекке өз күшіне деген сенімділік алып келеді. 18-20 жас аралығындағы жастардың өзіне деген сенімділігін қалыптастыру – маңызды сәт. Себебі өзіне сенімді адам ғана айқын мақсатынан айнымай, асқақ арманына самғайды.

Жастық шақ аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз сияқты. Осы жарқ етіп көрінетін жұлдызды босқа өткізбей, жас шақта өмірден бар жақсыны алуымыз аса маңызды. Себебі жасыңда оқып, жақсылық қусаң, қартайғанда жемісін көресің. Өмірден өткен ағартушы, ғалым, жазушыларымыз бен батырларымыз жас кездерінде қандай болды? Олар 20 жасында нені өзгерте алды? Саралап көрейік.

Дүние жүзіндегі мәдениетті адам баласына ғылым мен білімнің қайнар көзі болып саналған данышпан, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз -Әбу Насыр Әл-Фараби Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң өз білімін жетілдіру мақсатында 20 жасында Бағдатқа аттанады. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы білім мен ғылымның ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен танысады.

Ал қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Сібір кадет корпусында оқудың соңғы жылдарында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жазған. Кадет корпусын 17 жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Жас ғалым әйгілі профессор Березин бастырып шығарған «Тоқтамыс ханның жарлығы» мен басқа да хан жарлықтары туралы еңбектерге талдау жасайды. 20 жасқа келгенде «Тәңірі», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Осыдан кейін оның әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик шенін алады. 21 жасында полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет «Манас» эпосының ең шұрайлы бөлігі «Көкетай ханның ертегісі» жырын жазып алады. Сол жылдары белгілі географ П.С.Семенов-Тян-Шанскиймен, Федор Достоевскиймен танысқан екен.

Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды армандаған ақын, жазушы, ағартушы — Сұлтанмахмұт Торайғыров та өзінің жиырмасыншы көктемінде көптеген өлеңдер мен «Зарландым» атты очеркін жазды және «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. Небәрі 27 жыл өмір сүрген ол 20 жасында «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» және тағы басқа әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.

Ал әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын жазған қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері — Мұхтар Омарханұлы Әуезов 20 жасында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пъесасын жазып, оны Ойқұдықта сахнаға шығарады. Содан кейін ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 21 жасында Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.

Қазақстандық боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Бекзат Сейілханұлы Саттарханов өзінің небәрі 20 жыл өмірінде шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен. Ал 2000 жылы өткен Сидней олимпиадасында финалдағы қарсыласын 22-14 есебімен жеңіп, чемпион атанады. Ол бұл жеңісін Түркістан қаласының 1500 жылдығына тарту еткендігін айтқан. Бекзат Саттарханов І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Тарихта жас боксшы «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде қалды. Бекзат – 18 жасында қажылыққа барған мұсылман. Сол жылы өмірден өтсе де, еліне үлкен жеңісті сыйлап, анасының арманын орындап, қазақ спортының тарихында қалды.

Кеңес одағының батыры, шығыстың шынары, мерген – Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұлова 18 жасында яғни 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Жаратылысынан нәзік болса да, кез келген ер азаматтың қолынан келе бермейтін ерекше қайсарлық, жігер, көзсіз ерлік бойынан табылған Әлия өз еркімен майданға сұранып, Отаны үшін жанын құрбан еткен батыр апамыз. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазады. Алайда 19 жасар Әлия майданда оққа ұшады. Әлия Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес одағы батыры атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.

Психолог-педагог И.И.Кобыляцкий студент тұлғасының қалыптасуында екі ерекшелікті бөліп көрсетеді. Біріншісі, жылдам өзгергіштік: өз көзқарастарының үнемі өзгеріп, жаңарып отыруы. Екіншісі, ойлары мен мотивтерінің күресі, қате және жаңа көзқарастардың туындауы. Әлбетте студент кезде адамның ойының үнемі өзгеріп отыруы заңдылық. Үнемі өзгеріп отыратын ойлардан жақсы істер туса тіпті игі.

Аға буынның бүгінгі жастарға аса көңілдері толмайтынын қарапайым автобуста отырып-ақ байқаймыз. Кей жастардың үлкендерге орын бермеуі, қолына телефонын алып, құлағына құлаққапты киіп алуы – үлкендерге ұнамайды. Оған тағы қазақша бір ауыз сөз айта алмайтындарды қосыңыз. Сонымен, үлкен буын жастарға неге риза емес?

Еркін Бердалиев, 51 жаста, Қызылорда облысынан:

-Білмеймін, біз жас кезімізде басқалай болған сияқтымыз, біздің заманымыз да бөлек еді. Ауылдағы әке-шешемізді ойлап, жақсы маман болып шығу үшін ерінбедік. Шалыс басқан кездеріміз де болды. Қазіргі жастар бәрін тым жеңіл ойлайды. Оларға жұмысқа тұрып, оны ауыстыра салу оңай. Үйленіп алып, үй болып кету оңай. Ажырасу да олар үшін үйреншікті болып кеткен. Оның үстіне қайда барсаң да бәрі телефонға үңіліп, ішіне кіріп кетердей болып отырады. Қазіргі іні-қарындастарымның білетінінен білмейтіні әлдеқайда көп. Мен оларға көп ізденсеңдерші дегім келеді. Ана телефонға үңіле бермей, үлкен қариялармен, ағалармен көп әңгімелесу керек. Мен өз балаларымды үлкендермен әңгімеге көп тартамын,- деп пікірін білдірді.

Расында, Қазақстанда күнделікті орын алып жатқан қолайсыз жағдайлардың біразы жастардың қатысуымен болады. Тәуелсіз елдің ұл-қыздары қазаққа бейәдеп болып саналатын қылықтарға баруы, әрине, өкінішті. Бірақ бұл қазіргінің жастары іске жоқ, ештеңеге талпынбайды деген сөз емес.

Атақты шахматшы Жансая Әбдімәлік 6 жасқа толғанда әкесі оған шахматтың ережелерін түсіндіріпті. Одан кейін Жансая шахмат үйірмесіне қатысады. Аз уақыттың ішінде шахматтың қыр-сырына қаныққан қыз Украинаның Алушта қаласында өткен жарыста бақ сынайды. Жансая Әбдімәлік – алты жасында-ақ Алматы чемпионы, 7 жасында Қазақстан чемпионы атанды. Бұдан өзге Түркияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Иранда және Въетнамда бақ сынап, жүлделі орындарды иеленген. Қайсар қыз 8 жасында Әлем чемпионы атанады. Қазір Жансаяның жасы 17-де. Шахмат арқылы елінің атын шығарып жүрген жас қыздың бағындырар белестері алда.

Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі – Асан Паржанов 20 жасында өз бизнесін ашқан жастардың бірі. Оның бүгінде «Спасибокуп» деп аталатын әлем тілдерін үйрететін курстық орталығы бар. Орталықтың жұмыс істеп тұрғанына 4 жылдай болды және жеткен жетістіктері де жаман емес. Асанның айтуынша ол ешқандай бизнес сабақтарға бармаған және барудың қажеті жоқ деп санайды. «Тек ештеңеден қорықпай, көп еңбектеніп, арманыңа қарай самғау керек»,-дейді жас бизнесмен. Кеше ғана Қытай жұртын, Қытай ғана емес, әлем жұртын аузына қарата білген Димаш Құдайбергенов те небәрі 23 жаста. Одан бөлек спорт саласында да Қазақстанның атын шығарып жүрген жап-жас саңлақтарымыз да жетерлік.

Мемлекетті жан-жақты дамытудың көзі – сол елдің халқының қолында болса, оның ішінде әсіресе жастарға артылатын үміт көп. «Сендер біздің болашағымызсыңдар!»-деген сөзді жиі естиміз. Осы орайда студент жастардан күнделікті сабақтан бөлек немен айналысатындары жайлы сұрастырып көрдім.

Сауалнамаға қатысқан жастардың 40%-ы әр түрлі жанрда кітап оқитындарын, тағы 40%-ы ағылшын тілін үйрену үшін қосымша сабақтар алатындарын айтты. Бұдан бөлек 7-8%-ы мамандығына байланысты тәжірибеден өтіп жүргендерін тілге тиек етті. Спортпен шұғылданатын ер-жігіттеріміз тағы бар. Көпшілік жастар арасынан өлең шығарып, проза жазатындары да кездеседі. Бірақ әдебиетке бет бұрған жастар аз. Керісінше қазіргі уақытта көп сөз болатын бизнес тақырыбы жастардың қызығушылығын оятып отыр. Болашақта үлкен кәсіптің тізгінін ұстауды мақсат ететіндер студент кезден сауданың, маркетингтің не екенін игеріп, өздерін осы тұрғыда дамытуды көздейді. Бұл бастаманы мемлекет те қолдап отырғаны бәрімізге белгілі. Яғни 60% жастар болашақта өз кәсіптерін ашуды қалайды. Менің сауалнамама қатысқан адамдардың ішінде 20 жасында үлкен белесті бағындырғаны кездескен жоқ. Алайда мен көрген жастар алдағы 5 жыл ішінде өз мақсаттарына жетіп, биік тұғырдан көрінеді деп сенемін.

Өткен ғасыр мен бүгінгінің жасын салыстыру қисынсыз. Сол заманның зиялылары ел есінде, ал бүгінгінің өз батыры бар. ХХ ғасырдағы ұлт зиялыларының жастайынан еңбекке, білімге араласуының өз себебі бар. Олар қандай тәуекелге барса да, нені жазса да бір нәрсені ойлады, ол –еліміздің тәуелсіздігі. Балаға берілетін мүмкіндіктер шектеулі болғанда, одан ұлтшыл, мейірімді, салиқалы азамат шығатыны белгілі. Тиісінше, экономикасы дамыған елдерде поэзия, проза кенже қалған болуы мүмкін. Ақынның өлеңіне, жазушының романына арқау болатын мәселе керек. Сол мәселелер біздің ата-бабаларымыздың жастайынан еңбекке араласып, тұлға болып қалыптасуына сеп болды. Ал тәуелсіз елдің ұрпақтарын не толғандырады? Бұны да сұрастырып көрген едім.

Көпшілік жастарды толғандыратын бірінші мәселе – жемқорлық. Олардың айтуынша, жемқорлықтың салдарынан ел ішінде шешілмеген мәселелер көп, мүмкіндіктер аз.

Жас буынды толғандыратын екінші мәселе – жұмыссыздық. «Оқу бітірген соң қайда барып жұмысқа орналасамыз?»- дейді олар. Маған кездескен жастар осы екі мәселеге ерекше тоқталды. Ақ үміті, асқақ арманы бар жастар үшін болашақтың есігі әрдайым ашық болғанын мен де қалаймын.

«Жастықта көкірек зор, уайым жоқ»,-дейді ұлы ойшыл Абай. Тиісінше кейбір жастар уайым-қайғының жоқтығынан есіріп, ес келгенде бармақ тістеуі мүмкін. Ал кейбірі сол уайымның арқасында тырмысып еңбек етіп, өмірден өз орнын тауып жатады. Бәрі де жастардың жүрегіндегі жалынға байланысты болар. Тек олардың еңселері түспесе екен деймін.

Еңлік Сақтан
ҚазҰУ, журналистика факультеті
Фото: https://yvision.kz


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz