Үзілмеген үміт

Жарнама

«…Ал­дын­да тісі ақсиған, ұзын бой­лы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кісі тұр екен. Даланың жы­ны осы ғой деп ой­лай беріп еді, анау Қасымға әмірлі да­у­ыс­пен ақырып:
– Ар­тым­нан еріп жүр, әлсіз денеңнің шар­шап талғанына қарама!

Аяғыңа кірген тікенге, жырған тасқа, қарама! Өліп қалсаң да ар­тым­нан еріп отыр! – деп жүріп кетті. Әлсіз жетім:
– Ағатай, жетіммін… – дей беріп еді, алакөз қайта жарқ ет­кен­де, ар­ты­нан жүгіріп кетті. Қасым өкпесі үзілгенше ентігіп жүгіріп отыр­ды. Көз ұшына жоғалып кетті. Түн ор­та­сы болған кез­де, таудың осы мөлшеріне бек­тер­де ке­ле жатқан үш жігіт жетті…
Аз­дан соң ат­тан түсіп, қасына келіп қараса – жыртық киімді, өңі құп-қу бо­лып, қаннан ай­ы­ры­лып жүдеген он-он бір жа­сар ба­ла екен. Ол – өлік. Бірақ денесі әлі түгел мұздап та болған жоқ екен…»
Мұхтар ӘУЕЗОВ,
«Жетім», 1925 жыл

«Отыр­са опақ…»

1943 жыл. Сұм соғыс та­лай жүрекке жа­ра салған кез. Бурабайдың ба­у­рай­ын жағалай қоныстанған «Жаңаталап» ауы­лын­да шекесі торсықтай ұл өмір есігін аш­ты. Бер­да­лин әулеті мәре-сәре. «Ба­уы берік бол­сын!», «Қайырлы бол­сын!» – де­ген тілектер ана жүрегін шат-ша­ды­ман қуанышқа бөледі. Шақалақ шаңыраққа шы­рай әкелді. Ағайын-ту­ма азан шақырып, «Ал­ла тілегін қабыл етсін» де­ген ни­ет­пен сәбиді Тілектес деп ата­ды. Алай­да, осы тұңғыш ұлын құшағына ба­сып, маңдайынан иіскеу әкесіне нәсіп бол­мап­ты. Оның ақтық сапарға ат­та­нып кеткеніне біраз бол­ды.
Ана жүрегі әкенің ор­нын білдірмеуге ты­ры­са­ды. Алай­да асқар та­у­дай әкенің ор­нын кім ба­сар дейсіз? Ес біліп, етек жиған сай­ын Тілектес тұйықтала бас­тай­ды. Көкейін кер­не­ген жалғыз сұрақ: «Басқа балаларға әкесі кәмпит, мәшине алып береді. Ал менің әкем қайда?» Ана ба­ла­ны алдаусыратқандай бо­ла­ды. Ай­та­ты­ны: «Әкең ұзақ сапарға кет­кен». Ананың көңілінде үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар… Балалық ба­сым­дау бол­ды ма екен, Тілектестің алаң көңілі тез ба­сы­ла­тын.
Туған апа­сы – Дәметер тұрмысқа шыққан соң, ана­сы екеуі соның қолында тұрды. Сөйтіп, жесір әйел мен жетім ба­ла «Ай­са­ры» ауы­лы­на қоныс аудар­ды.
Көп ұзамай ажал ана­сын да алып кетті. Жан де­ген­де жалғыз сүйенішінен ай­ы­рыл­ды. Тілектес бұл кез­де 13 жас­та еді. Үлкен кісідей қайғыға, қаралы күйге түсті. Бұрын ер­ке­леп жы­лай­тын, енді шын жы­лап, бо­та­дай боз­дап қалды. Тілектес түс көргендей бол­ды. Ана­сы қайтып келетіндей. Бірақ… Үміт үзіле бас­та­ды. Ана бейнесі алыс­тап ба­ра­ды. Уа­тып ай­та­тын ертегісі де, ал­ды­на алып, күпісіне орап ай­та­тын әні өзімен бірге кет­кен­дей.
Араға уақыт са­лып не­ме­ре ағасы «Жаңаталапқа» апа­рып, оқытпақшы бо­ла­ды. Мінезі шатақтау ту­ы­сы жетімдігін бетіне ба­сып, қорлық көрсетіп, шы­дат­пай­ды. Тілектес «отыр­са опақ, тұрса сопақ». Үйдің оты­мен кіріп, күлімен шықса да күн бермейді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ.

Қорадағы қорлық

Тұл жетім тұйыққа тіреледі. Шақшадай ба­сы ша­ра­дай бо­лып, не істерін білмейді. Мейірімнен мақұрым қалады. Тілектес бұл күндерін ауыр күрсінген күйде ес­ке алып, бізге ба­ян­дап берді.
– Ағам таңертең сағат 4.00-ден бас­тап про­тез аяғымен теуіп оя­тып, жұмысқа са­ла­ды. Оның өзіммен ша­ма­лас ба­ла­ла­ры тәтті ұйқының құшағында жатқанда мен малдың соңында жүретінмін. Бірде сол үйдің қара текесі ой­да жоқта жоғалып кетті. «Текені та­у­ып келмейінше, қараңды көрсетпе, мы­на үйдің табалдырығынан ат­та­ма», – деп, ит терісін ба­сы­ма қаптап, үйден қуып шықты. Бұл қыстың қақаған кезі еді. Бурабайдың қалың қарағайлы ор­ма­нын­да түнеймін. Ағаштың ба­сын­да бүрсеңдеп ұйықтаймын, күндіз текені іздеймін. Орманға ойнауға кел­ген ауыл ба­ла­ла­ры мені аяп, үйлерінен сүт, нан әкелетін. Екі жұмадан соң, әупірімдеп жүріп текені та­у­ып ал­дым. Балалығым әлі басылмаған ғой, текенің үстіне мініп, үйге тар­т­тым. Өмірде бір рет қуанғаным осы шығар. Тілі салақтаған текені көрген ағам амандығымды да сұрамастан, «мал­ды шаршаттың, не­ге оны ая­май мініп алғансың?» – деп ашу­мен үйден тағы да қуып жіберді. Ба­рар жерім, ба­сар та­у­ым қалмаған соң, ауылдағы бір адамның шөп сақтайтын қорасын па­на­ла­дым. Итқорлықпен өткізген өмірімнің қайсыбірін мы­сал етейін (терең күрсініп ал­ды – А.Қ). Әкемнен қалған дүние-мүлікті иемденіп алған ағам ешкінің қатқан терісін босағаға төсеп, мені соған жатқызатын. Өзі ба­ла-шағасымен тамағын ішіп болған соң, қалдықтарын маған қарай лақтырады. Тамақ қалмаса, ол да жоқ. Мені ит секілді көретін. Соған қатты ызам келетін. Ақыры шы­да­май әпкемнің (Дәметер – А.Қ) қолына қашып кеттім, – дейді балалық шағын қорлықпен өткізген Тілектес.
Сөйтіп, са­ры­а­у­ыз ба­ла-қыран «Ай­са­ры» ауы­лын­да тұрақтап, 40 жыл қой бағып, адал еңбек етеді. Сол жер­де үйленіп, үйлі-ба­ран­ды бо­ла­ды. Жан жа­ры – Гауһартас Құдайдың қалауымен тоғыз құрсақ көтереді. Тілектеске тағдырдың тезіне тағы төзуге ту­ра келеді. Шақалақтары бірінен соң бірі шетіней бас­тай­ды. Ал­ла­дан кел­ген сынаққа сабырлықпен шы­дас бер­ген ол үш бірдей сәбиді жер қойнына тап­сы­ра­ды. Қалған төрт қыз бен бір ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай  өсірді.

Жүрегі «жоқ» жақын

Тілектес өмірінде тағы бір оқиғаға тап бо­ла­ды. Бұл 1990 жыл еді. Ел эко­но­ми­ка­сы тоқырап, қаржылық дағдарыс шарпыған кез. Қарын тойғызу қайғыға айналған шақ. «Ай­са­ры» ауы­лы­на көшіп келгеніне көп бо­ла қоймаған бір от­ба­сын­да қайғылы оқиға орын ала­ды. Отағасы араққа сылқиып той­ып алып, есінен ада­сып, өз жұбайын ұрып-соғады. Көк-ала қойдай қып са­бап тас­тай­ды. Оны­сы­мен қоймай, шай­тан азғырып, ба­ла-шағасының көзінше пышақтап, пар­ша-пар­ша­сын шығарады. Бір қауымның қабырғасын қайыстырған оқиға құқық қорғау органдарының құлағына жетеді. Қапасқа қамайын деп жатқан жерінен ауыл ақсақалдары бас көтеріп, ба­су ай­тып, ел бо­лып, әлгі адам­ды түрмеден алып қалады. Барлық күнәнің бас­та­уы, жамандықтың жол­да­сы – арақ оны ақыры ажалға жетелейді. Араға бір жыл уақыт са­лып, өзімен «бөтелкелес» адамның қолынан қаза та­ба­ды. Сөйтіп, бес қыздың көзі жаутаңдап, жетім қалады. Жетім балалардың әкесі мен анасының жақындары жи­ы­лып, марқұмдардың мал-мүлкін бөліске са­ла­ды. Ағайындары ақылдаса ке­ле аудан орталығынан мәшине ал­ды­рып, өрімдей қыздарды «Ба­ла­лар үйіне» апа­ру­ды ұйғарыпты.

Тілектестің тәуекелі

– Бұғанам бекімей тұрып, жетімдіктің аза­бын тар­тып, та­у­дай уай­ым­ды мой­ным­мен көтерген менің бұған жол бергім келмеді, – дейді Тілектес сөзін жалғап. – Жа­рым Гауһартаспен ақылдасып, әлгі жетім қыздарды асы­рап алуға шешім қабылдадық. Жетімнің мәселесін мой­ны­на алуға имен­ген мек­теп ди­рек­то­ры қыздарға қамқорлық көрсетуге қауқары жетпейтінін жеткізді. Бұл мәселені аудан әкіміне де ха­бар­лап­ты. Ауданның атқамінері маған өзгенің ба­ла­сын асыраудың қиындығын, екі-үш ба­ла­сын асы­рай ал­май жүрген жұрттың жағдайын айт­ты. «Бұл ойыңнан бас тарт», – деді. Жетімді жетілдіруге ни­ет қылып, белімді бе­кем буған мен бұл ұсынысты қабылдамай тас­та­дым. Көне қоймасымды сез­ген әкім бір ба­ла­ны аудандық білім бөлімінің бас­шы­сы­на, бірін ауылдың мек­теп ди­рек­то­ры­на, тағы бірін ауыл әкіміне беріп, бір ба­ла­ны маған тапсырғысы келді. Сөйтіп, бес ба­ла­ны бөліп алу ту­ра­лы ұсыныс жа­са­ды. Қаным ба­сы­ма шап­ты. Ашу­дан булығып, кесімді пікірімді ай­тып, шорт кестім: «Бөліп бе­ре са­ла­тын бұлар мал емес қой. Жетімдерді біреуге жалтақтатып, жан-жаққа сенделтіп, олардың оба­лы­на қаламыз деп қорықпайсыз. Құдайдан қорқыңыз. Жетімнің көз жа­сы­на қалмайық. Қиналайын, қысылайын, олар­ды өз қамқорлығыма ала­мын. Құдай жер­ге қаратып қоймас. Тығырықтан шығар бір жол та­бы­лар. Ал­ла нәпақасыз қалдырмас».

Қайтарымсыз қайырымдылық

Бес ба­ла­сы­на бес жетім қыз қосылған Тілектес: «Ой­пы­рым-ау, енді не бо­лар екен?» – де­мей, он балаға бірдей мейірімін төгеді. Бөліп-жар­май тәрбиелейді. Күңкіл сөзге көңіл бөлмей, әрекетке кіріседі. Әкімнің сөзіне еріп, «көрпеңе қарап көсілмейсің бе?» – дейтіндер көбейген. «Ертең нан та­ба ал­май, он балаңмен қаңғырып кет­пе», – деп мұқатқандар да табылған. Өмірінің біраз бөлігін қой бағумен өткізген Тілектес «Дүниеге бір қозы кел­се, бір түп жу­сан артық шығады» де­ген да­на сөзді басшылыққа алып, тәуекелге бел бу­а­ды. Өйткені, Ал­ла адамның бүкіл ішіп-жемін, бір сөзбен айтқанда, ризығын ана жа­ты­рын­да жатқан кез­де белгілеп қояды.
Тілектестің ай­ту­ын­ша, «Ай­са­ры» ауы­лы аудан орталығынан 40 шақырым жер­де орналасқан. Қыс ай­ын­да жол жүру мүмкін емес. Қалың қар басқан жол төрт-бес айға жа­бы­ла­ды. Аудан орталығына ба­ру арманға ай­на­ла­ды. Азықтарын күзде та­сып, қыс бойы со­ны жеп жа­та­ды. Ел­де ұн тап­шы. Жұрт ке­бек илеп жейді. Күз ай­ын­да Тілектестің тілегі қабыл бол­ды. Ал­ла азықсыз қалдырмапты. Күллі ел ке­ре­мет оқиғаның куәсі бол­ды. Сол күздің аяғы мен қыстың ба­сын­да көрші аудан­да егін егу­мен ай­на­лы­сып жүрген Қанат есімді жігіт ауылға аяқастынан диірмен сал­ды. Бұл жайт жұртты таңдандырды. Себебі, әлгі жігіттің жо­лай қанша ауыл­дан өтіп, ел-жұрт аяқ бас­пай­тын «Айсарыға» диірмен салғаны таңғаларлық жайт. Сөйтіп, ауылға қайтадан жан біте бас­та­ды. Ауылдың ажа­ры кірді. «Айсарыға» би­дай ти­е­ген жүк көліктері ағылды. Қар еріп, жер қарайғанша ашыл­май­тын жол та­зар­ты­лып, көрші аудан­дар­мен қатынас қанат жа­я­ды. Екі қолға бір күрек тап­пай жүрген жас­тар жұмыспен қамтылады. Жұрттың жағдайы жақсарып, елдің еңсесі көтерілді. Ауыл­да на­убай­ха­на ашы­ла­ды.
Тілектестің ерлігін естіген Қанат ой­лан­бас­тан жетімдер тұрған үйге бет ала­ды. Қап-қап ұн әкеліп, бұдан бы­лай қамқорлық жасауға қашанда дай­ын екенін ай­та­ды. Ай сай­ын ұн жіберіп, қолдан кел­ген көмегін ая­май­ды. На­убай­ха­на­сы­нан ыстық нан жіберіп тұрады. Әу бас­та сыр­ты­нан күліп, сы­нап-мінеп, «көрпеңе қарап көсіл» деп «кеңес» бер­ген кейбір қуыс ке­уде­лер енді Тілектестен ұн сұрап, алақандарын жай­ып­ты.

Сәттілік алдындағы сәтсіздік

– Менің өмірден түсінгенім, – дейді кейіпкеріміз сөзін қорытып, – адам өзгеге қамқорлық көрсетпесе, өзіне қамқорлық көрсетілмейді. Біреуге мейірім жасамасаңыз, өзге адам сізге мейірімін төкпейді. Кез кел­ген сәтсіздік, сәттіліктің алдындағы үлкен сынақ. Өзіңді сүйгендей, өзгені де сүю ке­рек. Өзгені сынағандай, өзіңді де сы­нап, сөгіп тұрған дұрыс. Кешірімділік – аса ұлы күш, кекшілдік – әлсіздік екен. Менің осыған көзім жетті.
Көп ұзамай Тілектес бұл ауыл­дан көшіп кетеді. Бір қызығы, сол күзде диірмен де жұмысын тоқтатады. Ал жетім қыздар жетіледі. Қазір олар ба­ла-шағалы. Қыздардан тараған жиендері Тілектеске өз немерелеріндей ыстық. Екі жақтың ба­ла­ла­ры бүгінде ара­ла­сып-құраласып тұрады.


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

1 Пікір на "Үзілмеген үміт"

avatar
Нариман
Қонақ

Алланың құдіреті шексіз ғой! Осындай жандарды жаратқан Аллаға қалай мадақ айтпассың! Не деген адам! Бәріміз үлгі алар тұлға! Былайша қарасақ, бәріміздің қолымыздан келетін іс, бірақ… Сансыз «бірақтар»… Әйтеуір, сылтау табамыз… Ішімізден осындай амалдарды жасауға мүмкіндік іздемейміз, керісінше ондай амалдарды жасамайтыныңды «ақтайтындай» сылтау іздейміз…

wpDiscuz