Жалғыз көзден шыққан жас

Жарнама

Шол­пан шоқтай қызарған кез. Жарық дүниенің жа­на­ры оянған шақ. Іңә-іңә-іңә… Құдай Қадырға шекесі торсықтай сәби сый­ла­ды. Әке бо­лу қуанышына бөленген ол дәрет алып, жүзін құбылаға бұрып, азан шақырды. Аллаға шексіз шүкір айт­ты. Нәрестеге Нұрбол де­ген есім берді. Үйге шақалақпен бірге шаттық ен­ген еді.

 Күпті үміт

«Ба­ла­сы атқа қонса, үйінде тақымын қысып оты­ра­тын» ана­дан асқан мейірім иесі бар ма? «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген Бибісара Нұрболды күнде мек­теп­ке қолынан же­тек­теп апар­ды. Өзі сон­да ас­паз­шы. Оқушылардың ішіп-жемін әзірлейді. Баласының та­лан­ты­на тәнті боп, тәтті тағамын күнде береді. Ес біліп, ер­жет­кен Нұрбол бір күні ана­сы­мен мек­теп­ке бар­мау­ды ұйғарды. Се­беп – Бибісараның бір көзі жоқ. «На­мы­сын»  ардақты ана­дан биік қояды. До­ста­ры­нан ұялады. Құрбыларым сезбесін деп, асханаға кірмеуді де әдетке ай­нал­ды­ра­ды. Жа­ра­ту­шы­дан жал­ба­ры­нып сұраған жалғыз ба­ла­сы ойлаған ісіне бой­ла­май­ды. Бай­ы­бы­на бар­май­ды. Бәрібір тентектігін тас­та­май­ды. Бой­ын соқыр на­мыс кер­не­ген қуыс ке­уде ана­сын осы­лай­ша әбден әбігерге са­ла­ды. Көшеде де бірге жүрмейді. Ақша та­у­ып, баласының ас­ты-үстіне түскен ана байғұстың бұған жүрегі езіле түсті. Ұлының қашқалақтап жүргенін көрген сай­ын жалғыз жа­нар­дан жас пар­лай­ды… Амал не? Айт­са, зекіп тас­тай­ды. Кемшілігін бетіне ба­са­ды. Себебін білмей, ауыр сөз ай­та­ды.

Осы­лай­ша әрбір тәулік жаңа парағын ашып, өмір өте береді. Асханаға ағылған балалардың ішінен «ұлымды көріп қалар ма екенмін» де­ген үмітпен жалғыз көзімен есікке телміре қарайды. Үміті күпті. Тағы жоқ…

Бір күні баласының та­ла­бын білмек ни­ет­пен сабағына қатысты.

– Рұқсат па, қарағым? Кіруге бо­ла ма?

– Әрине, бо­ла­ды. Кіріңіз.

– Баламның сабағын білейін деп келіп едім. Мы­на отырған баланың ана­сы­мын.

– Отырыңыз.

Осы кез­де әр жер­ден «мы­нау кімнің ана­сы, көзі жоқ екен» де­ген сұмдық, суық сөздер еміс-еміс естілді. Нұрболдың қабағы түсіп кетті. Екі беті ду ете қалды. Қос көзі анасының жаутаңдаған жалғыз жа­на­ры­на тіке қадалды.  Атып жіберердей. Ұстазынан ұялған бо­лар. Ләм-мим демеді. Алай­да бой­ын ащы ыза кернеді. Өз терісіне өзі сый­май, қайта-қайта бұрқан-талқан бол­ды. Көп аялдаған жоқ. Есікті қайта кірместей тарс жа­у­ып кетті.

 Өкініш пен өксік

 Нұрбол ақшам на­ма­зы­нан асқан уақытта үйіне келіп, на­за­лы үнмен на­зын айт­ты. Бәйек болған Бибісара күні бойы аш жүрген баласының тамағының қамына кірісті. Ар­ты­нан қалмай қойған Нұрбол ащы да­у­ыс­пен ренішін білдірді.

– Ма­ма, сабаққа не­ге келесің? Мені масқаралағанша асханаңда жұмысыңды істеп жүре берсең қайтеді? Саған осы не жетпейді? Түсінбей-ақ қойдым сені. Мені енді іздеп кел­ме. «Ана­сы соқыр екен», – де­ген сөзді енді естігім келмейді… сенің қасыңда жүруге ұяламын. Маған жо­ла­ма­шы… Айт­шы, не­ге соқырсың? Қайда бір көзің? Сы­рын білсем бо­ла ма?

Байғұс Бибісара жалғыз жа­на­ры­мен тағы жы­ла­ды. Еңіреді, егілді. Көзінен жас төгілді. Көкірегін ащы өксік кернеді. Шарасыздық па, әлде қорқыныш па? Оны өзі де білмейді. Белгілісі, жүрегінің түбінде бір құпия бар. Тағы жа­сы­рып қалды. Ана жүрегі тен­тек ұлын бұл жо­лы да кешірді:

– Кешір, ба­лам. Сен не десең со бо­ла­ды. Енді сені ренжітпеймін. Анаңның қателігін кешір, құлыным… Қоңыр қозым, сен ренжімеші. Сені жақсы көрем ғой. Келші, тамағыңды іше ғой, ай­на­лай­ын.

Ана осы­лай­ша уәде берді. Сөзін амалға асыр­ды. Ба­ла­сы­на артық уай­ым-қайғы туғызбауды көздеген еді. Ұлын енді қайта іздеп бар­мау­ды ұйғарды. Сыр­ты­нан дұға етіп, аналық ақ тілегін Аллаға жол­да­ды.

Сағат сырғып, уақыт жыл­жып, Нұрбол оқуын аяқтады. Мектепті үздік бітірді. Ендігі асыл ар­ма­ны – «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу. Сөйтіп, бір көзі жоқ ана­сы­нан біржола құтылуды көздеді. Ал­ла пен­де­ге мейірімді ғой. Тілегін қабыл алып­ты. Оқуға түсті. Мұхит асып, Англияға тар­тып кетті. Ауыл­да қалған жалғыз ана­сы­на бұрынғыдан да бе­тер суық қарайды. Айтқандай-ақ, ақ сүт беріп асыраған ана­сын мүлдем ұмытты. Білікті ма­ман бол­ды. Жұмыс тап­ты. Үйленді. Ба­ла сүйді. Бірақ ана­сын есіне де ал­ма­ды. Немересінің бетін әжесіне бір сүйдірту ой­ы­на да келмеді. Тасжүрек одан сай­ын қатып қалған екен. Анаға де­ген мейірім жоқ. Жы­лу жоқ.

 Күңіренген көк ас­пан

 Ан­глия. Күз. Жаңбыр сіркіреп тұр. Жігіт үйі мәз-мей­рам. Бүгін оның туған күні. От­ба­сы­мен той­лап жа­тыр. Бір кез­де есікті біреу қаққандай бол­ды. Туған күнді тойлаған топ аңтарылып қалды. Бұрын-соңды есікті ешкім қақпаған. Бұл кім бол­ды екен? Бәрінің көкейінде осы са­у­ал. Әйелі есікті ашып қараса… ег­де жастағы әйел тұр. Бір көзі жоқ. Шо­шып кетті.

– Ой­бай, Нұрбол келші. Бір қаңғыбас, адасқан әйел келіп тұр. Нан сұрап кел­ген­ге ұқсайды. На­нын беріп жіберші. Қайтып бұл үйге келмесін.

Жігіт ба­ла-шағасымен есікке қарай аяңдады. Ба­ла­ла­ры да соқыр әйелді көріп, жы­лап жіберді. Шо­шып кет­кен екен. Әйелі де, ба­ла­сы да қорықты. Сол баяғы байғұс соқыр ана Англияға ба­ла­сын іздеп келіпті. Нұрбол оған тағы да қабағын түйді. Жақтырмады. Жалғыз көзді анаға жақындап, сыртқа алып кетті. Же­ке сөйлесті.

– Ма­ма, түу со­нау жер түбіндегі Ан­гли­яда не істеп жүрсің? Не­ге келдің? Не ке­рек саған өзі? Әйелім мен ба­лам­ды шошыттың ғой. Ар­тым­нан іздеп кел­ме деп ем ғой? Сен маған «енді іздеп келмеймін» деп уәде бергенсің. Не­ге сөзіңде тұрмайсың? Үйге кірмейсің. Ба­ла­ла­рым­ды тағы шошытасың. Қазір-ақ кет. Қайда қонатыныңды өзің шеш.

– Құлыным, ба­ла­па­ным, со­нау жер­ден өзің деп келдім. Мен бұған өкінбеймін. Ха­бар­лас­пай кеттің ғой. Еш бол­ма­са, те­ле­фон шалсаң нетті?! Өздеріңді уай­ым­дау­мен ша­шым да ағарды. Күндіз күлкімнен, түнде ұйқымнан ай­ы­рыл­дым. Сені үйленіпті деп естідім. Балаң да бар екен. Үйге кіргізші. Немеремнің бетінен бір сүйіп кетейінші еш бол­ма­са.

– Айт­тым ғой «жоқ» деп. Кірмейсің. Бір көзің жоқ. Ба­ла­ла­рым­ды қорқытасың.

Әңгіме осы жер­ден үзілді. Екеуі де үнсіз. Көк ас­пан күңіреніп, ақ жа­у­ын ана­мен бірге жы­лап тұрғандай. Кейуанаға кеудесін кер­ген ба­ла­дан енді қайыр жоқ. Ана жүрегі мұны әбден сезді. Үсті-ба­сы мал­ман­дай су. Амал жоқ, кел­ген жо­лы­мен кері кетті.

 Хат пен хақ

 Уақыт зы­мы­рап өтіп жат­ты. Нұрболдың мек­теп бітіргеніне 20 жыл. До­ста­ры оны ауылға шақырды. 20 жылдықты бірге той­лау үшін. Жігіт жол ұзақ деп қиналды. Әрі ой­лан­ды, бері ой­лан­ды, ақыры ұшаққа би­лет ал­ды. Сөйтіп, от­ба­сы­мен ауылға ат­тан­ды. Ауылға кеп, до­ста­рын көрді. Сағынышын ба­с­ты. 20 жылдықты дүркіретіп өткізді. Нұрболдың құрбылары ара­сын­да беделі жоғары. Себебі, мектепті жақсы оқыды. Ше­тел­де білім алу оның абы­рой­ын асыр­ма­са, тит­тей де төмендеткен жоқ. Түлектердің басқосуы ес­те қалардай деңгейде өтті. Алай­да Нұрболға бір нәрсе жетіспейтіндей көрінді де тұрды. Ол – ауылдағы өз үйін көріп, мауқын ба­су еді. Балалықты ес­ке ал­сам де­ген ой­мен жа­я­у­ла­тып, үйіне қарай беттеді. Ақырын аяңдап, өзі тұрған ескі үйге де жетті. Үйде бөтен ег­де әйел бар екен.

– Нұрболжан, бұл сен бе? Өзгермепсің ғой. Бірден та­ны­дым. Кіре ғой.

– Бұл жер­де кім тұрып жа­тыр өзі?

– А-а-а, ба­лам, анаңның қайтыс болғанына біраз уақыт өтті. Мұнда біз тұрып жа­тыр­мыз. Бибісараның саған бер деп, ама­нат етіп кет­кен бір ха­ты бар еді. Мен аш­па­дым. Өзің оқырсың, жарығым. Қазір. Күте тұр. Алып шығайын.

Әлгі әйел төрт бұрыштап бүктелген ақ қағазды Нұрболдың қолына ұстатты. Жігіт ештеңе түсінбеді. Аң-таң. Оңаша оқиын деп өзімен бірге алып кетті. Ашып қараса анасының ха­ты:

«Ба­лам, бо­там, ай­ым, күнім, асы­лым! Қарт кеудемді бір күні ажал ала­ры­на көзім жетті. Алланың маған осын­дай өмір бергеніне шүкір етемін. Ешқашан өміріме өкінген емеспін. Мың тәуба. Саған айт­пай кел­ген ке­удем­де бір жа­сы­рын сыр бар еді. Өзегімді өртеп ба­ра­ды. Ақыры өзіңе айтуға бел бу­дым. Ен­де­ше, тыңда, жа­ным, ба­лам. Сен ол кез­де нәресте едің. Әкең марқұм сені қатты жақсы көруші еді. Екеуміз күн де­мей, түн де­мей өзіңе қарайтынбыз. Сені әрқашан еркелетуші еді ол. Қайда бар­са да өзімен бірге алып жүретін. Бір күні сені қалаға қыдырып қайтайық деп жолға шықтық. Ажал адамның жа­нын бірде ер­те ал­са, бірде кеш ала­ды екен. Жол апа­ты әкеңнің жа­нын жал­ма­ды. Тағдыр  екен. Мен жесір қалдым. Сені сол кез­де өмірімнің соңына дейін ая­лап өтем деп өзіме сөз бергенмін. Жол апа­ты­нан мен де жеңіл-желпі жарақат ал­дым. Алай­да сенің оң жақ көзіңе қатты зақым келіпті. Дәрігерлер көзіңді көрді. Қандай шешім ай­тар екен деп қатты үрейлендім. «Балаңыз ба­сы­нан қатты жарақат алып­ты. Оң жақ көзі көрмейді. Ба­лам бақытты өмір сүрсін десеңіз, тезірек сау көз табыңыз. Ор­ны­на со­ны са­лып береміз», – деді сол кез­де дәрігерлер. Менің есім шығып, ет жүрегім дүрсілдеп кетті. Өзімді қоярға жер тап­пай кеттім. «Ба­лам бақытты өмір сүрсін, көзі соқыр боп қалмасын, менің сау көзімді алып, са­лып беріңіздерші», – деп дәрігерлерге жа­лын­дым. Міне, ба­лам, со­дан бері соқырмын. Со­дан бері таңым – қайғы, кешім – мұң. Өзіңді осы көзбен көп ұялтсам кешір мені, бо­там. Кешіргін».

Хат­ты оқып, жігіттің жүрегі ат­тай ту­ла­ды. Көкірегін ащы өксік, өкініш биледі. Іші удай ашы­ды. Қолындағы ақ парақ жасқа шы­ла­нып­ты. Жалғыз көзімен жы­лап тұрған бұл Нұрбол еді…

Өмірде мұндай оқиғалар көп. Себебін білмей қате қадам басқандар ара­мыз­да жоқ дей ал­май­мыз. Ата-анамыздың көңілін тірі кезінде таппасақ, қайтқан соң қайғырудан не пай­да?!



Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz