Бесікке жетер не бар?

Жарнама

Мына бір «памперс» деген пәле болды, — дейді ол ызаланып, баланың бұтын қарығаннан басқа түк пайдасы жоқ. Ана үйдегі келінге бесіктің пайдасын айта-айта шаршадым. Памперске әбден сеніп алған, менің айтқанымды құлағына ілмей жүр.

Қалампыр әже бұдан соң өздерінің жас кезінде бесікті қалай пайдаланғаны жөнінде жырқып айта бастады. Оның айтуынша, бесік деген – сәби үшін де, оның шешесі үшін де өте тиімді. Бесіктегі бала, біріншіден, таза өседі, екіншіден, асты құрғақ баланың ұйқысы да тыныш болып, анасының мазасын көп алмайды. Ал памперс киіп, емін-еркін жатқан бала ербеңдеген қол-аяғынан шошып, жиі оянады. Ұйқысы тыныш болмаған соң, ол бала мазасыз болады. Дұрыс демалмаған мұндай балалардың зердесі толық жетілмейтіндігі медицинада әлдеқашан дәлелденген. Үшіншіден, бесікте күн ұзақ құндақтаулы жатқан балаға салқын да тимейді, яғни көп ауырмайды. Төртіншіден, көп уақытын бесікте өткізетін бала сырт көзден тыс болады. Ал бұл не болса, сол үйір келетін сәбидің тіл-көзден аулақ болуына септігін тигізеді. Бесіншіден, дүниеге келген сәттен бастап, құндақта жатқан баланың денесі тіп-тік, аяғы түп-түзу болып өсетіні барша жұртқа белгілі. «Нәресте ұйқымен өседі» дейді атам қазақ. Олай болса, сәбидің тыныш ұйықтауына бесіктен артық жайлы орын жоқ. Алтыншыдан, бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі, бұл жағдай баланың жүйкесін қалыпты жағдайға түсіріп, мінезінің сабырлы болуына негіз болады. Сондай-ақ бесіктегі бала ана әлдиін тыңдап өседі. ал мұндай бала қайырымды болып қалыптасады. Бесік жырын тыңдап өскен баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Бесіктің пайдасы жөнінде біршама әңгіме айтқан көрші апам мені де ойға қалдырды. Расында да, қолда барда жақсының қадірін біле бермейтініміз рас. Әйтпесе, баланың қалыпты өсуі үшін бесіктен артық не бар? Жастардың соңғы кезде памперске үйреніп алғаны рас. Олар алдымен памперсті баланың құрғақ жүруіне септігін тигізеді деп ойлайды. Содан соң оған кірді жиі жуудан құтқаратын бірден бір дүние деп қарап, жиі пайдалануға ұмтылады. Памперстің осындай тиімді жақтары бар екені рас, бірақ оны балаға үнемі кигізіп қоюға болмайды. Себебі көпшіліктің айтуы бойынша, памперсті үнемі киіп жүретін бала соған сеніп алып, дәретін астына жібере салуға үйреніп кетеді. Ал бұл әдеттің бала тазалығына нұқсан келтіретіні өз алдына, сәбиді ауру қылатыны тағы бар. Дәрігерлердің айтуынша, памперс жас баланы «ночной энурез» деген науқасқа шалдықтырады екен. Яғни баланың памперске үйреніп кететіні сондай, кейін өсе келе ол дәретін өздігінен игере алмай қалатын көрінеді. Осыдан келіп, баланың жүйке жүйесі нашарлап, неврологиялық ауруға шалдығады. Қазіргі таңда памперсті үнемі киген балалардың дені осындай сырқатпен ауырады екен. Түнде төсекке, күндіз іш киіміне еріксіз жіберіп қоятын баланың өзінен-өзі қорқақтап, жасқаншақ боп өсетіні рас. Ал мұндай жағдайдың баланың мінез-құлқының қалыптасуына теріс әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Оның үстіне памперс балалардың жыныс мүшелерінің жетілуіне кері әсерін тигізеді деген де әңгіме бар. Осылай деп жүргендер шетелдіктердің демографиялық дағдарысқа ұшырауының бір себебі осында жатыр дегенді айтады. Ойланған адамға бұл әңгіменің жаны бар секілді. Сондықтан жастар жоғарыда айтылғандарды қаперіңе алып, уақытша жан тыныштығынан гөрі балаларының болашағын ойлағаны дұрыс.

Нина Раджапқызы Самаликова, педиатр-дәрігер.

— Памперсті қазіргі жастардың көп пайдаланатыны рас. Оның сәбилердің тазалығы үшін қажет екенін де мойындаймын. Бірақ памперс қазақтың бесігін бәрібір ауыстыра алмайды. Бесікті ойлап тапқан ата-бабаларымыздың даналығына таңғаламын. Олар осы бір қарапайым жабдық арқылы баланың жатын орнымен қоса, оның тазалығы мен демалысын да ойластырып қойған.

Оқуы жоқ болғанымен, тоқығаны көп бабаларымыз баяғыда бесікте жатқан баланың жамбас тұсына «жылы болсын» деп қой терісінің кішкентай бір бөлігін төсеген. Себебі біздің ата-бабаларымыз бұндай жаңалықты ешқандай білім-ғылымы дамымай тұрғанда, баяғыда-ақ ойлап тапқан. Және бесіктегі баланың жамбасының астына қой терісін төсеу арқылы бұл жаңалығын сол кездің өзінде-ақ жүзеге де асырған. Сондай-ақ ата-бабамыз шала туған балаларды бөрікке тегіннен тегін салмаған екен. Олардың тымағы сол кезеңдерде қазіргі заманның медициналық кювезінің ролін атқарыпты. Қазақтардың кәдімгі тымағы мен медициналық кювездің температурасы жатыр ішідегі температурамен бірдей болатындығы бүгінгі таңда медицинада дәлелденіп отыр. Осының өзі-ақ қазақтардың данышпандығын дәлелдемей ме? Бесікте жатқан бала таза болып қана қоймай, жұқпалы аурудан да сақ болады. Мысалы, ертедегі балалар осы себептен де коньюктивит, тұмау, ішек-құрт ауруларымен қазіргі балалар секілді көп ауырмаған. Бірақ тиімді екен деп баланы бесікке үнемі таңып тастауға болмайды. Ұйқысы қанған баланы бір уақыт қолға алып, бойын жазып, сергуіне мүмкіндік беруі керек. Ал енді памперстің пайдасына келсек, ол жас баламен көшеге шыққанда тиімді, кіш етіп қойса да, астын ауыстырамын деп әлекке түспейсіз. Сондай-ақ оны сәбиге түн мезгілінде кигізіп қойған да пайдалы. Памперспен жатқан баланың асты құрғақ болады, ал бұл жағдай нәрестенің таң атқанша оянбай, тыныш ұйықтауына себепші болады. Бірақ памперсті сәбиге 2-2,5 сағаттан артық кигізуге болмайды. Оны уақытында ауыстырмаса, баланың шабына, ұмасына теріс әсер етеді. Ұмасы қызарып, іскен бала мазасызданады. Сондай-ақ медицина толық дәлелденбесе де, түнгі энурез ауруына тап қылып, белсіздік ауруына себепші болуы да мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, памперс қаржыны қоймайды. Егер бір бала күніне шамамен 6-7 дана памперс пайдаланатын болса, онда оның ата-анасы бір айда 10 000 – 11 000 теңгені тек қана памперс сатып алуға жұмсайды екен. Қымбатшылық заманда қалтаны қағатын памперске үйір болғанша, жастардың ата-бабамыздың көзі бесікті пайдаланғаны дұрыс.

Набат Сапиева, көп немеріліәже.

Жақында тағы бір немерем дүниеге келді. Үйге келген бойдан біз оны бесікке салып, үйреттік. Кішкентай немерем бесікке әбден үйреніп алды. Бесіктің тиімділігі шүмек, түбек секілді қосымша құралдар арқылы арта түсетінін былайғы жұрт білгенімен, олардың қалай жасалатынын кез келген кісі біле бермейді. Сондықтан кейінгі жастарға пайдасы болар деген ниетпен мен сіздерге ата-бабаларымыздың шүмекті қалай даярлағаны жөнінде айтып берейін. Баланың дәретін сыртқа шығару үшін бесікте жатқан балаға шүмек салады. Яғни бесікте жатып кіш еткен баланың дәреті шүмек арқылы түбекке түседі. Оны бұрынғылар қойдың асық жілігінен жасаған. Ол үшін жіліктің басын егеумен егеп, 14-15 см шамасында кесіп алады. Содан соң оның ішін әбден тазалап, суға қайнатады, сосын оны майға салып, сарғайғанша тағы қайнатады. Қайнаған сүйек жылтырап, жұмсарған реңге келеді. Сосын оның жайпақтау жағын қаратып, жоғарғы жағынан баланың жынысына қарай арнайы ойық жасайды. Сөйтіп, оны баланы бесікке бөлеген кезде пайдаланады. Қазіргі уақытта базарда пластмассадан жасалған арзанқол шүмектер сатылады. Бірақ олардың ешқандай сапасы жоқ. Олардың көбісі балаға сәйкес келмейтіндіктен, көпшілік жұрт ондай жасанды шүмектерді алмайды. Жұрттың айтуынша, базардағы пластмасса шүмектер дұрыс ойылмағандықтан, баланың дәреті сыртына жайылатын көрінеді. Сондықтан бүгінде жұрт балаларына лайықтап, шүмекті өздері қолдан жасап алып жүр. Шынына келгенде, шүмекті даярлау аса күрделі емес. Сондықтан сәбилеріңіздің ұйқысы тыныш болсын деп тілесеңіздер, ең алдымен, асық жіліктен шүмек жасап үйреніңіздер. Ал баланың дәреті кететін түбекке кез келген шөлмек жарамды. Тек оны жиі ауыстырып қою керек екенін естен шығармаңыздар.

Автор: Аманбике БӘЙІМБЕТҚЫЗЫ
Фото: http://www.geocaching.su 


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz