Етістіктің шақтарын оқыту жолдары

Жарнама

Есенова Ақгүлім Асыланбекқызы.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті,
филология факультеті. Жетекшісі: Ф.ғ.д,
профессорТектіғұл Ж.О.

etistikЕтістік – тіліміздегі сөз таптарының ішіндегі күрделі грамматикалық категория. Етістік күрделілігі оның лексика — семантикалық сипатымен, бай лексика-грамматикалық тұлғаларымен,синтаксистік қызметімен тығыз байланысты.

Етістік сөйлемде көп жағдайда предикат болады. Сонымен бірге етістіктің сөздерді меңгеру қабілеті де өте жоғары. Сондықтан орыс тілді оқушыға етістік оқытудың тиімді жолдарын анықтау грамматикалық сөйлеуге дағдыландыруда маңызы зор.

Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерге арналған қазақ тілі бағдарламасында  етістік сөз табына қатысты төмендегідей грамматикалық тақырыптар берілген: етістік туралы жалпы түсінік, оның болымды, болымсыз түрлері, негізгі, көмекші етістік, дара, күрделі етістік, етістік шақтары, бұйрық, шартты, қалау рай, тұйық етістік.

Бұл баяндамада етістіктің грамматикалық категориясының бірі-шақ категориясының оқытылуына тоқталмақпыз.

Тіл-тілдерде шақтың үш түрі бар: өткен шақ, осы шақ, келер шақ. Шақ категориясының оқушы ұғымы үшін қиын болуы, біріншіден, жалпы уақыт категориясының неғұрлым дерексіз  ұғымды білдіретіндігінде екіншіден, көрсеткіштердің жіктік жалғауына ұқсастығында, үшіншіден, кейбір шақ көрсеткіштердің контекске байланысты зерттеу объектілеріміздің бірі болып отырған оқулықта етістіктің шақтық мәндері және оның тілде берілу жолдарының үлгісінің берілмеуі- оқу құралының басты кемшілігі.

Бұл тұрғыда сөйлеу тілде жиі қолданылатын өткен шақтың — ды/ді, -ты/ті жұрнақтарын, осы шақтың қалып етістіктері арқылы жасалу жолын, келер шақтың -а, -е, -й жұрнақтарын үйрету және осылардың болымсыздық мәндерінің берілу тәсілін, жіктелу үлгісін оқыту — маңызды мәселе.

Алғашқы сабақта оқушылар төменгі сыныптарда өткен етістік шақтары бойынша мұғалім дайындаған  сұрақтарына жауап беріп, қайталайды. Сабақ барысында етістіктерді қайталау да, ең алдымен, шақтарға шолу жасаудан бастау керек деп ойлаймыз.Мысалы,өткен шақ (—ды/ді, -ты/ті), осы шақ (отыр, жатыр, тұр, жүр),келер шақ(-а, -е, -й). Шақтарды оқыту шақты қайталаудан басталады.

Мұғалім өткен шақтың -ды/ді, -ты/ті жұрнақтары арқылы жасалатынын түсіндіреді. Өткен шақты оқытуда кездесетін қиындықтардың қатарына оның жұрнақтарының жіктік жалғауының ІІІ жағы мен табыс септігінде тұрған зат есімдермен шатастыру болып табылады. Оқушыларды осындай ұқсас тұлғаларды бір-бірінен ажыратуға үйретуде етістік пен зат есімді сөз құрамына талдау тиімді. Мысалы, барады, жазады, кітапты, қаламды, айтты, келеді, келді сөздерін тақтаға жазып, олардың түбірі мен қосымшаларын тапқызады:барды – бар-ды-өткен шақ жұрнағы,келеді – кел-е-ді-жіктік жалғауының ІІІ жағы,айтты – айт-ты-өткен шақ жұрнағы, кітапты – кітап-ты-табыс септігінің жалғауы.Өткен шақ орыс тілінде бір ғана көрсеткіш жұрнағы арқылы жасалып, оның жағы жіктеу есімдігі арқылы анықталады.

 Қазақ тілінде өткен шақтық мағына күрделі етістік арқылы берілсе -ды/ді, -ты/ті жұрнақтары көмекші етістікке тіркеседі. Мұндай жағдайда қалып етістігінің күрделі етістік құрамындағы көмекшілік қызметі осы шақтық емес, өткен шақтық мағынаны білдіретіні айтылады.Мысалы, Ол орнында оқып отырды, біз күліп тұрдық.

Оқушылар үшін келер шақ жұрнақтарын ажырату қиын болмағанмен, оның контекстегі мағыналарын бір-бірімен шатастыру жиі кездеседі. Жекеше: І жақ. айта-мын,ІІ жақ. айта-сың, айта-сыз,ІІІ жақ. айта-ды. Көпше: айта-мыз айта-сыңдар, айта-сыздар, айта-ды.

 Сондықтан бұл форманы әр шақтың мағынасын білдіріп тұрғанын контексте келтіріп, мағыналарын сөйлемді, мәтінді оқып салыстыру арқылы ажыратуға болатындығына аса назар ажырату қажет. Мәселен, -а, -е, -й жұрнақтары арқылы жасалған үш шақтық мәнде қолданылған сөйлемдерді бір-бірімен салыстырып игертуге болады.Осы шақ.Сол мезетте анасы кіріп келеді.Бұл жерде Әсемнің туыстары тұрады.Келер шақ Ол мектепке ертең барадыКөп оқыған білімді тез меңгереді.

Оқушылар орыс тілінде келер шақтың дара жақ жалғаулары арқылы, күрделі түрінің быть етістігінің тіркесуі арқылы жасалатындығын төменгі сыныптарда меңгерген. Сондықтан ол жайында орыс тіліндегі материалмен салыстыра отырып, естеріне түсіре кету артық болмайды.

Ауыспалы келер шақ жұрнақтарының шақтық мағыналарын ажыратуды үйретуде мұғалім контекст пен үстеудің маңызды орнын атап өткен жөн.Бұған қосымша ауыспалы мағына көбіне ғылыми, көркем әдебиет туындыларында, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарда жиі кездесетін  құбылыс екендігін қоса түсіндіре кетеді. Сонымен қоса ауыспалы келер шақ үнемі қайталанып тұратын, дағдыға айналған іс-әрекетті, затқа тәндағдылы қасиетті көрсететін қимылдың мағынасын да білдіреді. Мысалы, қар жауады, су ағады, ағаш өседі, құс ұшады, ит үреді т.б. Мұндай құбылыстарды орыс тіліндегі материалдармен салыстыра түсіндіру қажет.

Қазақ тілі сабағында осы шақтың нақ осы шақ пенауыспалы осы шақ түрлерін өтеді. Нақ осы шақтың отыр, жатыр, тұр, жүр қалып етістіктері арқылы жасалатындығы айтыла келіп, оның дара және күрделі түрлерінің жасалу жолдары мысалдар арқылы түсіндіріледі. Қалып етістіктерінің жіктелу үлгісін төмендегіше көрсете отырып, оның ІІІ жақта жіктік жалғауынсыз жұмсалатындығын, сонымен қатар отыр,тұр, жүр, жатыр етістіктерінің арнайы жұрнақсыз 2-жақтық мәнде бұйрық мағынасын білдіретіндігін түсіндіреді. Мысалы, -мын,-мін-сың/сің, -сыз/сіз, -мыз/міз, -сыңдыр/сіңдер, -сыздар/сіздер.

Осы жерде жүр, жатыр етістіктерінің ұзаққа созылған қимылды, ал отыр, тұр хабарланып тұрған оқиғаның сол кезде жасалып жатқандығын білдіретіндігін түсіндіре отырып,бара, келе етістіктерімен, басқа да –ып/іп,- п формаларындағы етістіктермен тіркесіп келіп,күрделі етістіктер құрайтындығын да меңгерту қажет. Күрделі осы шақтың жіктелуін түсіндіру алдында өткен күрделі етістіктер секілді оның құрамында соңғы сыңарының жіктік жалғауларын қабылдайтындығын оқушылар естен шығармауы керек.

Қорыта келе, қазақ тіліндегі етістік — күрделі категория және көлемі мен мазмұны жағынан ауқымдысөз табы.Қазақ тілін жетік меңгеруі үшін оқушыларға осы етістік сөз табын меңгертудің маңызы ерекше. Етістік сөз табы бастауыш сыныптарда қарапайым түрде ережесіз түсіндіріліп, игерілетін болса, орта және жоғары буын  сыныптарда ережемен қоса меңгере бастайды. Сондықтан оқушылардың тіл дамыту жұмысында етістік сөз табын жан-жақты меңгеруі, яғни түрлендіре білуі, сөйлем ішінде оның атқаратын қызметін түсіндіруі,сөйлемдегі орын тәртібін білуі, жақтық мағынасын меңгеруі — сөйлеуге қажетті тілдік материалдар болып табылады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі.Морфология.Алматы.Ана тілі.1991.
  2. Маманов Ы.Қазақ тіл білімінің мәселелері.Алматы.Арыс.2007.
  3. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. 1998.
  4. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. Алматы. 1975.
  5. Адамбаева Ж. Орыс мектебінің 4-8 кластарында қазақ тілін оқыту.А.1984.
  6. Адамбаева Ж.Орыс мектептерінде қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмысы. А,1994.
  7. ОралбаеваН.,ЖақсылықоваК.Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі.-Алматы,1996.
  8. Сүлейменова Ж. Оқу орыс тілінде жүретін мектепте қазақ тілінен етісітікті оқыту. КДА,1993.

 

 


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz