Жастардың жаңа мәдениеті

Жастардың жаңа мәдениетіҚай заманда болсын халықтың алдын­да тұрған басты міндеттерінің бірі — есті, еңбексүйгіш, қайырымды бала тәрбиелеу. Әр халық өзінің ұрпағы ақылды, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды. Сондықтан да берік ұйып отырған отбасының беделі азая бастаған қазіргі за­манда отбасы мен білім ордасының тығыз қарым- қатынасы бүгінгі күнде аса қажет болып тұр. Бала тағдырына жауапты бір адам болса, ол ата-ананың өзі емес пе? Батыстан келген ақпараттық тасқын, технократтық даму өз залалын тигізе бастады, қазақ ұлтына тән қасиеттерінің бәрін жалмап, жұтып ба­рады. Бұрындары қазақ қыздары пирсинг немесе татуировка таңбалап алмайтын, қазір бұл қалыпты жағдайға айналып барады. Болашақ жастардың қолында екенін еске алсақ, ойға қаяу түсетіні бар. Бүгінгі оқырмандармен бөліскелі отырғаным, жастар арасынан көзге шыққан сүйелдей көрінетін жастардың жаңа бір мәдениеті – «субмәдениет». Бұл жастардың арасында кең етек алған жаңа топтың қазақ қоғамынада келіп жеткенін көз көріп жүр. Қоғамнан оқшау жүретін, өзгелерден өзгеше, өзіндік өмір сүру дағдысы бар, өздері өмір сүріп жатқан қоғамдағы мәдениетке наразы екендіктерін оғаш қылық пен бейтаныс бет-пердемен хабар­дар ететін жастардың белгілі бір тобын көрсеңіз, субмәдениет өкілдері деп қабылдағайсыз. Бұлардың өздері бірнеше топқа бөлінеді екен. Бірақ, бәрінің де мақсаты сол жастар арқылы мәдениетсіздікке жол ашу. Алғашында субмәдениеттің қалыптасуына музыкалық топтар әсер еткен. Мәселен, 1980 жыл­дан бастап Америкада роктың жаңа бағыты готик-рок өмірге келген. Нәтижесінде «готтар субмәдениеті» қалыптасқан. Жалпы рок жұлдыздарының өзіндік ерекшелігі қара түсті киімдерді киюі, киімінде, денесінде металл бұйымдарының көптігі, сонымен қатар көздеріне, беттеріне қара түсті өрнек пен бей­нелер салуында. Сондай-ақ, ең басты қолданыстағы атрибуттары – анх символы, адамның бас сүйектері, жарқанат бейнелері. Олар суицидті, депрессияны насихаттағандай, үнемі психологиялық күйзелісте, ашумен жүретін көрінеді. Субмәдениетінен бұрын эмолардың мәдениеті біздің елде, соның ішінде біздің қалада да кездесетінін де айтуға болады. Жыл санап ғылым-білімге ден қоятын жастардың саны азайып келеді. Қарапайым халық арасы­нан субмәдениет өкілдерін ажырату оңай, мен мұндалап, көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрады. Имидждері мен жүріс-тұрысының өзінен-ақ айқын. Қазақ жастарының бұл мәдениетке қызығушылығы батыстың дағдысы, сән үлгілеріне, сонымен қатар әуендеріне қызығушылығынан пайда болған дүние. Қазір үгіт-насихаттың аздығынан ба, әйтеуір жас өркендер кімді үлгі тұтарын да ажырата алмағаны ма? Сүттей ұйып отырған қазақ елінде әр түрлі сырттан енген субмәдениеттердің кең қанат жаюына жағдай жасап, мүмкіндік бергеніміз соншалық, денелеріне арнайы таңба басып беретін жерлер көптеп ашы­луда, әрине көздегені пайда табу, ал болашақты ойлап жатқан кім бар? Адам денесіне әртүрлі су­реттер салу түрмеде отырған бұзақылардың, баскесерлердің ісі ғана көрінетін еді, ал қазір көзге көрініп тұратын денесіне жан түршігерлік бейне­лер салу арқылы олардың мәдениетін ел арасын­да насихаттау қай жетіскендігіміз? Жастар, жастар дейміз-ау, жастар түгілі өзім бір жолы көшеде кетіп бара жатқанымда жасы орта жасқа кеп қалған бір «жаңа қазақ» апа болу керек аяғына бір түсініксіз бейнені таңбалап алыпты, мұнысымен замана­уи көрінгісі келген болар-ау деймін, әйтеуір ұқпай қойдым. Қазіргі жеткен жеріміз осындай. Адам ретінде өз болмысы болмаған, өзгеге еліктеп, басқалардың жылтыраған бейнесін өзіне бетперде етіп киіп алуға ұмтылған рухсыз халық, ұждансыз ұлт ешкімге қажет емес. Адам өзін адамзат алдын­да ұлттық болмысы арқылы танытады. Жалпы осы жастар арасында белең алып бара жатқан мәселе мені мазалағасын, дәл осы субмәдениеттің дамуы­на, діни тұрғыдан қазақ халқымызға жат қылық емес пе деген ойда қаламыздағы мешіттің бас имамы Бе­кен қажы Асқаров ағамен ой бөлістім. Ағаның бұл тұрғыда діни көзқарасын білдім, жалпы шариғатта денеге таңба бастырып, белгіленген жерден артық жерге сырға тағудың өзі дінге қайшы әрекет екен. «Ақырет күні сол таңба басылған дене мүшесін Аллаһ тағаланың өзі отпен күйдіреді», — дейді Бекен қажы. Имамның айтуынша халық арасында мұндай жат қылықтардың дұрыс еместігін, субмәдениеттің жастардың арасындағы іріткі екенін насихаттау керек және алдағы уақытта телеарнадағы «Имандылық тағлымы» атты бағдарламада үгіт-насихат жүргізіп, субмәдениеттің халық арасында кең етек жаюына тосқауыл қоюға ат салысумыз керек екенін айтып өтті.

Мемлекеттің іргесі берік болып, қоғам тұрақты дамуы үшін оның тұғыры мықты, стратегиялық бағдарламасы тұрғылықты ұлттың ділі, діні мен елдің жағрафиялық орналасу ерекшелігіне негізделген және адамзаттың озық ойы мен тәжірибесін тиімді пайдаланатын болуы қажет. Яғни, мемлекеттің тұғыры бір тіл, бір дін, бір мораль, бір мәдениеттен құралған идеологиядан тұрады. Ондай мемлекет тұрақты дамып мәңгі жасайтын болады.

 Сандуғаш ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ

+19
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии