Ораза рухани кемелдену мектебі

Жарнама

Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды.
Бәлкім сақсынарсыңдар. (Бақара сүресі 183 аят)

Аллаһ тағала аяттағы айтылған оразаны біздерге Рамазан айында ұстауды парыз етті. Осы аятта айтылған «..бәлкім сақсынарсыңдар..» немесе  жалпақ сөзбен айтқанда «бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер» сөздері біздерге Рамазан айында ораза ұстаудың мақсатын түсіндіріп тұр. Біздер қазақ тілінде «тақуалық» сөзін тікелей аудармасыз айтып үйреніп қалғанбыз және ол біздің түсінігімізде «Алладан қорқу», «Алладан қорқатын адам» деген мағынада қалыптасып қалған. Шынында біздің санамызда бұл сөздің бір ғана мағынасы қалыптасып қалған, яғни «тақуалық» бұл «Алладан қорқу» деген. Келіңіздер, бұл сөздің шынайы мағынасын қандай болатынын бірге қарастырып көрейік.

 «Тақуа» сөзінің араб тіліндегі мағынасына қарайтын болсақ «сақтау, қорғау және жеккөрінішті, әдепсіз нәрселерден аулақ болу» дегенді білдірсе, ал шариғаттағы мағынасы «күнәлі және ұйятты сақтанумен бірге өзіне игілік істеу және Жаратушыға бойұсыну» ұғымдарын қамтиды. Сондағы тілдегі және шариғаттағы мағыналарын бір сөзбен айтқанда «Тақуалық — иман тұрғысынан, рухани жағынан кемел болуды» білдіреді. Бұл ұғым біздерге жақсырақ түсінікті болу үшін Аллаһ тағала Құранда Бақара сүресінің 177 аятында айтқан еді: «Игілік — жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту  емес. Бірақ игілік —  Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіру және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуді жақсы көре отырып, мал сарып қылу әрі намазды толық орындап зекет беру, өзара байласқан уәдесін орындау, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр ету. Міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар.»

Аллаһ тағала осы аятта «тақуалыққа» ие болған адамның қандай болатынын сипаттап берді. Яғни құлшылықтарды атқарушы, көркем мінезділікті ұстанған және жақсылық жасауды өзіне міндет тұтқан адамның бейнесін көріп отырмыз. Әрине бұл сипаттарға иман жағынан  кәміл болғандар  ие болады. Ия рас, тек иман тұрғысынан, рухани жағынан жетілген адам ғана жоғарыда айтылған аяттағы іс-амалдарды атқара алады.

Демек, бұдан кейін біздер Аллаһ тағаланың «..бәлкім сақсынарсыңдар..» сөздерін «..бәлкім сендер имани, рухани кемелдікке жетерсіңдер» деп түсінуіміз керек. Адамдар ораза ұстап, бірақ айтылған кемелдікке жетпеуі де мүмкін. Өйткені Аллаһ тағала «бәлкім» деп айтып тұр. Ол деген жетуімізде, жетпеуімізде мүмкін, яғни ораза өзінен өзі имани, рухани кемелдікке алып келмейді. Бұл нәрсеге әрекетсіз жету мүмкін емес, терісінше әрекетіміздің нәтижесінде, яғни құлшылықтарды атқарып, көркем мінезділікті ұстанып, күнәлардан сақтансақ және жақсылықтарды жасауды өзімізге міндет қылсақ ғана жетуге болады.

Сондықтан Аллаһ тағала имани кемелдікке жету үшін Рамазан айын берді және осы айда ораза ұстауды парыз етті. Мінекей ораза ұстаудың сыры осындай.

Ораза —  имани, рухани кемелденудің ең жақсы мектебі.
Ораза —  имани , рухани кемелденудің ең тез жолы.


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz