Құранды «құр ән» демеңіз!

2013-05-24_162509Ассалаумағалейкүм, оқушы жамағат! Бісміллә деп бастап қолға қалам алып, аз-кем дүниені сөз қылмақпын. Иә, Құранды «құр ән» дей көрмеңіз! Себебі Құран – Алланың сөзі. Ал Алланың сөзі анамыздың да, әкеміздің де, тіпті ата-бабаларымыздың да сөздерінен жоғары тұрмақ. Жалпы, Құран Кәрім – өмір сүру заңдылығы, дұрыс та бақытты ғұмыр кешудің дара формасы. Үйіңізде Құран кітабы жай ғана шаң басып тұрса, ештен кеш жақсы. Дәрет алып, оны тазалап, оқуға үлгересіз. Арабша білмеймін, қалай оқимын десеңіз, қазақшасын оқуыңызға да болады. Тіптен жақсы! Сіз қазақшасын оқи отырып, ондағы жазылған Алланың бұйрықтарын оқи аласыз. Алайда барлық аяттар түсінікті болады деп айта алмаймын. Түсінбеген жерлеріңіз болса, уайымдамаңыз. ҚМДБ-ға қарасты жергілікті мешітке барып, ақ шапан киген имамға жолығып, сәлеміңізді беріп, әлгі түсінбеген аятыңызды сұрау қылыңыз. Имам бауырымыз, әлбетте, кеңінен жауап беруге тырысып бағады. Тек мешітке, Алланың үйіне, баруға ұяла көрмеңіз.

Сонымен қатар Құранды тыңдауыңызға да болады. ҚМДБ сайттарына (www.muslim.kz, www.azan.kz, www.muftyat.kz) кірсеңіз, Құранды онлайн түрде тыңдай аласыз, жүктеуге де болады. Бірақ Құранды аяқ асты тыңдай салуға болмайды. Оған да ниет, дайындық керек. Алдымен дәрет алыңыз, сонан соң Аллаға ниет етіп, ыңғайлап отырып тыңдаңыз. Ескерте кетейін, Құран жай ән емес. Сондықтан музыка тыңдағандай болудан сақ болыңыз!

Әбу Үмәма (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.у.): «Құран оқыңдар, өйткені Қиямет күні Құран оқығандарға шапағатшы болады», — деп айтқанын естідім», — деген (Мүслим, салатүл-мусафирин 252). Мінеки, Құран құр ән емес, ол Қиямет күні шапағатшы бола алады.

Осман ибн Аффан (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.у.): «Ең жақсыларың Құран (оқу мен ілімін) үйреніп, оны басқаларға да үйреткендерің», — деп айтты» — делінген (Бұхари, фадайлул-Құран 21). Тәжуид ілімін үйреніп, сол үйренгеніңізді басқаларға да жеткізсеңіз, сауаптарға кенелесіз. Егер Тәжуид үйренуге уақытыңыз болмаса, ұл-қызыңызды немесе жақындарыңызды ҚМДБ-ға қарасты мешіттерге діни сауат ашу курстарына жіберсеңіз болады. Сол жақта ұстаздар жақсылап үйретеді.

Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі (с.а.у.): «Құранды нақышына келтіріп оқитын мұсылман кісі адамдардың амал дәптерін толтыратын әс-Сәфәра әл-Карим әл-Бәрара періштелерімен тең дәрежеде болады. Ал Құран оқуға тілінің икемі келмегеніне қарамастан, шын ықыласымен ежіктеп болса да оқыған адам екі бірдей сауапқа кенеледі», — деп айтты», — деген (Бұхари, таухид 52; Мүслим, салатүл-мусафирин 243). Мінеки, қалай да болса Тәжуидке қатысып, Құранды нақышына келтіріп оқуды үйреніп алсаңыз, амал дәптерін толтыратын періштелермен дәрежеңіз теңесе түспек екен.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Расында, Алла тағала осы Кітаппен (амал еткен) қауымның (екі дүниеде де) мерейін өсіріп, ал (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады», — деп айтты» — делінген (Мүслим, салатүл-мусафирин 269). Құранды құр ән демеңіз деп отырғаным да осы болмақ. Жәрар, арабша оқуға шамаңыз жетпеді делік, бірақ қазақшасын оқып, амал етуге шамамыз жететіні ақиқат. Тек шайтан азғырмасын! Жоғары айтқанымдай, Құраннан түсінбеген жеріңізді ҚМДБ-ға қарасты мешіттердегі имамдардан сұрасаңыз болады. Ол кісілер сауалыңызға жауап беруге әрдайым дайын. Тым болмаса екі күнде бір аятты оқып, соған амал етуге машықтансаңыз, дағдылансаңыз нұр үстіне нұр игілік. Сол аяттарға, яғни Алланың бұйрықтарына амал қылсаңыз, қор болмайсыз, зор боласыз.

Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.у.): «Құранды аз да болса жатқа білмеген адам қирап қалған үй тәрізді», — деп айтты» — делінген (Тирмизи, фадайлул-Құран 18). Кешіріңіз, бірақ аз да болса Құранды жатқа білмесек, қирап қалған үй тәрізді болмақпыз. Ал қирап қалған үйде жан баласының тұрақтамайтыны белгілі. Демек, Құранды аз да болса, шамамыз жеткенше жаттап алсақ, ұтылмайтынымыз хақ. Аллаға ниет етіп, бойыңыздағы нәпсіңізге қарсы тұрып, ықыласыңызды күшейтіп, намаз оқып үйренсеңіз, Құранның қысқа сүрелерін де жаттап аласыз. Оған күмән келтіре көрмеңіз. Намаз оқи бастасаңыз, ештеңеден де ұтылмайсыз. Қайта ақиқат іліміне жолыңыз ашылады, көкірек көзіңіз көре бастайтын болады.

Жалпы, ата-ананы ренжітпей, айтқанын бұлжытпай орындауды; туған-туыстарға жәрдемдесуді; мұсылман бауырларға қол ұшын беруді; арам нәрсеге жоламауды; арам нәрсені жемеуді (себебі арам нәрсе адам баласына зиян); т.б. өмірлік көріністердегі іс-әрекеттердің қандай болғанда екі дүние бақытына жеткізетінін Алла тағала Құран Кәрімде айтқан болатын. Демек, Құран құр ән емес, жай ғана әуен емес. Құран – өмір кітабы. Құрандағы аяттарға амал қылсақ, екі дүние бақытына бөленеміз.

Күні мен түні ауысқан
Өмірде болмай сауысқан
Ағайын, ғұмыр кешейік!
Хақ жолына атсалысқан.

Исламнан қашып безбеңіз,
Алладан қашып не етпексіз?
Бабалар келген өмірден
Біздер де қайтып кетпекпіз.

Аятпен амал етсеңіз,
Бақытты ғұмыр кешесіз.
Алланың айтқан сөзі сол
Құранды құр ән демеңіз.

 Жансанов Медет, жас драматург

+8
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии