Құрбандық рәсіміне құлықты болайық!

Жарнама

Құрбандық рәсіміне құлықты болайық!Құрметті бауырлар! Сауабы мол Зуль-хижжа айының он күні баршамызға құтты, қайырлы болсын! Осы күндері жасаған құлшылығымызға Алла Тағала мол сауаптардан жазғай!

Енді, осы он күннің түйіні, маңызы Құрбан айт күні екендігі белгілі. Аллаға шүкір, ықылым заманнан Исламды дінім деп қабылдаған қазақта мұсылмандардың бұл қасиетті мейрамын білмейтін жан жоқ. Әрине, біреу бұл күннің, ондағы істелетін шаралардың қадір-қасиетінен, пайдасынан молынан хабардар болса, енді біреудің білері аз. Ал, қайсыбір істі бастамас бұрын, оның тиімділігі мен келтірер пайдасынан бөлек, мүмкін болатын салдарын бағамдап алғанның берері мол. Енді осы айтқанды егжей-тегжейлі тарқатар болсақ…

Құрбан айтта істелетін шаралардың төресі – Алла разылығы үшін құрбан шалып, оның етін мұқтаж жандарға тарату. Енді ойланып көрелікші, осы игі шараны үдесінен шығатындай атқара алып жүрміз бе?

Қайсыбір жылы Құрбан айтта мешіттен айт намазынан шыққан соң, құрбандық малын алуға арнаған ақшамызды қалтаға басып, бауырым екеуіміз Астана қаласынан Қосшы кентіне барар жол бойындағы «Алтын таға» базарына бардық. Ығы-жығы машиналар. Көлігімізді тұраққа қаңтарып, тұрған көліктердің арасымен базарға беттей бергеніміз сол еді, жол ортасында жатқан қойдың өлі шарана төліне назарымыз ауды. Бейшара! Малдың буаз, буаз еместігін айыра білмеген бір бауырымыздың кәдеге аспас құрбаны!

Ары қарай базарға кірдік. Жолдасым мал көрмекке кетті де, мен ірі қара сойылып жатқан орынға кірдім. Көп мал сойылатын қасапханаға бірінші рет келуім. Жоғарыдан 5-6 жерден электрмен істейтін шығырлар салбырап тұр. Ортада сойылған малдың қаны ағатын арықша істелген. Арықшаның айналасы малдың қан-жыны мен тезегі араласып, бықып жатыр. Мал иесі құрбандығын жетектеп әкеліп, әлекедей жаланған 5-6 қасапшының біріне тапсырады екен. Қасапшылар жабылып малды құлатады да, бір кісі дұғасын оқыған соң, малды бауыздайтын қасапшы өз ісіне кіріседі. Қысқасы, мал бауыздалып, қаны аққанша жатып, шығырға ілінген соң, малдың терісін іреп, ет-сүйегін бөлшектеу барысында мал иесінен ішек-қарынының керек, керек еместігі сұралады екен де, керек емес десе ішек-қарынын әлгі қан-жыны араласқан жерге ақтара салады екен! Көзіңізге елестетіп көріңіз, бұл қой-ешкінің емес, үлкен сиырдың немесе бұқаның қарыны! Ал, сол жерде бірнеше әйел бөлек бөлмеде ірі қараның ішек-қарынын небәрі 800 теңгеге тазалап беруге дайын тұр. Құрбандық иесінің кемінде 150 мың теңгеге сатып алынған сиырдың ішек-қарынын тазартуға 800 теңгесі жетпей қалғандай…

Кейіндеу бір жігіт қоларбамен келіп, жерде былғанып жатқан әлгі ішек-қарындарды шығарып әкетіп жүр. Оны қайда апарып тастайтындығы белгісіз, әйтеуір, ет ретінде пайдаланбайтындығы анық. Өйткені, егер, ет ретінде пайдаланар болса, ішек-қарын денеден бөлінісімен-ақ лас жерге түсірілмей, тазалатуға әлгі әйелдерге алып барар еді. Қош…, сонда қалай

болғаны?! Ішек-қарын өзімізге ұнамаса болды, оны далаға тастауымыз керек пе сонда?

Біріншіден, бауырлар, адал малдың ішек-қарыны да адал. Оны жемейтін қалалық орысша тәрбиемен өскен кісілер ғана. Қазақта малдың ішек-қарынын далаға тастау деген нәрсе атымен болмаған. Оларды түрлі жеңсік ас (манты, қуырдақ, бесбармақ, самса т.б.) дайындауда пайдаланады. Етке мұқтаж кісіге «сиырдың бүкіл ішек-қарынын далаға тастадым» деп көріңізші, сізге не дер екен?!

Екіншіден, бұл дегеніңіз кемінде оншақты келі ет. Сіз бір немесе бірнеше мұқтаж жанды еттен қағып тұрғаныңызбен қоймай, оны далаға тастау арқылы ысырапқа жол беріп отырсыз.

Құранда «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Әнғам сүресі, 141 аят), сондай-ақ «Әй, адам баласы! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер және жеңдер, ішіңдер), тек ысырап етпеңдер!» (Әғраф сүресі, 31 аят), — деп қадап айтылған.

Бауырлар, әлгі бейкүнә шарана мен ішек-қарынға байланысты бұл ысырапта мал иесінің де, қасапшының да, дұға оқып жүрген кісінің де, сол жерге келіп сұхбат берген мешіт өкілінің де, тіпті, сырттан келіп, мен сияқты қарап тұрған мұсылмандардың да үлесі бар, бәлкім.

Сондықтан, құрбандығымызды үйде жасасақ та, түзде жасасақ та ысырапқа, жөнсіздікке жол бермейік. Бейқам болмайық, айналамызға зер салайық, жасаған игі ісіміздің сауабына күнә жамап алмайық, ағайын!

Автор: Нариман


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz