Қазақпен біте қайнасқан Құрбан айт

Құрбан айтКөрші державаға қосылғанға дейінгі қазақтың өз еркіндігі, тіл, дін бостандығы өзінде болған уақыттарды айтпағанда, бергі қызыл империяның құрсауында болған кезеңде-ақ қазақ көсемдері ұлттық, діни мерекелерімізді ресми жүйеге енгізуге тырысып бағыпты. 1921 жылы 5 наурызда Қазақстанның сол кездегi астанасы Орынбор қаласында Сейiтқали Меңдешовтің төрағалық етуiмен өткен Үкiмет мәжiлiсiнде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды арыстарымыздың ұсынысымен «Мұсылмандардың мерекелерi» деген тақырып күн тәртiбiнде қаралып, бұдан былай ораза айтта үш күн, құрбан айтта үш күн, наурыз мерекесiнде бiр күн демалу жөнiнде шешiм қабылданады. Осы шешімге сәйкес аталған мерекелер 5 жыл бойы атап өтiліп келеді де, билік қысымымен 1926 жылдан бастап ресми түрде атап өтуге тыйым салынады.

Алайда, ресми түрде атап өтуге тыйым салынып, бұл мерекелерді ұмыттыруға күш салынғанымен, оларды бұқара халық жадынан өшіру мүмкін болмады. Билік саясатымен ісі жоқ қарапайым халық айтын айттап, құрбандығын шалып жүре берді. Аллаһ бұйырғанға амал етіп, айт күндерін мереке ретінде тойлау, Құрбан айтта Аллаһ разылығы үшін мал сойып, етін туған-туыстарына, мұқтаж жандарға тарату, дастарханын самсатып, келушілерге есігін ашық қою, бір-бірінің үйін аралап, айтпен құттықтау үрдісі санаға сіңгені соншалық, оларды жаңғыртып, мән-маңызын халыққа ұдайы түсіндіріп отырудың да қажеті болмады.

Күзетшілер оянды ерте ақырып, Шай алуға тұтқындарды шақырып. Бейшаралар уқалай көзін жүгірді, Тастаған ғой тізесін әбден батырып. Шуласып жүр айт құттықтап жиылып, Құтылсақ деп іштерінен сиынып, «Он екі айда бір келген шәриф айт күнін Өткізбек шадлықпен» деп күйініп. Ac қадірін қайдан білсін қарны тоқ? Бос адамда тұтқын үшін қайғы жоқ. Қатын-бала, дос-жарымен мәз болып, Ойнап-күліп, сұхбатласып құрған топ. Хафа меи Офа екеуі де Алладан, Мойын ұсынып міскіннің көбі зарлаған. Шаттанайын десе дағы айт күні, Беттерінде қан тамшысы қалмаған. Асырайды шықпастай қылып шыбын жан, Сөткесінде екі қадақ қара нан. Көкшіл сорпа, ширек қадақ жасық ет. Сорлы тұтқын бәйге атындай жараған

* деп абақтыдағы айт күнін жыр еткен Міржақып Дулатовтан бастап, Бейімбет Майлин секілді ақын-жазушыларымыз да шығармаларына, жырларына айт мерекесін арқау етті.

Тіл, дініміздің дамуына нұқсан келсе де, Кеңестік дәуірдің құрсауынан аман өтіп, тәуелсіздіктің дәмін татқалы мұсылман мерекесін ешкімнен қысылып-қымтырылмай атап өтудің күні туды. Аллаһқа шүкір! Алдағы келе жатқан Құрбан айттың да мән-маңызын халық жадында жаңғыртып, жас ұрпаққа жаю ісі де аяққа тұрды.

«Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Шындығында, Аллаһ Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. ОларАллаһ Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әміріне бағынып, орындаудағы ықылас-ниетіміз Аллаһ Тағала тарапынан бағаланатындығы хақ. Үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше. Жағдайы келген жандар Ұлы Жаратушы Иеміз – Аллаһ разылығы үшін құрбандық шалып, кедей, әрі мұқтаж адамдарға, міскін жандарға қамқорлық көрсетеді. Құрбан айт мерекесі адамдардың бір-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені…», — деген.

Өзгенің мұсылмандыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жаңа жыл тәрізді мейрамдарының соңынан кетпей, Аллаһ бұйырған өзіміздің Ораза айт, Құрбан айт мерекелерін лайықты дәрежеде дәріптеп, атап өту, олардың мән-маңызын отбасы мүшелеріне, жақындарымызға үнемі түсіндіріп отыру әрбір мұсылманның борышы.

Ұл-қызымыз иманды, тәрбиелі болсын десек, тек игілік пен бейбітшілікке, қой басына бозторғай жұмыртқалар заманға апарар Исламнан, қазақпен біте қайнасқан діннен ажырап, қаңғып қалмайық десек, Аллаһ бұйырған, Пайғамбарымыз (с.а.с.) көрсеткен амалдардан мықтап ұстайық, ағайын! Өйткені, діннен ажырау зардаптарының алғашқыларын көшедегі көптеген қаракөз қыздарымыздың жартылай жалаңаш тәнінен, көптеген ұлдарымыздың зинақор, араққұмар нәпсісінен бүгінгі күні-ақ көріп келеміз.

Автор: Берік

+5
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии