Ежелгі Тараз – мәңгіліктің қаласы!

Жарнама

«Тараз — өткен мен бүгінгі күннің
арасын жалғастырушы киелі де
қасиетті желі, мәңгіліктің
бейне нышыны»…
Н.Ә.Назарбаев.     

Ежелгі Тараз – мәңгіліктің қаласыТараз — ежелгі қала, үлкен руханият орталығы. Ірі сауда-саттық орны болған. Тараз тарихы бай, жері құнарлы, табиғаты көркем қала. Тарихтың даму барысында өзіндік ерекшілігі бар ежелгі мәдениет ошақтарының бірі. Сан ғасырлар тарихтың құпиясын бойына жиып жатқан осы қала туралы Шығыстық көне жазбаларда деректер көптеп сақталған. Оларда қаланың атауы «Тараз», «Талас», «Далоосэ», «Ианги» деп аталғаны жөнінде мәліметтер кездеседі.

Әлемдік өркениеттен ойып орын алған бұл қала жайындағы мəлімет алғаш рет б.д.д 100 жылдықтағы қытай деректерінде айтылады. Қаланың ең алғаш ірге тасын қалаушы Ғұн Тәңірқұты Шөже дейді қытай деректері. Алғашқыда жай ғана бекініс ретінде Талас өзенінің бойынан тұрғызылған Тараз қалашығы – уақыт өте келе көркейіп, гүлденген ірі қалаға айналады. VI ғасырда Ұлы Түркі қағанаты Батыс иелігінің саяси орталығы болып, Парсылық және Византиялық елшілерді қабылдайды. Міне, осы кезеңнен бастап Тараз батыс елдерінің деректеріне түсе отырып, әлемдік тарихи сахнаға енеді де, «Жібек жолы» бойындағы ірі де маңызды қалалардың бірі ретінде саналады. Кейіннен Батыс Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан қағанаттарының саяси-мәдени астанасы болып, ғылым мен білімнің, қолөнер мен сауда-саттықтың ордасына айналады. Әсіресе, Қарахан империясы дәуірінде шарықтау мен гүлденудің ең биік дәрежесіне жетіп, білім мен ғылымның және ортағасырлық мәдениеттің озық үлгісі болған сәулет өнерінің дамуына ықпал етті. Онда көптеген ағартушы-ғалымдар мен білімді шеберлер шоғыры жиналып, олардың арасынан әлемдік ғылымның өркендеуіне үлес қосқан, ныспылары «Таразилер» деп аталған Махмұт бин Әли әл-Тарази, Әбу Тахир Мұхаммет ат — Тарази, Әбд Садық Ахмет ибн Хасан, Һибатулла ат-Тарази сынды елуден аса көрнекті ғалымдар шықты.

Осындай атақты ғұламалар шыққан Тараз қаласына ортағасырларда көптеген тарихшылар, географтар, жихангездер келіп, бұл қала туралы өз ойларын қағаз беттеріне түсіріп тамсана жазғандары бізге жетіп отыр. Тараз қаласы туралы 568 жылы жазбаға түскен Византиялық деректе, қаланың әсем де көркем бейнесі мен оның тамаша табиғатын суреттеп жазады. Ал, одан кейін 630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян: «Таразда әртүрлі елдердің көпестері тұрады»  деп суреттесе, ІХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген математик және географ  Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазған. Ал, Араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хау­каль: «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады» деп жазған. Тағы бір Арабтың көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси: «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, оның оры, төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Медина (шахристан) қақпасы алдында үлкен өзен (Талас), оның арғы жағында қаланың бір бөлігі, оған қарай өткел бар. Жұма мешіт базар ортасында» деген. Махмұд Қашғари болса «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде: «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас» деп жазады. Міне, осылайша Тараз қаласына қатысты көптеген деректерден қаланың сол кездегі бейнесін анық көреміз.

Мыңжылдықтар ішінде ежелгі қала көптеген шапқыншылықтарды: Моңғол қырғынын, Темірдің ірі жорықтарын, Шайбанилердің Қазақ қалалары үшін болған жойқын күрестерін басынан кешіре отырып, бірде құлдырып, бірде гүлденіп тарихтың тағылық тоғысында өз дамуын тоқтатпай өмір сүре берді.

XVII-XVIII ғғ Қазақ үшін ірі зұлматқа айналған Жоңғар шапқыншылығы оңтүстік Қазақ өңірлерін жаулап алған кезде, көптеген осы өңірдегі қалалар, оның ішінде Тараз да бар, XVIII ғ 50-ші жылдарының ортасына дейін Жоңғарлардың билігінде болады. Бұдан кейін Талас алқабының жоғарғы жағын 1815-1858 жж. Қоқан хандығы жаулап алып өз құрамына кіргізеді. Осы Қоқан хандығы кезеңінен Тараз қаласының даму тарихының жаңа дәуірі басталады. Қоқан хандары Тараз қаласын қиратпай, ол жерге өз иеліктерін қорғау мақсатында жаңа бекініс орнатып, көне Тараз қаласын қайта жандандырады. Осы жылдар ішінде Тараз қаласы Қарахандар әулетінің билеушісі әулие Ша-Махмуд Қараханның құрметіне «Әулие ата» болып аталады. Қоқан хандығының солтүстіктегі ең үлкен бекінісі де Әулие ата болып, 1856 ж Әулие-ата қала болып есептелді. Ал, 1860 жылдары Ресей мен Қоқан арасында оңтүстік Қазақ жерлері үшін күрес басталған кезде, сол күрестің нәтижесінде 1864 жылы Әулие-ата қаласы Ресей империясының құрамына өтеді.

Осыдан кейін көне шаһар Ресей тарихшы ғалымдарының көзіне ілініп, қала тарихын зерттеу басталып кетеді. Алғашқылардың бірі болып, 1867 жылдары көне қаланы П.П.Лерх зерттесе, 1864 жылдары алғаш В.Каллаур «План крепости Аулие-ата» деген қала жоспарын жасап, өзінің қала туралы ой-тұжырымдарымен бөліседі. Ол 1880 жылғы сәуірдің 30-нан 1898 жылғы қараша айының 30-ы аралығында Әулие-ата оязының бастығы болып, Түркістан әесқойлар үйірмесінде бірнеше рет осы зерттеу жұмыстары жөнінде баяндама жасаған. Одан кейін В.Лаврентьев «Схема бугров в черте города Аулие-ата» деген жазбасын жазады. Осы жазбада Тараз айналасындағы 50-ден астам қала типтес төбешіктер келтірілген. 1890 жылы Шығыстанушы Е.Ф.Каль Әулие-ата уезінің ескерткіштеріне зерттеу жүргізіп, қорғандар мен көптеген күзет мұнаралары туралы құнды деректер мен мәліметтер жинайды. 1893-1894 жылдары Талас өңіріндегі қалаларды зерттеген Шығыстанушы В.В.Бартольд ортағасырлық Тараз қаласының орны Әулие-ата қаласының орнында деп есептейді. Сөйтіп, Бартольдтың ұсынысы бойынша 1927 жылы М.Массон Тараз қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, тарихи деректер арқылы көне қаланың орнын анықтайды. Одан кейінгі қазбалық зерттеуді 1936-1939 және 1979 жылдары Н.А.Бернштам бастаған археологиялық топ жүргізеді. Осы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген көне жәдігерлер мен тарихи мұралар табылады, сонымен қатар, әлемдік өркениеттің озық үлгісі боларлық өте керемет сәулет өнерінің бірі — ортағасырлық Тараз моншасын табады. Монша — күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 6 бөлмеден тұратын болып шығады. Қазба жұмыстарының қорытындысына қарағанда үш бөлменің қабырғалары геометриялық өрнектермен, ал екі бөлменің қабырғалары  мен жуынатын астауы сегіз бұрышты  өрнекті сары бояумен, оның айналасы қара бояумен көмкеріліп, ал алтыншы бөлменің кабырғалары ақ,  қызыл, сары бояулы тақталармен қиылыстырылып, кейбір жерлерде шөп тәрізді өрнек те қолданылғаны айқындалады. Төбеден түскен қалдықтарға карағанда монша көп күмбезді болған, моншаның еденінен Х-ХІ ғасырлардағы 17 көне тиын ақша, өте жақсы сақталған шырағдан табылады.

Археолог  А.Н.Бернштам моншаның  қабырғаларындағы геометриялы, шөп тәрізді ою-өрнектердің  Айша-бибі кесенесіндегі өрнектермен  ұқсастығын айта келіп, оны XI ғасырдағы Қараханидтер дәуірінен қалған жәдігер деп тұжырымдайды.

Ең қызығы қазба барысында табылған аумағы кішкене қыш құбырлардың көпшілігінің өзегінде онымен ыстық су жүргендігін дәлелдейтін ақ дақтардың іздері сақталыныпты. 2-3-ші
бөлмелердің астында жылу жүретін жолдар бар. Олардың үстін жалпақ тастармен жауып, әк қосқан ерітіндімен сылап тастаған. Мұның өзі моншаға келгендердің аяғы астында жылудың болуына, терлеп-тепшіп рахаттануына мүмкіндік туғызған. Еден астындағы жылу құбырлары қабырғаларының нақышына келтіріліп, әсем әрі берік қалануы олардың осы уакытқа дейін бұзылмай сақталуына мүмкіндік туғызған.

Моншаға су арнайы қазылған құдық арқылы келтіріліп, бөлмелер еден астынан салынған ыстық өткізгіш каналдар көмегімен жылытылған. Осындай қазба жұмыстарының нәтижесінде монша XI-XII ғ.ғ. Қараханидтер дәуіріндегі Тараз қаласының гүлденген кезінде салынғанын дәлелдеді. Бұл монша біздің бабаларымыздың сол замандардағы гигиеналық тазалық пен мәдени дамудың шарықтау шегінде болғанының әсем үлгісі бола білді. Тіптен сол замандардағы су айдайтын электр қуаты жоқ кезде, суды моншаға тартып әкеліп, оны шүмектерден ағызып, одан шыққан суды қайта кері ағызып, канализациялық циркуляцияны жасаған көне дәуірдің инженерлеріне таң қалмасқа амалың жоқ! Ыстық су, мұздай суларды жүргізген құбырларының осы уақытқа дейін бұзылмай сақталуының өзі сол кездегі өндірістердің сапалы жұмыс атқарғанын да айғақтайды.

Одан кейінгі қазба жұмыстары 60-шы жылдары жүргізіле бастайды. Оларды ғалым-археологтар: Е.И.Агеева, М.С.Мерщиев, Т.Н.Сенигова сынды білгір мамандар жүргізеді. Ал, 1983-1985 ж.ж. Тараз археологиялық экспедициясы, одан кейін Қазақ КСР-нің тарих және мәдени ескерткіштер жиынтығының археологиялық экспедициясы жалғастырып, бір ізге түсіре бастайды. Ең соңғы қазба жұмыстарын 2013 жылы «Археологическая экспертиза» ЖШС, 2014 жылы жетекшісі т.ғ.к Ж.Е.Смайлов бастаған «Қазархеология» ЖШС мен жетекшісі т.ғ.д. прфессор Елеуов.М бастаған «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-і жүргізген.

Осындай кезең-кезеңімен жүргізілген қазба жұмыстарының арқасында көптеген құнды жәдігерлер қазып алынды. Бас жағы ожаудың басындай іші шұңғыл, етегі ұзындау келген лайдан жасалынған шырағдандар, әртүрлі өлшемдегі қызылқұмнан жасалынған құмыралар мен керамикалық киіз үй шыққан. Және топырақ пен алебастрдан жасалынған үсті дөңгелек пішінді жалпақтау, биік емес аласа келген үш аяқты II-IV ғасырларға жататын орындықтар анықталған. Сонымен қатар, солтүстік жағынан тегістелген төсенді тас жол мен батыс бетінен магистралды су құбыр жолы табылған.

Археологиялық зерттеу жұмыстары көне қаламыз Тараздың осыдан екі мың жыл бұрынғы мәдениетіміздің ірі ошақтарының бірі болғанын айғақтады. Бұл біз үшін үлкен жетістіктер және ата-бабаларымыздың сан ғасыр бұрын да дала мәдениеті мен қала мәдениетін қатар дамытқан өркениетінің жемісі. Мәңгілік қалаға айналған Тараз қаласы — бабаларымыздың сол дәуірдегі мәдениет пен өркениетті ғаламдық тұрғыда дамыта білгенінің дәлелі болып, мәдениеті дамыған Европа елдерінің көшпелі Түркі халқы туралы теріс пікірі мен варварлық жабайылыққа санаған ойларына ауыр соққы болып тиді. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Қазақ тарихында Қазақ ұялатындай ештеңе жоқ». Мәңгіліктің қаласы өз бастауын алған сонау б.д.д 100 жылдықтан бастап әлі өмір сүруін тоқтатпай өркендеп келеді. Осылайша, көненің көзі болып, көкірегі ояу ұрпағына жеткен Тараздың асты әлі де сырлы тарихқа тұнып тұр. Әлі де қазба жұмыстарын жүргізетін қаншама жерлер бар. Тарихымыздың терең қойнауына үңілетін болсақ, қасиетті Тараз өңірі тағы да өзінің қатпар-қатпар қойнауынан бізге белгісіз талай тарихтың сырын ашары ақиқат.

 

 Асылжан Шайдилдаев

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
тарихи-мәдени қорық-музейінің
 ғылыми қызметкері  


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz