Ананың ақ сүті, аялы алақандары, ардақты ақылдары, түн ұйқысын төрт бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген еңбегі үшін қарыздармыз. Кейбір бауырларымыз жылына бір рет анасын мерекесімен құттықтап қойғанды жеткілікті санайды. Сыйлаған сыйлығын міндетсініп, қартайып, қауқарсыз болғанда қамқорлығына алғысы келмейді. Бұрын-соңды қазақтың ұғымында болып көрмеген «Қарттар үйі» ұлтымызға, адамгершілігімізге түскен таңба емес пе?! Кішкентай әлжуаз, қорғансыз кезінде бағып-қаққан ата-ананы қартайып, әлі кеткен шағында керексіз етіп тастап кету ешбір адамшылыққа жатпайтын ауыр күнә.
Құран-Кәрімде Аллаһ тағала былай дейді: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуіне де жандарыңда кәрілік жетсе: «Туһ» деме, (кейіс білдірме) сыпайы сөйле» (Исра сүресі, 23-аят).
Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келген хадистерде бұл туралы: «Ата-анаға жақсылық жасаңдар және сендердің балаларың да сендерге жақсылық жасасын және бағынсын»-дейді. Және бір хадисте: «Жәннаттың хош иісі 500 жылдық жерге дейін тарайды. Ата-анасына бойұсынбаған, туысқандық қатынасты үзгендер оның иісін де сезбейді» деген.
Байқап отырғанымыздай ата-ананы құрметтеу дінімізде құлшылықтармен қатар тұрады. Ата-ананы сыйлау, қадірлеу, оларға бағынып, қарсы келмеу, кейімеу, ренжітпеу – әрбір мұсылманның парызы. Олардың разылығын алу – жәннатқа кіруіміздің бір шарты. Себебі, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһтың разылығы – ата-ананың разылығында, Аллаһтың ашуы – ата-ананың ашуында жатыр».
Сондай-ақ, тағы бір хадисте, «Жәннат – ананың аяғының астында» деген.
Бір күні Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі сұраған екен: «Я, Аллаһтың елшісі, менің анам кәріліктен есінен адасты. Мен оны өз қолыммен тамақтандырып, сусындатамын, оның барлық қажетін өтеп беремін, сонымен қатар, оны арқалап жүремін. Осы орайда мен анамның қарызын өтеген болып есептелемін ба?»- деп сұрайды.
— Жоқ, тіпті жүзден бірін де өтеген жоқсың,- дейді. Сонда әлгі кісі:
— Неліктен бұлай? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
— Себебі, ол сенің қорғансыз күніңде сен өмір сүрсін деп бағып қақты. Ал сен оның өлімін күтіп бағып-қағудасың. Әйтсе де, сен оған көп жақсылық жасадың (сол үшін сыйлығыңды аласың),- деп жауап береді.
«Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың»-деген екен дана халқымыз. Шынында да алтын құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн тербеп өмірге әкелген, ақ сүт беріп, пәк көңілінің нұрын төккен ананың бар арманы – баласының жарқын болашағы, оның өмірі. Теңіздей тербелген өмір толқындарынан баласын аман алып қалу үшін барын салады. Сондай зор махаббатпен өсірген өрені қартайған шағында мейірімге бөлер ма екен?
Баласының болашағы үшін бар өмірін арнаған ата-анасы қартайып аз ғана көрер жарығы қалғанда оны сүйіспеншілік пен мейірімге бөлей алмаған адамның адамгершілігі бар деп айту қиын. «Ата-анаңның қадірін балалы болғанда білерсің» деп, бабаларымыз жырлағандай, «ата-анаға не істесең, алдыңнан сол шығады». Себебі, күнәнің екі түрі бар екен: біреуі үшін ақыретте азапталады, ал екіншісінің жазасын екі дүниеде де алады. Екі дүниеде де азабын шегетін күнәлардың біреуі – ата-ананы құрметтемеу. Аллаһ тағала оның жазасын өз балалары арқылы береді екен.
Анаңды құрметтемесең,
Анадан несін туасың?
Адамды құрметтемесең,
Адамнан несін туасың?
– деп жырлаған екен бір ақын. Қандай өркениетте болсын, қандай ұлттарда болсын ата-анаға деген құрмет ешқашанда өзінің құндылығын жоғалтқан емес, ал ислам діні болса, ата-анаға ең биік орын беріп ерекше бағалайды. Ұл-қызымыз ұлағаттылықты ұстанып, имандылық пен инабаттылыққа ұмтылып, арын кірлетпей, кіршіксіз таза ұстап, бірінші Аллаһтың алдында, сонан-соң ата-ананың алдында адалдығынан ажырамай өмір сүрсе, аналар да жыламас еді, жетімдердің де көзі жәутеңдемес еді. Сондықтан, ұрпағымызды имандылыққа, адамгершілікке тәбиелеуіміз керек.
Кім сендерді балалар сүйе -тұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйе -тұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүре –тұғын.
Кім сендерді, балалар тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.Ы. Алтынсарин