Ақұштап Бақтыгереева мен Күләш Ахметова өлеңдеріндегі рухани үндестік

Ақұштап Бақтыгереева мен Күләш Ахметова өлеңдеріндегі рухани үндестікАқ ерке Ақжайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатып, жүректің назды үнімен, көңілдің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Ақын толғанған, күй ақтарып, сыр шерткен тақырыбы сан түрлі. Сыршыл ақын жан дүниесіндегі тылсым сезімді бүкпесіз ашып,  толқытқан ойларын оқырманға жолдайды. Тұңғиығына үңілгендердің рухани дүниесімен астасып, сезім қылын шертеді. Ақұштап ақын дүниенің барлық құбылысын өлең етіп ұйқастыра бермейді. Ол тек өзінің кішкене жүрегін дір еткізген нәрсені сезеді, көреді. Сол сезімі өлең болып өріледі. Ақын өлеңдері жанры жағынан  лирикаға құрылған. Лирика – әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезімін астастыра суреттейтін терең психологиялық шығарма. Көбіне өлеімен жазылады, сюжетке көп бара бермейді. Оқиғадан гөрі отты сезім маңына, бас-аяғы тұжырымды бірер философиялық ой маңына жинақталады. Лирика тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалына алып шығады да, ерекше өмір сүргізеді. Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де ацрықша үлкен. Себебі, бұл арада өлеңді жазған адам  оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйлері  бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Бар адамды бір адамның (ақынның) «қуанышымен қуантып, қайғысымен қайғыртар, шаттығына бөлеп, үмітімен тыныстатар, құлағымен есіттіріп, тілімен сөйлер…» (Белинский) лирика дегеніңіз осы ғой!

«Сен сөздің сұлуысың, шынарысың,
Өзіңе талайлардың құмары шын.
Толқытып, тебірентіп, толғандырып,
Әйтпесе ақ көңілден шығармысың», —

деп өзі жырлағандай өлең деген кейде асау өзендей алабұртқан, кейде көз жасындай мөлтілдеген пәк әлемнің өріне бағыт түзеген Ақұштап Бақтыгереева әдебиет әлемінде өз қолтаңбасы бар, дүниетанымы қалыптасқан ақын. Сиқырлы поэзия әлемінде Ақұштап Бақтыгереевамен рухани үндес алаштың ақын қызы Күләш Ахметова. Өмірлері өлеңмен өрнектелген, поэзия биігінде қатар келе жатқан екі ақыннан рухани үндестікті,  тақырып, сәйкестігін, көзқарас бірлігін, ұқсас иірімдерді көруге болады. Күләш Ахметова да лирика жанрына  өлшеусіз үлес қосып, сезім иірімдерін өлең өрнектеріне сыйғызған ақын.

Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайса тұстарын?

 Ұшырып ем ғой, шартараптарға барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне ұя салсын деп.

Міне, осылайша киелі сөз өнерінің құдіретін сезіне білген ақындардың өлеңдері жасқа да, жасамысқа да серік болады.

Лирикалық кейіпкердің бар болмысы оқырманды сендіреді. Алыс пен жақынды, ағайын арасын табыстырып жүрген жеңгелеріне сыр шерте ме, өзімен-өзі боп жалғыз кете ме, досына мұң-күйік шерте ме, туған жерді аңсап, табиғатты тілге тиек ете ме – табиғи сезіммен, қарапайым болмыспен баурайды.

Ақын жандардың өлеңге өосқан ең бір жандарына жақын тақырып – туған жер. Бал балалықтың елесі қалған, қырында ән салып, бауырында бәйшешек терген туған жерге деген сағыныш еш адамды бейжай қалдырмасы анық. Ал, ойларын өлеңмен өретін сыршыл жүректі ақындардың сағынышын сезінбеу, оқи отырып ерекше күйге енбеу мүмкін емес. Ақұштап Бақтыгереева «Жайққа сәлем де сен» деп келетін өлеңінде:

Сен Жайыққа айт, ерке қыз келеді де,
Өлең жазып ақ көйлек желегіне.
Сағынышы басылмай жүр дегейсің,
Құлаш ұрып қайтпаса тереңіне.

Сен Жайыққа айт көргенде анау ағын,
Аққан кезде аймалап жағалауын.
Дауылымен қанатын қайтармаған,
Келетінін сонда өскен шағаланың.

Туған жерін сағынбай шыдай ма адам?
Наз артпасын Жайығым бұлай маған.
Кез болды де өзіңдей көктемдерде,
Өмірінің арнасын ылайлаған.

Көрген жоқ де бірақ ол ойдан налып,
Ән салды де жасқанбай тойларда анық.
Елең етпей күңкілін пенделердің,
Жүреді де өзінше жайраң қағып.

Сен Жайыққа айт, жолдас боп ездерменен,
Жағымпаз боп көрмеген, сөзге ермеген.
Қызың жүр де бір мінез өмір кешіп,
Сен сияқты арнада өзгермеген –

деп тебіреністі ойын жеткізсе, Күләш Ахметова:

Қайтарсың, қалқам, ауылға,
Асықтыруда күндер шын.
Сұраған досқа, бауырға
Үлбіреген дүниеден
Үйлесім іздеп жүр дерсің.

Қайтарсың, қалқам, ауылға,
Қуанып досың үлгерсін.
Сұраған туыс, бауырға
Ұлыдан қалған сөздердің
Ұйқасын іздеп жүр дерсің.

Екеуіміз туған үйге әлі,
Әкеме батыр тұлғалы
Арманшыл әпкең туралы
Бәрін де бәрін айтарсың.

Шаршасам, өзім кінәлі,
Кірістіремін кімді өзге?
Ізгілік болып ұраны –
Ұшырған туған ауылға
Жырларым жетер бір кезде.

Күләш пен Ақұштаптың қаламына ортақ тағы бір тақырып – жеңгеге сыр шертулері. Сырлы жеңге мен сұлу қыздың арасындағы сыйластықты құрметтейтін қазақтың салтымен аяулы жеңгелерге назды да сазды жырларын арнайды. Бұл тақырыпта Ақұштап ақын:

Жүзіңнің жылы жарқыны-ай,
Өзгеру білмес қалпың-ай.
Қыздардың назын көтерген,
Даламның дарқан салтын-ай.

Мінезің ашық ұнады,
Ұсынған  шайың тұр әлі.
Жүзіңде сенің мейірім,
Ал менде өмір сұрағы.

Не десем екен, не десем,
Жанымды жырға бөле сен.
Аға мен дала бағына,
Жайраңдап тұрған жеңешем –

деп  асыл жеңгеге деген кіршіксіз таза сезімді қағаз бетіне түсіреді. Осы өлеңді оқыған әр оқырманның ойына өз жеңгесі орала кетеді. Лириканың құдіреті де осында болар.Бұл тақырыптан Күләш та айналып өтпейді:

Бақытыңды тіледік біз, тіледі ел,
Қуанышың әр жүрекке гүл егер.
Үмітіңмен жанымызды жұбат та,
Түңілгенше ортамызда жүре бер.

Бізге дағы оңай екен деме сен,
Алыстама, ақ батаны елесең.
Күтіп өткен жастың шағың үшін де,
Аға атынан қарыздармыз, жеңешем.

Бар ғой орны таңдырға да өкпенің,
Сол соғыстан бері ағам жоқ менің.
Сол ағаның көзіндейсің,
Басқаға
Қия алмаймын, о жеңешем, сөкпегін.

 Өнер жолындағы әйел адамның тағдыры тым жіңішке, жаңбырлы ауа райында тайғанақ жартастардан аттап, соқпағы көп жолдың сонау алыс шатқалда бір сәуле бар деп ұмтылатын нәзік кеуденің бойында өмірге деген құштарлық,  щыдамдылық, поэзияға деген асқақ махаббат болады. Сонымен қатар «қыз үлесі қашанда болу ана» деп Ақұштап ақынның өз айтқандай ару-ғұмырдың ең бір басты міндеті – саналы ұрпақ өсіру. Шынтуайтына келгенде, Ақұштап та, Күләш та кешегі Қарашаш ана, қыз Құртқа, Гүлбаршын, Домалақ ана, ақын Саралардың заңды жалғасы. Нәзік жанды ақындардың өлеңдеріне ең көп арқау болған тақырып та –осы. Әйел болмысының қадір-қасиетін, ананың сәбиге деген шексіз махаббатын тереңнен толғап жазады. Ақұштап Бақтыгереева «Бала» деген өлеңінде:

Түн ұйқымды төрт бөлдің ауырғанда,
Жүрегімді қақ бөлдің – сағынғанда.
Той дүрмекке барсам да үйге асығам,
Өздеріңді ұмытқан шағым бар ма.

Ойыншық боп қағазым, қаламым да,
Жыр жолдары мөлдіреп жанарымда.
Өлең қуып өтер ем, бәлкім, мәңгі
Ал сендерсіз шын бақыт табармын ба.

Әсем әнім, ұйқасқан жыр-жолдарым,
Құлындарым, жолымды қуғандарым.
Ашу, күлкі, реніш, қуанышым,
Шаршататын бейнетім, думандарым.

Ертең саған жалғасып жатар даусым,
Еркіндеусің, кейде тым қаталдаусың.
Өйткені дсен о баста адамзаттың,

Ең басты бақыты боп атанғансың,- деп ана жүрек ағынан жарылып, сәбиіне деген сезімін өлең шумақтарымен жеткізеді. Бұл жолдарға көз жүгірткен әр ананың көкірегіндегі балаға деген махаббаттың одан әрі арта түсетініне сенім мол. Бұл тақырып, махаббат Күләш ақын жырларында да кең көрініс тапқан. Ақын бір емес-ау бірнеше өлеңін «қарлығаштарына» арнайды. Өлеңдері  оқырманға шексіз махаббат теңізінің ұшы, қиыры жоқ жағалауын аралатып, ана жүрегінің кеңдігін, ана сезімінің мөлдірлігін, ұлылығын сан мәрте мойындатады. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын күйді тек поэзия жолдары ғана шерте алатын секілді. Күләш Ахметованың ана жүрегінің дүрсілін:

Ботақандарым!
Кішкентай сүйкімділерім!
Көкірегімді иіскеп,
Бұздыңдар ұйқымды менің.
Ересектерден көңілім қалған кездерде
Сендерге қарап кеудемде күй тынды керім.

Балапандарым!
Бақытым, алданыштарым!
Сендермен биік мендегі ар, намыс… бәрі
Қуаныңдаршы мені шаршатып жүріп,
Сол болар асқақ самғап ұшқаным.

Менің төсемнен уызбен бірге ән емгенсіңдер,
Жүздеріңнен сол күшті әлем көрсінде.
Менің бақыттылығымды дәлелдеу керек болса,
Күндерім, сендер ғана дәлелдерсіңдер.

Мен күйген отқан сендер күймегенсіңдер,
Сондықтан маған қуат пен күй берерсіңдер.
Шектемейін, ұрысып, ақыл айтып,
Өмірдің өзі – мектеп,

Үйренерсіңдер,  – деген жолдардан көре аламыз. Бұл жолдарға көз жүгірткен, түсінген жанның рухани дүниесі байып, мейірімі мен махаббаты өзгеден ерек ана жүрекке деген шексіз құрметі арта түседі деген сенімдемін.

Ақын – ұлттың байлығы. Ол ұрпақтарды рухани қоректендіріп, адамгершілік пен шыншылдықтың, әділеттілік пен адалдықтың негізін қалайды. Бақытын өлеңнен тапқан қазақтың ақын қыздарының шығармашылығына үңіле келе үндестікті таптым. Сөз маржандарын терген ақындардың шығармашылығы тұңығына бойлаған сайын батырып әкетеді. Өйткені,

«Өлең деген – құдірет қой, шынында,
Талант керек кейде оны ұғуға.
Ұлағат та, тіршіліктің сыры да,
Үңілсеңіз жатыр баба сырында», — деп алаштың Ақұштабы жырлағандай өлеңде ет-жүректі елжірететіндей, намысты қамшылайтындай құдірет бар!

 

Жұмашева АсылданаСүйінқызы
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті,
филология факультетінің IV курс студенті

  

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қабдолов З. «Сөз өнері». – Алматы: Санат, 2002.
2. Бақтыгереева А. «Ақжелең»:жыр жинағы. – Алматы:Жазушы, 1985. – 112 бет.
3. Бақтыгереева А. «Сүмбіле»: өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1990. – 120 бет.
4. Бақтыгереева А. «Ақ айдын»: өлеңдер мен балладалар. —  Алматы: Жазушы, 2011. – 144 бет.
5. Ахметова К. «Бақ»: өлеңдер мен поэмалар. – Алматы. Атамұра, 2005. – 240 бет.
6. Ахметова К. «Жасыл жағалау»: өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: 1984.

 

+16
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии