Шыбын жан

Жарнама

Сендердің Ал­ла­дан өзге табынғандарың,
барлығы жи­ыл­са да, әсте бір шы­бын
жа­ра­та ал­май­ды.
(Хаж сүресі, 73-аят.)

I

Қараңғыдағы қапырық. Түнектегі тымырсық. Ауа­сыз қап-қара түн құрсауынан шығудың жо­лы жоқ секілді. Ты­ныс алу­ыу жұтқандай қиындады. Қысылған көкірегіне жүрегі сый­май тар­сыл­дап алқымына тірелді. Ты­ны­сы­мен қоса бүкіл әлем тарылғандай, жүрегімен қоса бүкіл әлем жарылғандай… Тарс-тарс-тарс!.. Жо-жо-жоқ, есікті біреу қағып тұр екен. Шырт ұйқысын бұзып жіберген зәрлі шу құлағының қақ түбінен жаңғырығып қаттырақ шықты. Сал боп төсегіне таңылып жатқандай не­ме­се бастығырылып қалғандай тұра ала­тын емес. Ол ол ма, ду­а­лап тастағандай қол-аяғын қимылдатуға бей­ша­ма. Былайғы уақытта сүйеніш болған жағы құрғыр қырсыққанда қарысып, кеберсіген ерні ғана әлсін-әлсін жы­быр­ла­ды: «Қайдамын? Тірімін бе, өлімін бе?» Күбірлеп айт­ты ма, әлде ішінен со­лай деді ме, мұны өзі де ұқпай мең-зең күйге түсті. Оянғалы қанша уақыт өткенін де білмеді. Жүз жыл ұйықтаған сын­ды. Әйткенмен есіктің қағылуы тоқталмады. Тарс-тарс-тарс!.. Әрбір соққы жүйкесін жегідей жеп, ми­ын балғадай ұрғылап, та­мыр-та­мы­рын солқылдатып жат­ты.

— Ба­се­ке! Ба­се­ке! Ба­се­ке-е-е!..

Есімін естігенде қарлығыңқы үнмен «Уф-ф, Құдай-ай!..» деп әрең сөйледі. Өз дау­сы өз құлағына жат та жақын шалынған. Тілі күрмеліп, таңдайы кепті ме, осы сөзден артық ләм-мим жақ аш­па­ды. Тек екі иінінен ауыр дем алып, терең күрсінді. (Әншейінде на­маз оқу бы­лай тұрсын, «әлхамдилләсін» ай­тып, кәлима қайыруды үйренбеген мы­на жұмыр ба­с­ты пенденің қапелімде есіне Құдайы түсуін қарашы!) Дәріл-фәниде бәр-бәрінен жан артық екен-ау шы­нын­да. «Ата­дан қалған мал тәтті, ал­тын­ды үйден шы­бын жан тәтті» деп бе­кер ай­тыл­мап­ты.

— Ба­се­ке! Ба­се­ке! Ба­се­ке-е-е!..

Ұйқылы-ояу есеңгіреп сұлық жа­тыр. Жатқан күйінде қаралай сүлдесі құрып, шаршаңқы ты­ныс­та­ды. Жан-жағын ба­жай­лай көз қиығымен шо­лып өтті. Жәутеңдеген жа­на­ры өлеусірей жылт-жылт ете, те­ре­зе­ге де на­зар са­лу­ды ұмытпады. Пер­де­ден сібірлей төгілген жазғы таңның бозғылтым сәулесін жалғанның жалғыз жарығына ба­лап, кірпік қақпастан алғаш та ақырғы рет көргендей қарады. Қарады да со­дан дәтке қуат, жанға су­ат алғысы келді-ау. Үлде мен бүлдеге бөленген кең жа­тын бөлмесі сол бұрынғы қалпында. Көп кешікпей ұясынан шығатын күннің шуағы себезгілей үй ішін алагеуімдеп тұр.

— Ба­се­ке! Ба­се­ке! Ба­се­ке-е-е!..

(Оны жұрт «Ба­се­ке» деп атай­тын. Әсіресе жарамсақтар мен жағымпаздар жағы аса құрметтейтін. Үлкен ме­ке­ме­де үлкен бастық екені рас та. Шын аты «Бас»-тан бас­та­ла ма, басқадан бас­та­ла ма, белгісіз. Оған бас қатырмастан көбі мүләйімсіп «Ба­се­ке» дейді). Есіктің арғы жағынан шақырған да­у­ыс қатқыл шығады. Жан алу­шы Мәләкүл-Мәуіт келіп тұрғандай бой­ын үрей би­леп ал­ды. Көрпесін тас бүркеніп, зор денесі бір уыс боп бүрісе түсті. Демін ішіне тар­тып, көзін тарс жұмып алған. Сәлден соң көзін қайта ашып, олай бо­луы мүмкін емес, кім де бол­са са­зай­ын тар­т­ты­рай­ын деп төсегінен қолапайсыз қинала қозғалып тұруға ыңғайланды. Есік пен төрдің ара­сы біраз жер. Бас­шы болғалы төртпақтана то­лы­сып кет­кен зор денесі одан сай­ын зілмауыр тар­тып, ыр­сыл­дай жүріп ба­ра­мын де­ген­ше түрлі-түрлі ойға шом­ды: «Бұл кім бол­ды екен беймезгіл мазалаған?.. Әйелім Әмірлікте де­ма­лып, Ұлым Ұлыбританияда жұмыс жа­сап, қызым Қытайда оқып жүр… Үй қызметшісін жақында «жұмыстан» шығарып жібергенмін. Шо­пыр баланың табалдырықтан ат­та­у­ы­на рұқсат жоқ. Үй қызметшісі екеуінің арасындағы ілік-ша­тыс, ым-жым­нан соң… оған аяушылық та­ны­тып, соңғы рет ес­кер­ту жасағанмын, алыс та бол­са ағайын ғой деп. Дәмесі бар бол­сын шіріктің! Ол шүйкебас менің көңілдесім еді ғой. Мейлі, басқасы та­бы­лар да… Е-е, күзетшілердің бірі бо­лар мүмкін. Жайшылық па екен?..»

Кешегі ғана емес, бірнеше ап­та­дан бергі жос­па­ры бой­ын­ша дәл бүгін ерек­ше күн бо­луы ке­рек-ті. Сірә, сәтсіз күн бо­ла­рын, бір бәлеге ұшырарын іші сезеді, білем. Ке­ше кеш­ке зай­ы­бы зы­бан­дап сол көзім тар­тып жүр де­ген. Бірақ ештеңеге сенгісі жоқ-дүр. Өйткені өмірінде ырым-сырымға нанбаған. Де­ген­мен, түйсік түкпірінде сезік бар-тын.

Әлгі-әзірдегі сан қилы ой­ын ысы­рып тас­тап, жасқаншақтана есікті аш­ты. Олай қарады, бұлай қарады. Адам түгіл, шай­тан жоқ. Өзінен-өзі кеудесіне біз сұққандай селк етті. Жүрек тұсын әлдене шан­шып-шан­шып өтті. Қас қағым сәтте не болғанын аңламай аң-таң. «Әй, кім бар мұнда?» де­ген үні дірілдей шықты. Ар­тын­ша «Құдайым, сақтай гөр!» деп іштей жалбарынған бол­ды. (Тағы да сасқаннан қаперіне Құдайы түскені-ай!) Оны­сы түлен түртіп, пері иек­теп алғаннан сау­мын ба де­ген күдігі еді. Со­сын тың тыңдағандай құлағын түрді. Үй ішінен қыбыр ет­кен бөгде ды­быс ша­лын­ба­ды. Өлі тыныштық. Басекесі шы­ны­мен де қорқайын деді. Ұзын дәліздің бой­ын жалтақ-жұлтақ байқастай аяғын зорға ба­сып келеді. Бір кез­де қарсы алдындағы нән ай­на­дан өз-өзін та­ны­май қалды. Түрі қан-сөлсіз түнеріп, қудай боп қуарып кет­кен. Өзін емес, өлікті көргендей шо­шы­ды. Жалпақ маңдайы жіпсіп, жан тері бұрқ ете қалды. Лез­де жа­на­рын тай­ды­рып әкетті. Жаз да бол­са қыс түскендей тұла бойы дірілдеп, шекесі шы­мыр­лап қоя берді.

Өң мен түстің ара­сын­да мәңгіріп біраз тұрды да, де­реу қалта те­ле­фо­нын алып ең ал­ды­мен күзетшілерге соқты. Ай­ту­ла­рын­ша олар­да бәрі тып-ты­ныш. Кіріп-шыққан ешкім жоқ. Сон­да да сен­бей, асығыс киініп, сыртқа іле-ша­ла жүгіре шықты. Алаңсыз ұйқысын әлгінде ашқан күзетшілер түкке түсінбей әуре. Абы­рой болғанда бұрыш-бұрыштағы бақылау ка­ме­ра­ла­ры бәлендей бірдеңе байқамаған, оқыс ештеңе түсірмеген. Тек… тек… шыбынның ызыңдаған дау­сын ғана жа­зып алып­ты. Басекеңнің құты шайқалып, зәресі ұшты: «Шы­бын!!!» (Ол шы­бын­ды иттің етінен ары жек көретін, бұрыннансуқаны сүймейді. Кей­де осы бір кішкентай мақұлық не­ге, не үшін жа­рал­ды екен деп ыза­ла­на­тын. Үнемі қайталай беретін мақалы: «Жұғын бар жер­де – шы­бын бар, шы­бын бар жер­де – шығын бар». Кеңседе бол­сын, үйінде бол­сын, тіпті тамақтануға барған мей­рам­хан­да бол­сын, шы­бын ұшып жүрсе бітті, ашуға мініп айқай шығарады). Та­ни кетті: мы­на таспаға жазылған ызыңдаған қорқынышты да­у­ыс ке­ше кеш­ке жалғыз өзі (ұрысарға қара тап­пай) қуалап жүріп өлтірген шыбынның за­ры ғой. Со­лай, со­лай! Дәл со­лай! Ке­нет тағы да жүрегі шан­шы­ды. Ойы ой­сы­рап, са­на­сы сан­сы­рап қалды. Үн-түнсіз со­сти­ып тұрған күзетшілерден қайран жоқ. Олар мы­на шым-шытырық жағдайды не­ге жо­ры­рын білмей дал. Басқасы басқа, дәл осын­дай оғаш қылықты бастығынан күтпеген.

Басекеңнің бет-әлпетімен сәйкескен таңның қабағы салыңқы, өңі сынық. Шығасылы-кіресілі ақыл-есіне ұқсаған күн райы ала бұлтты, сұрықсыз. Ғайыптан жет­кен сумақылау жел сумаңдап ішегін со­за уілдейді. Қасақана ол да шы­бын құсап ызыңдайтын сияқты көрінді. Әлде қас қылғандай іші-ба­у­ы­рын кеулегені ме, әлде жұрттан артық дәрежесін мазақтағаны ма, әйтеуір қағынан жерітіп бақты. Бұдан әрі тасырқап тұра берудің ешбір реті жоғын ұқты. Аяқ ас­ты­нан жын қаққандай аумағы ат шап­ты­рым аула­сы­на алақтай қарап, көше жаққа бас сауғалай жүгіре жөнелді. Хан са­рай­ы­нан кем түспейтін үш қабатты коттеджінен тезірек қашып құтылғысы кел­ген­дей безіп ба­ра­тып жал­ма-жан шо­пыр баланың нөмірін те­ре бастаған. Шы­бын енді оның көкейінде шатақ шығарып шы­рыл­дап жа­тыр.

— Ба­се­ке! Ба­се­ке! Ба­се­ке-е-е!..

 II

 Ойы он саққа, са­на­сы сан саққа бөлінген ес­тан­ды хал­де Басекең ебедейсіз ентігіп жұмыс ор­ны­на да жетті-ау, жетті-ау. Жол бойы қызымырлана шо­пыр балаға орын­сыз жекіріп, түймедейді түйедей етіп екіленді-ай. «Та­зы ашу­ын тыр­на­дан аладының» кері ғой бұл. «Ағатай, өгей әкем құсап жер-жебіріме жеткенің басыңа көрінсін» де­ген арам пиғылмен «інісі» әрі кереңсіп, әрі мылқаусып рөлді басқара бер­ген… Кеңседе хат­шы қыздан басқа жан жоқ екен. Сызылған сұлудың сәлемін де алуға мұршасы бол­май, шай ішкісі келетінін айт­ты да кабинетіне жыл­дам кіріп кетті. Әрдайым кеш келетін бастығының әдепкі «ережесін» бұзып, ер­те келгеніне, күн нұрынан да бұрын жеткеніне таңданған. Көңіл-күйі қаяулы, қас-қабағы қатулы болғандықтан үшкір өкшесімен тықылдатып жүруді жөн көрмей, аяғының ұшымен ба­сып ас­ха­на жаққа қарай зып берді.

(Хат­шы қыздың адам­ды жалт қаратпай қоймайтын аққудың көгілдіріндей мінсіз көркі талайдың көз кұртына айналған. Бірақ былайғы еркектерді менсінбейтін. Өзі кер­без, өзі паң, өзі сәнқой. Тұрмыс құрған де­ген құр аты бол­ма­са, күйеуінен ажырасқанына бір жыл­дан ас­ты. Жұрттың алып-қашпа әңгімесіне сен­сек, отасқалы бері үш жыл­дай зарығып тапқан кішкентайы қосағынан емес, бастығынан-мыс, ал өзі бастығының сайқалы-мыс. Өсек шіркін жер­де қалған ба?..)

Ол негізінде мұздай вис­ки ішкісі кел­ген. Безгегі ұстаған кісіше діңкесі тау­сы­ла дірдектеген денесін «жүз грамның гра­ду­сы­мен» қыздырып алуға қарсы емес. Бірақ «ерек­ше күннің» зар­пы­нан ой­ын жинақтай бас­та­ды. (Бастық бо­ла тұра ми­сыз ақымақ емес қой). Со­сын ты­ныш­тан­ды­ра­тын дәріге жүгінді. Иә, бүгін «май­лы» мүмкіндікті құр жібермеу ке­рек, ке­рек. Қашаннан құлқыны құнығып, ара­ны апан­дай ашы­лып қалған соң бас тар­ту қиын. Кезекті «қанжыға май­лау» опе­ра­ци­я­сын жүзеге асы­ру үшін ба­рын салуға тырыспақ. «Жуудың» көкесі со­дан соң бо­ла­ты­нын топ­шы­ла­ды. (Істей жүріп тістей жүретін әдет біздің елдің бас­шы­ла­ры­на жұққан ауру дерсің, сүйекке сіңді дерт дерсің. Мықты болсаң сол кісәпірлердің да­уа­сын та­у­ып көр!)

Басекең мүлдем басқа-басқа қалыпқа түсті. Үйінде орын алған сұмдықтың бәрін түс құрлы еле­мей, пышақ кесті ұмытып, қызыл көрген бүркіттей қомдана на­сат­тан­ды. Құрысқан-тырысқаны жазылған ба, жүйе-жүйесі босаған ба… Миығынан сәл жы­ми­ды. Бақыттың хо­шы­нан ба­сы айналған ба, байлықтың бу­ы­нан мастанған ба… Енді екі-үш асаған соң шу қарақұйрық тай­ып тұрсам қайтеді де­ген азғырынды ой­ы­мен ар­ба­с­ты. Сірә, қимайтындай қайбір екі ту­ып, бір қалғаны бар дейсің. (Мы­са­лы, шенді шенеуніктердің ше­тел асып қашуы жаңалық емес. Тіпті, үрдіске айналдырғалы қа-а-ш-а-ан). Ке­нет бірсін-бірсін қалжырап, есінеп-құсынап, крес­ло­сын­да шалқалай отырған күйі қалғып кетті. Жүз жыл ұйықтамаған сын­ды.

  Қызара бөртіп тұрған түрі ба­ра-ба­ра сұрлана бас­та­ды. Сәлден соң тағы да ты­ныс алуы у жұтқандай қиындады. Қысылған көкірегіне сый­май жүрегі тар­сыл­дап алқымына тірелді. Ты­ны­сы­мен қоса бүкіл әлем тарылғандай, жүрегімен қоса бүкіл әлем жарылғандай… Тарс-тарс-тарс!.. Жо-жо-жоқ, есікті хат­шы қыз қағып, ка­би­нет­ке шай алып кіріп ке­ле жа­тыр. Сол сәтте Басекең манағыдай селк ете қалған еді. Кеудесінен шар тәрізді көкшіл жа­лын ұшып шықты. Бірақ оны хат­шы қыз байқамады, білем. Дөңгелене қалықтап жүрген нәрсе кәдімгі шы­бын бо­ла­тын. Иә, иә… Басекесі шыбынға ай­на­лып­ты. Ап-анық көрініп тұр: өзінен аумай­тын семіз көк шы­бын. Тегінде қазақ адам жа­нын шыбынға, дүниені боққа теңеген. Ақиқаты сол, ата­лы сөзге тоқтамағандықтан Хақтың жо­лы­нан адастық, има­ны­мыз­ды жоғалттық…

— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..

Басекең қалайша ұшып жүрмін деп таңғалды. Таңғалуы мұң екен, өз көзіне өзі сенбеді. Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан тәнін көріп аза бой­ын қаза қылды. Қимылсыз жатқан дәу денесі кішірейіп ба­ра жатқандай сезілді. Әлде, шы­бын да бол­са, зо­рай­ып кетті ме… Хат­шы қыздың бір-екі дауыстағанына тұра қоймады. Түртіп оятпақ бо­лып аяңдаған. Қасына тақалғанда бүгінгі көңіл-күйінің пәстігі алаңдатты. Сағатына қарап, әзірше ма­за­ла­май-ақ қояйын де­ген ой­мен ілби ба­сып шығып кетті. Ызыңдаған шы­бын да бірге ере шыққан. «Бұл менмін, Басекемін» деп айтуға тілі жоқ жазған жәндіктің. (Жәндік де­мей, жандық дегеніміз дұрыс шығар). «Бір жүрген қасымдағы сайқалым-ай, дүние өте шықты найқалып-ай» деп есіл дәуренін зар­лы әнге қосқандай бол­ды. Бәлкім, ол өлі денесіне ба­рып қонғанда қайтадан тіріліп ке­тер ме еді, кім білсін…

Ара­да біраз уақыт өтті білем, қол астындағы кіші бастықтар мәжіліс за­лы­на топ­та­са бас­та­ды. Сәлден кейін дөңгелек үстелге бәрі шірене жайғасып, енді жи­на­лы­с­ты бас­тай­тын Басекені күтулі. Бұл уақта шығыстағы кез­бе бұлттар жөңкіле көшіп, күн арқан бойы көтеріліп қалған. Одан дүние өзгерсе қане. Өгізаяң өмір, түлкібұлаң тірлік баяғыша жалғаса бер­мек.

— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..

Жиналған кілең кіші бастықтардың берекесі қаша бас­та­ды. Өйткені олар ызыңдаған шыбынның үлкен бастық екенін ой­ла­са­шы. Басекеміз әне-міне кіріп келеді деп отыр. Сондықтан барлығы жа­па-тармағай өре түрегеліп, қолдарына бүктетілген га­зет алып, шақырылмаған «бәлекетті» құртудың ама­лы­на кірісті. Абыр-са­быр. Қуғын-сүргін…

— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..

Көздерін шел басқан өңкей бастықтар шыбынның қыр соңынан қуалап жүр. Байғұс шыбынға да жан ке­рек. Қанатының талғанына қарамай, қонбастан зу­ыл­дап ұшып жүр. Азар да бе­зер… Әттең, оларға зекіп тас­тай­тын күнделікті тілі жоқ. Әйтпесе, ит терісін бас­та­ры­на қаптар еді. Ал қазіргі жандәрмен шырқыраған дау­сын ешкім естір емес. Құлақтарына тас тығылған дерсің. Бұрын-соңды мұнша азап шегіп, бұрын-соңды мұнша тауқымет тар­тып көрмепті. Бұрын-соңды мұнша жалғызсырап, бұрын-соңды мұнша жетімсіреп көрмепті… көрмепті…

Ай­тып-айт­пай қайтейін, ақырзаман орнағандай «ғарасат май­да­нын» бас­тан өткерді. Ақыры қашып құтылудың жо­лын тап­ты-ау, тап­ты-ау! Кішкене ашық тұрған те­ре­зе­ден ілдалдалап, әупірімдеп сыртқа шығып үлгерді. Өмірінде қиындықпен жа­ны елжіреп, ауырлықпен жүрегі езілмеген Ба­се­ке-Шы­бын еріксіз еңіреп кеп, ағыл-тегіл жа­сы­на ие бо­ла ал­май қалғаны. Жа­на­ры жіпсіктеніп, көз ал­ды бұлдырап кетті. Кең дүниемен осы­лай­ша жы­лап көрісті. Тамағына ащы өксік кептелді. Еркіндіктің қасиетін пәмлеген бе, әлде тәубесіне түскен бе… Бірақ та бәрібір кешікті. Ба­сы­на бостандық тигеніне қуанып ке­ле жа­тып… дың-ң ете қалған. Ұшайын де­се ұша ал­май­ды. Қанаттарын біреу қырқып тастағандай. Жан-жағына асықпай қараса, өрмекшінің әдемілеп тоқылған то­ры. «Асқанға тосқан, асауға тұсау» осы бо­лар де, мұхаррам оқырманым.

— Ыз-ыз-з!.. Ыз-ыз-з!..

Қанша бұлқынғанымен шырмауықтай шыр­мап алған желімді тор бо­сат­па­ды. Ты­раш­та­на тыпыршыған сай­ын өрмек жіп иесіне ха­бар­лап белгі бе­ру­де. Ендігі жер­де өзінің жемтік екенін өрмекшінің ажал сеп­кен көрдей суық та сұсты көзінен байқап тұрды. Дөңгеленген оқтай көзі өңменін тесіп жібермекке қадалғаны және хақ. Бор­ша-бор­ша­сын бір-ақ шығарғаны сол еді, сес­пей қатты. Жантәсілімін берерінде има­нын үйіріп, атау-кересін ішіп жетіспеді. Аузы­на «бісміллә» да түспеді. Ақырет ал­дын­да айтқан ақырғы сөзім де­ген­дей ақырын ғана ыз-з етті. Әлдеқайдан елең-алаңдағы сумаңдаған сыңаймен сумақылау жел же­ле-жор­тып жетті. Марқұмның жа­на­за­сын шығаруға асыққан мол­да­ша білетін ая­тын күбірледі-ай… Бұрынғылар айтпақшы: «Бақыт де­ген тойға кел­ген қыз емес пе, байлық де­ген қолға ұстаған мұз емес пе…» Ай­дан анық айтқаны шын екен.

Сөйткен Басекең, оба­лы не ке­рек, ла­у­а­зы­мын басқалардан қызғанғандай һәм мәңгі-бақи билік ба­сын­да оты­ра­тын­дай «тағынан» тұрмастан о дүниеге са­пар шекті…

P.S. Тумақ бар­да өлмек бар. Өзектіге өлім келейін де­се, шапшаң емес пе? Әлбетте, алдыңнан не күтетінін бол­жай алмайсың. Да­на халқымыз адам ғұмырының қысқалығын бір сөзбен бес күндік деп шы­бын жанға бай­ла­ны­с­ты айт­са ке­рек. Себебі біз мұқтасар ет­кен мақұлық та бар-жоғы бес-ақ күндей тіршілік кешеді-міс.

Асыл­бек ЖАҢБЫРБАЙ


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz