ЖАЛҒЫЗ ТӨБЕ

Жарнама

(Маңғыстаулық түс)

 Шейіттерді өлі демеңдер, олар тірі,
бірақ сен­дер сезіп біле алмайсыңдар.

(Бақара сүресі, 154-аят.)

Кей­де өзін тауға ұқсатады. Төбесін көкке тіреген асқар тау. Тәңірімен тілдескен әулие тау. Төменге иіліп қарамайтын тәкаппар тау… Кей­де өзін аралға ұқсатады. Теңіз тұңғиығынан қалқып шыққан жұмбақ арал. Табиғатынан қойнауы ал­тын мен күміске то­лы қазыналы арал. Тіршілік ата­у­лы­дан жұрдай жетім арал… Кей­де өзін молаға ұқсатады. Төңірегіне менмұндалап көрінетін күмбезді мо­ла. Төрт құлақтанып салынған сағана мо­ла. Түздің аңызағы мен жа­у­ы­ны мүжіген қиранды мо­ла…

Сөйткен мы­на жалғыз төбе кей­де өзін ештеңеге ұқсатпайды. Бірақ… Оқта-тек­те түс көретіні бар. Бұл өзі қызық жағдай. Кәдімгі адам­дар сияқты ұйықтап жа­тып түс көрмейді, мәңгі ояу күйде түс көреді. Далалық түс. Мыңжылдық түс. Бір сәттік түс. Егер ғайыптан тай­ып оның түсін бір адам көретін бол­са, сол түстен шыға ал­май қалуы мүмкін. Қалған өмірін түс әлемінде өткізеді. Ешқашан оян­бай­ды. Мұны маған озал­дан жет­кен жел айт­ты. Желдің кімнен естігенін білу маңызды емес. Мен үшін жалғыз төбенің түсі маңызды.

Иә, жалғыз төбе кей­де түс көреді. Маңғыстаулық түс…

Қараңғы түн. Қаралы түн. Бағзы түн. Жалғыз төбе қияндағы басқа бір жалғыз төбемен тілдесіп тұр. Тілдесудің құралы – от қана. Ұрандаған от. Аттандаған от. Ба­ба­дан қалған от. Жайшылықта жағылмайтынын осы мекендегі жұрт жақсы біледі. Жау шап­ты де­ген сөз. Ойдағы елдің ойрандалғаны жай­лы ха­бар жоғарғы ел­ге жетті. Жау қарасы ша­ма­мен үш жүздей екен. Бұйқыт жатқан ауылдың құтын қашырғаны бір бұл емес. Бұған дейін де арадағы соғыспау ту­ра­лы уағданы ұмытып, бітімді бұзған-ды. Талауға түскен мал­ды айтпағанда, «қара күн ту­ды ба­сы­ма, та­ра­лып өсер бой қайда» деп зар жы­лап дұшпанның жетегінде кет­кен қарындас қаншама десеңші. Та­лайы жат жер­де күңге ай­нал­ды. Ал мы­на бір айдаудағы көп арудың мұңлы дау­сы қаракөк ас­пан­ды теңселтіп, ала қырдың үстін күңірентіп ба­ра­ды.

Әлқисса, таң атқанша жалғыз төбенің ба­сы­на бес қаруын асынған, кіл жа­рау ат сайлаған ал­пыс жігіт жи­ыл­ды. Ал­пы­сы да «жау үстінен ар алған, ел үстінен баға алған» на­мы­с­ты ер еді. Әуелі көкте Ал­ла­мыз жар бол­сын деп, со­сын жер­де піріміз қолдасын деп, қол жай­ып, ба­та қылды. Тәуекел – ердің ісі-дүр. Са­ра­ла ту­ды көтеріп, ал­пыс ба­тыр жау сағынғандай желіп келеді. Алыс­тан шұбырған көш, шұбалған шаңды көрген атайы ала­ман іздегеніміз осы де­ген­дей атой­лап лап қойысты. Қайтқан іздерін ке­се көлденеңдеп шыққан ал­пыс жігітті байқаған қаптаулы қалың дұшпан алғашында сасқалақтап қалды. Естерін әрең жи­ып, жол тосқандардың аз екенін білген соң олар да тұра шап­ты. Жан алы­сып, жан берісер шайқас бас­тал­ды да кетті. Ал­ды­мен ал­пыс жігіттің ішінен жи­ыр­ма мер­ген алғы шеп­ке шығып, қырлы мылтықтан оқ жа­у­ды­рып, жетеуін сұлатып сал­ды. Біразға дейін қарсыластарын жо­лат­па­ды. Са­ны көп болғандықтан дұшпан да осал емес. Үш қайтара шап­ты. Ақыры шегінуге ту­ра келді. Ама­лы таусылған жау жағының қолбасшысы ал­пыс жігіттің бас ба­ты­рын жек­пе-жек­ке шақырды. Екі жақ та қақақуласып тұра қалысты. «Құдайдан сұрағаным сенсің» деп бас ба­тыр көк сүңгісін өңгеріп, наргескенін жалаңдата ұмтылды. Астындағы «та­на­у­ла­ры та­лыс­тай, құлақтары қамыстай» қой мой­ын­ды құла аты жүйткіп келеді. Ақырған да­у­ыс­тар­дан да­у­ыл соққандай боп, ала­са­пы­ран қайта бас­тал­ды. Әруақтап көк сүңгісін сілтеген бас ба­тыр қас қағымда жай оғындай жарқылдап өтті. Құрақтай ұшып түсіп, топырақта ау­нап жатқан қолбасшысын көрген дұшпанның шебі те­зек­тей ша­шы­лып ыды­рай бас­та­ды. Сөйтіп жүргенде шетінен қырылды. Оңай олжаның түбі ой­ран­мен аяқталды.

Жіберген есе, кет­кен кектің қайтқанына ал­пыс жігіт қуанысып жат­ты. Қынабында тот ба­сып қалған қылыштарын қанға су­ар­ды, сайғақтай қуарып қалған най­за­ла­ры­мен ар­ман­сыз көбе бұзды. Бір кез­де қырпу ас­ты­на жасырынған бес-ал­ты жау бас сауғалап қаша жөнеледі. Оны қалт жібермей байқаған бас ба­тыр өзім-ақ өлтіре са­лай­ын деп құла ат­пен соңдарынан қуып ба­рып, көк сүңгісін енді шан­ша бер­ген­де… та­пан­ша гүрс-с етеді…. Жүрек тұсы дүрс-с етеді… Көз ал­дын­да бұлдыраған дүние дөңгеленіп ба­ра жат­ты. «Ел­ге сәлем айтыңыз,  қош, аман-сау болыңыз, көріселі мах­шар күн» деп ақырет алдындағы ақтық сөзін ай­тып, шейіттік са­па­ры­на ат­тан­ды. Иесінен айрылған құла ат жау қолында кет­кен-ді. Қанын жу­май, киімін кебін қылып бас ба­тыр­ды қандыкөйлек жол­дас­та­ры ару­лап жерледі. «Қырық жыл қырғын бол­са да ажал­ды өледі» дейді. Бірақ елін қорғаған есіл ер­лер өлмейді. Олар­ды ұрпақтары мәңгі-бақи ұмытпайды. Есімдері та­рих­та ал­тын әріптермен жа­зы­ла­ды.

Жалғыз төбе тағы да түс көріп жа­тыр. Маңғыстаулық түс…

Алыс­тан та­лып жетіп ат дүбірі құлаққа ша­лы­на­ды. Тағы да елдің ма­мыр­стан тыныштығын бұзуға аттанған ала­ман қол емес, бұл жо­лы же­ке да­ра ша­у­ып келеді. Таңғалмасқа ша­ра жоқ. Нет­кен жершіл, нет­кен адал еді мал­дан зи­ят қасқа! Баяғы жау қолында кет­кен қой мой­ын­ды құла ат иесінің ба­сы­на келіп тұр. Су тағының құлыны атанған қайран жа­ну­ар-ай, дұшпанға мал бол­ман деп жат ме­кен­нен қашып кел­ген ғой. Көз жа­сын көл қылып үш күн азы­на­ды. Ақырғы рет кісінеді де иесі жатқан жер­ге ба­рып құлап түсті…

                                                                                        Асыл­бек ЖАҢБЫРБАЙ


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz