Ойыншығың қандай, бүлдіршін?

Жарнама

Ойыншығың қандай, бүлдіршін?Қазіргі таңда қай дүкенге, қай базарға барсаңыз да көздің жауын алар балаларға арналған ойыншықтарға кезігесіз. Мұндай ойыншықтарға балалар ғана емес, үлкендер де назар аударып, қызыға қарайды. Олардың арасында бірді-екілі ұлттық болмысымызды көрсететіндері болмаса, барлығы дерлік Қытай ойыншықтары. Баласына қуаныш сыйлағысы келген ата-ана осы бір Қытайдың бағасы арзан, сапасы төмен ойын-шықтарын сәбилерінің қолына ұстатады. Қытай қуыршақтарының баланың денсаулығына қандай зиян келтіретініне мән беріп, назар аудармайды. Үнемі сапасыз ойыншықпен ойнаған баланың ағзасына үлкен зиян келеді. Мұндай сапасыз дүниелер баланың өсуін де тежейді екен. Базарларда тек Қытайдан әкелінген ойыншықтар сатылатынын ескерсек, еліміздің болашағы балалардың өміріне қаншалықты зиян келіп жатқанын шамалай беріңіз. Қазір қай базарға бас сұқсаң да, балаларға базарлық көп. Әсіресе, самсаған ойыншықтар көздің жауын алады. Үлкені де, кішісі де, сүйкімдісі де, сұрықсызы да, қаттысы да, жұмсағы да бар. Бала түгіл, ересектердің өзі осы ойыншықтарға қарап, өзінің есейіп кеткеніне өкініп қала ма дерсің.

Қара базардағы ойыншықтардың 80-90 пайызы Қытайдан келеді. Қа-зақстанның стратегиялық әріптесі және көршісі Қытайдың шығаратын ойыншықтарының құрамынан формальдегидтің жоғары деңгейі анық-талғанын мамандар ескертеді. Тұтынушы халық бәрін біліп, көріп тұрса да базардағы ойыншықтардың көркін жандыруды қояр емес. Бала болашағына немқұрайды қарау – өз тамырыңа балта шапқанмен тең.

Сәбидің серігіне айналған ойыншықтар балалардың сана сезімінің өсуіне әсер етеді. Ойыншықтар ұлттық тәрбие беретін құралдардың бірі. Бүгінде шетелдік мультфильмдер мен фильмдердің кейіпкерлерін бейнелейтін қуыршақтар саны өте көп. Олардың барлығы енді ғана қалыптасып келе жатқан баланың санасын улайды. Мұндай ойыншықтардың орнына өзіміздің аңыз-әңгімелеріміз бен ертегілеріміздің кейіпкерлері ержүрек батырларымыз бен ақылды аруларымызды бейнелейтін отандық ойыншықтарды ұсынсақ құба-құп болар еді. Осы мақсатта продюсер Қыдырәлі Болманов ұлттық бағыттағы қуыршақтарды дайындап шығарды. Алдар көсе, Тазша бала, Ер Төстік сияқты ойыншықтардың тәрбиелік мәні зор. Жоба авторының сөзіне сүйенсек, бүгінде 80 мың қуыршақ дүкендерге сатылымға шығарылған. Бұл қуыршақтар ана тілімізде ән салып, балалармен әңгімелеседі және би билейді. Ұлттық нақыштағы қуыршақтарды ұсынып отырған «Балбала» компаниясы ойыншықтардың сапасы, тәрбиелік мәні және қауіпсіздігіне баса назар аударады. Бұл компания ұсынған ойыншақтар балалардың патриоттық сезімін оятуға да өзіндік ықпал етеді. Алайда, мұндай ойыншықтарды алуға кез келген ата-ананың қаражаты жетпейді

Қазақтың қай бүлдіршіні болсын қуыршақпен ойнап өсетіні белгілі. Қазір сан алуан ойыншықтар дүкенде самсап тұр. Бірақ олардың сапасы күмән тудырады. Себеп — олардың көбі Қытайдан шыққанында… Сапасы сын көтермейтін, бірнеше күннен кейін-ақ сынып қалатын жылтырақ ойыншықтар нарықты жаулап алды. Әсіресе жұмсақ ойыншықтардан жұғар, келер қауіп жаға ұстатарлықтай. Іштерінде түрлі химиялық заттары бар қуыршақтар дүкен сөрелерінде сіресіп тұр. Бүгінгі бала немен ойнайды? Қаламызда ойыншықтар сататын бір емес, бірнеше дүкендер бар. Сондай-ақ, базарда да ойыншықтардың сан алуан түрін таба аласыз. Әр апта сайын өтетін мерейтой, шілдехана, қыз ұзату, үйлену тойында да ойыншық  шашып жатамыз, алайда оның сапасына аса мән аудармайтынымыз өкінішті. Осы ретте ойыншықтардың сапасы туралы мамандардың пікірін тыңдайық:

Саясат Ажиғалиева, балабақша әдіскері:

— Біздің балабақшадағы ойыншықтар Ресейден портал арқылы алынады. Барлық ойыншықтар тазартылып, жуылып тұрады. Ата-ана ойыншықты бала санасының дұрыс қалыптасуы үшін ғана сатып алмауы керек. Бала денсаулығы — басты нәрсе. Қытайдан келетін балалар өнімдерінің зияны бүгін келмесе де, ертең денсаулығынан кінәрат табылатыны анық. Ойыншықтар баланы жан-жақты тәрбиелеу құралы десек, артық айтқандық емес. Баланың дүниетанымын ғана емес, қимылын да дамытады. Қолдарымен, саусақтарымен жұмыс істегенде миы да дамиды. Жыл сайын сырттан әкелетін тауар құнын өз елімізде отандық ойыншықтар дайындауға жұмсасақ нұр үстіне нұр болар еді. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды өзіміз ұлықтамасақ, бізді ешкім дәріптемесі хақ. Сондықтан, еліміздің келешегі балалардың санасын Қытай қуыршақтарымен уламай, ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді көрсететін ойыншықтардың көбеюін тілейік.

Әйгерім Исабаева, санитарлық-эпидемиологиялық стансасының маманы:

— Біздің базарда сатылып жатқан балаларға арналған ойындар мен ойыншықтардың негізгі бөлігі  шындығында Қытай Халық Республикасында шығарылған. Сапасыз тауарлардың негізгі бөлігін Қытайдан жеке саудагерлер әкелетін, қолмен жасалған өнім құрайды. Осы тауарлардың аз көлемде болуына байланысты әдетте сертификациялау немесе санитарлық-эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу үшін кедендік қызмет органдары шекарада және олар қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарсыз базарға түседі де сол жерде дүкендерге қарағанда арзан бағамен сатылады. Зауытта шығарылған қытайлық өнім сапасының жақсы болуымен ерекшеленеді, өндіруші фирманың көрсетілген барлық қажетті құжаттары бар, республикаға үлкен партиялармен түседі және тиісті кедендік рәсімнен және бақылаудан өтеді. Одан әрі осы өнім олардың қауіпсіздігін растайтын барлық құжаттары бар сауда орталықтарында, дәріханаларда сатылады. Мен сіздерге және сіздер арқылы барлық ата-аналарға балаларға арналған ойыншықтарды сатып алу кезінде ең алдымен:

1. Сатушыдан сатылатын ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етуге;
2. Ойыншықтарда ақаулардың, сызаттардың, қабыршақтанудың болуын тексеруге;
3. Егер ойыншық боялған болса, бояуды саусақпен сүртіп көруге;
4. Егер ойыншық жұмсақ болса, онда оның түгінің түсіп жатпағандығын тексеруге;
5. Ойыншықтарда бөтен, өткір иістің болуын иіскеп көруге кеңес берер едім. Жоғарыда көрсетілген ақаулар мен иістер болған жағдайда, ол ойыншықты сатып алмау керек.

Меруерт Құсайынова, ата-ана:

— Мен үш бала тәрбиелеп отырған анамын. Екі ұлым мектеп оқушылары, қызым балабақшаға барады. Базарға барсаң да, сауда үйлерін араласаң да, Қытайдың ойыншығы мен қуыршағы алдыңнан шығады. Ал оның сапасы белгілі. Арнайы тексеріске апармаса да, алыстан жа-ғымсыз иісі Қытай тауары екенін әйгілеп береді. Қытайдікі емес шығар деп, қымбатын алсаң да, айналып келгенде, оның да Қытайдікі екені анықталады.

Айдана Ержанқызы, балабақша бүлдіршіні:

— Менің үйде де, балабақшада да көп ойыншықтарым бар. Үйде ән айтатын қуыршақтарым, үлкен аю ойыншығым да бар. Мен ойыншықпен ойнағанды жақсы көремін.

 

Гүлсезім ТАЛМАСОВА


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz