Сәттілік туралы сыр

Жарнама

Түсіндірме сөздікте «сәт» — ыңғайлы бір мезет, белгілі бір кез немесе істің қолайлы кезі, орайы деген мағынаны білдірсе, «сәттілік» сөзі ойдағыдай болған жетістік, сәті түскендік, орайы келгендік тәрізді мағынада жұмсалады. Сәтті қадам мен бірге сәтті адамдар болатынын сіз бен бізге тіршілік өзі дәлелдегендей.

Өмірге келген әр жанның жарық дүниенің төрт бұрышының бірінен өзіне лайық орын тауып, ғұмыр кешері сөзсіз. Ол адам сол өмірінің кезеңдерін мүмкін сәтті, мүмкін сәтсіз өткізер. Өйткені, жұмыр жерді мекен еткен пенделердің тағдыры, өмір ағымы бір – бірімен тоғыса бере ме немесе, тағдыр оларға бірдей сый ұсынып, бәріне күліп қарар ма екен?… Әй, қайдам!? Әлде жаратқан тәңірі «тәттіні көп берсем, қадірі кетер» дей ме? Сондықтан болар, адамдардың бірі бұл өмірге риза боп шаттанып, тұла бойын, жаны мен тәнін қуаныш билесе, екіншісі тәлкекке түсіп, теперіш көрген тағдырына қарғыс айтады.Бұндай екі түрлі арнамен ағып жатқан ала – құла тіршілік иелерінің өмірі күнделікті көз алдымызда кинотаспадай өтіп жатыр. Бірақ сәттіліктің түпкі себебін базбіреуі тұрмыс деңгейінен, келесілері басқа құндылықтардан іздейді.

Тұрмысы мен болмысы біте қайнасқан қазақ халқы өз басынан алмағайып замандарды өткізе отырып, тәуелсіз заманға да жетті. Бұл бүкіл қазақ халқы үшін сәтті кезең деп толық айта аламыз.

Тарихты адам жасайды. Оған өзгеріс жасап, заман ағымын өзгертетін күшке ие адамды жарық дүниеге сыйлай алған құдіретке бас имеске шара жоқ. Бұл өмірге қаншама сәтті жан иесі келіп, халыққа пайдасын тигізіп, елінің есінде қалды. Мен білетін ұлылар, даналардың бәрі мен үшін сәтті адам образын сомдайды. Тұтас халықтың өміріне өзгеріс жасаған тұлғалардың бірімен – бірін салыстыруға да келмейтіндігі тайға таңба басқандай. Менің көңіліме тұнып, көз алдыма келіп, өз өміріме үлгі боларлықтай адамдар да – сол тұлғалар.

Үзілмес шынжырдай бұғауды мойнына қамыт қылып салған қым – қуыт зауал заман артта қалып, таңы арайлап атқан, егемендігін алып, бақыт құшағына бөленген бүгінгі қазақтың маңдайына біткен бірегей тұлға – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев. Ойы мен арманы ұштасқан, сөзі мен ісі қабысқан, ел қамы, болашағы деп тынымсыз еңбек еткен ел ағасы — менімен қосқанда бүгінгі және ертеңгі әр қазақ үшін сәтті адам образының керемет үлгісі. Ол өмірге келгенде даланың әр гүлі атып, күні күліп, таңы арайланып, көкжиегі нұрға бөленген шығар. Табиғат ерекше күйге бөленіп, уақыт та өз жүрісінен жаңыла жаздағандай болды ма бәлкім. Бәрі мүмкін… Әйтеуір менің жүрегім сол кезде мына жарық дүниеде бір өзгеріс болған шығар – ау деген ойға толады да тұрады…

Адам шыр етіп дүние есігін ашқаннан соң, жаны ақ парақтай жарқырай ағарып, аңқылдақ сәби көзқараспен қадам басып, өсе берер. Осы жолда ол түрлі бұралаң соқпақтар мен сүрлеулерге түсер.Бірі сәтті, бірі қатты, бірі тәтті күндер оларға түрлі қызықтары мен шыжықтарын ұсынар. Адам баласы өз ұрпағын осындай кезеңдерге алдын – ала дайындап, оның болашаққа деген қадамын ырымдап «Сәтжан», «Сәттіғұл», «Сәтбай» деп ат қойып жатса, аптаның үшінші күнін де «сәрсенбінің сәті» деп өздерін сәт сайын жақсылыққа ыңғайлап жатады. Тұрмыстағы мұндай пендешілік тірлік ұғымдар — «қалып айтпайтын» халықтың атам заманнан келе жатқан игі ырым, тілегі.

Мен ел үмітін ақтауға тырысқан, отанын қорғап, сол үшін еңбек етіп, тер төккен, намысы мен отаншылдық сезімі қоса өрілген қос өзендей қатар аққан кеудесі күмбірге, көкірегі сәулеге толы жанның әрбірі ел үшін сәттті туылған адам деп айта аламын. Өмірге кірпіш болып қалана білген, халқының керегіне мейлі аз , мейлі көп мөлшерде жарай білген жандар ғана мен үшін сәтті адам болып елестейтінін қайталағым келеді.

Халықтың бағы мен арына бола туған ақмаңдай ұлдары мен қыздары тарихта да, осы өмірде де аз кездеспейді. Өйткені, бұл жарық дүние, оның тыныштығы мен бейбіт тынысына да сол адамдардың септігі тиіп отыруы әбден мүмкін. Мен өзім және өз тұстастарыма бүкіл жан дүниеммен жар салғым келеді. «Ей, адамзат! Ей, арлы қазақ! Алдымыздағы шамшырақтай жанып тұрған азаматтарымыздың ақылды қадамдары мен асыл істеріне қолдау болып, қолымыздағыны қадірлей білейік, солардың өмірін өзімізге үлгі етейік, сөзі мен ісін көкірегімізге тоқып, құлақ – көзімізді соған бағындырайық!» деген жанайқай кеудемнің түкпірінен күмбір қағып, кішкентай жүрегіме тыныштық берер емес. Қане, маңдайға біткен асыл азаматтар мен алтын отанымызды алақанға сала көтерейікші бір…

Тарих дөңгелегін бірге дөңгелетіп сап түзеген сәтті адамдар қатары көз алдымнан қадам басып өте бергендей…

Таңсұлу Жакешова
ҚР журналистер Одағының мүшесі


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz