Қайырымсыздық – қайырусыздықтан

Жарнама

Бұдан мың жыл бұрын атақты Жүсіп Баласағұн өзінің «Құдатғу білік» атты кітабында: «Нәпсі деген – нәпсідүр, жанған отқа салардүр» деп жазады. Ғұламаның пікірін тарататып қарайық.

Жалпы нәпсі дегеніміз — адамның дене және жан қажеттерін, рухани талаптарын қанағаттандыруға бағытталған әуестену.

Тірі жанның қажеттілігі өте көп. Оның бәрі ақылмен және нәпсімен басқарылады да, егер ақыл нәпсіге билік құрса, ол пендеге бақыт сыйлайды. Ал егер, нәпсі ақылдан үстем түссе, оның ақыры азғындыққа апарып соғары сөзсіз. Содан сақтандырған халық даналығы: «Бере береді екен деп ала берме, құя береді екен деп іше берме» дейді. Нәпсіні инстинкт басқаратындықтан айуан ғана ие бола алмайды, ал адамға берілген ақыл, парасат, ар, ұят оларға нәпсісін тежеуге мүмкіндік береді. Шектен тыс құмарлықтың кесірінен қоғамымызды жайлап алған маскүнемдік, нашақорлық, ұрлық, парақорлық түптеп келгенде, нәпсісін тыя алмағандықтың салдарынан болады. Рим философы Сенека: «Өзіңді билеу – ең жоғары билік, құштарлықтың құлына айналу- ең қорқынышты құлдық», — деген екен. Сондықтан, барлық аурудың басы қайдан шығып жатқанына бір сәт назар аударсақ, мәселенің мәнісі — балаға жасынан берілген тәрбиенің дұрыс-бұрыстығына келіп тіреледі. Жарық дүниеге іңгәлап келген нәрестенің көзін ашқаннан керегі көбейеді. Күн өткен сайын көрінгенге қолын созып, ілінгенді аузына салады. Бірақ уақыт өте келе ол жаманды жақсыдан, ақты қарадан, ащыны тұщыдан, ыстықты суықтан айыра бастайды. Осы жерден басына деген пайдалыны таңдау деген де шығады. Бұл кезеңде баланың бойында әңгіме басында сөз еткен ақыл мен нәпсінің ашық майдандағы айқасы көрініс табады. Қайсысының жеңіс табары тәрбиесіне байланысты болмағы да осыдан. Қазіргі күнделікті өмірде, өкінішке орай, көріп көзіміз, естіп етіміз өлген жайттар алдымыздан шығады. Бұл – сұрағанын қиындықсыз алып әдеттенген, тіпті сұрауды ойламай қалағанын алып үйренген бала әрекеті. Шаңырақты «айналайын» өтіп кеткендер мен дегені болуға дағдыланған балалар  жайлағанын  қазіргі ата, аға буын өкілдері жыр қылып отырғанын әрқайсымыз біліп-естіп жүрміз. Бір қызығы, солар айтып отырып та сол жағдайға жол беруге еттері өліп кеткен. Егер айтқаны болмаса, ата-анасына аузына келгенін айтып, төбесіне түкіретіндер кездесіп жүр. Астына көкесінде жоқ көлікті мініп, қалтасына неше нөл жетектеген теңгенің тажалы болған телефонды салған «қарағым» қара майдың астында күні-түні қызмет еткен әке мен бір қолын екі ете алмай жүрген ананың қадірін қайдан білсін! Ондай баладан болашақта бардың қасиетін білмейтін, жоқтың тақсіретін көтере алмайтын «бозымбай» шығатынына күмәні барлар бола қоймас.

«Бала тәрбиесі-бесіктен», баланы  қалағанын алатындай етіп тәрбиелеу –қателіктің басы. Кез-келгенге қолын созып жылап отырған балаға «құлағымыз тыныш болсын», «тез жұбана қояды» деп не болса соны ұстата қоюмен біз оған теріс тәрбие беріп, оның нәпсісін ашып жатқанымызды біле жүрейік. Тәрбиелей алсаң, бүлдіршін де «рұхсат жоқты» түсінеді. Ешкім өз баласын жек көрмейді, шамасына қарай бәрін алдына тосып, аузына салғанды жақсы көреді. Мәселе — осы бір жіңішке жерден тірбиенің тінін үзіп алмауда ғана. Оның үстіне осы заманда «Мен сөйте алмап едім, енді балам өзімнің көрмегенімді көрсін» деген сөздерді жиі еститін болдық. Оның да жамандығы жоқ шығар, тек әке мен шешенің тілегін бала түсінсе дейсің ғой. Қай нәрсенің де ешбір заңда белгіленбеген мөлшері мен өлшемі бар. Халық қабылдаған қалыпқа сыймай жатқан нәрсе көзге оғаш көрінеді. Ағылшын тарихшысы Кэмден «Озбырдың көзін тойдырғаннан өзін тойдырған оңай» деген сөзін тегін айтты ма дейсің? Тойымсыз бала қайырымсыз болады. Ал, қайырымсыздық — қайырусыздықтан. «Тұқымымызда мұндай мінез жоқ еді, бұл бала қайдан шықты?» деп таңқалып отырмау үшін, құрғақ уағыздан гөрі балаға дұрыс тәрбие беріп, өнеге көрсеткен жөн шығар. Үлкендер «тек!» сөзін есінен шығармаса екен.

Абайдың «Баланың жақсысы-қызық, жаманы-күйік» деген сөзіне осы күні мысал көп. Ата-анасына тек материалдық көмек көрсетуді де перзенттік парызды өтегендік деп ұғатындар бар. Бұл қате түсінікті де қалыптастыруға негіз болатын өзіміз екенін мойындауға тура келеді. Өйткені, баланың бас ұстазы –ата-анасы.

Ұл-қызымыз қайырымды болсын, ағайын!

Автор: Таңсұлу ЖАКЕШОВА
ҚР журналистер Одағының мүшесі


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz