Қызық қуып, қасиетті ұмытпайық

Жарнама

Соңғы жылдары 14-ші ақпан күні — «Әулие Валентин» немесе «Ғашықтар мейрамы» ретінде тойланып жүргендігі ешкімге жасырын емес. Жастарымыз сауықшыл ма, әлде өзіміздің той-томалаққа әуестігімізден бе — әйтеуір жасөспірімдер арасында кеңінен қолдау тапқан осы бір күн қазақтың даласына жайылып, баласына ұнай бастады. Қайсыбір кездері оқу орындарында сезім білдірген хаттарды салатын арнайы жәшіктер күні бұрын ілініп, кәусар сезімін осы жолмен білдірушілердің қолдауына ие болғанының куәсі болғандар бар. Бұл күндері базарға бара қалсаң да, жүрек пішінді қатырма қағаздардың  сан түрі мен көптігінен көзің ауырады. Оның болашақ иегерлері де сол – жастар мен жасөспірімдер.

Мұсылман қауымына, соның ішінде қазақ өміріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бұл күннің қайдан пайда бола қалғандығын ойлап жатқан жан бар ма? Кеңес Одағы құласымен, Ресейдің ақпарат арналары арқылы елімізге таралып кеткен «Әулие Валентин» күнінің католик дінін ұстанатындардың діни мейрамы екендігін біле бермейтіндер ел ішінде бар. Тіпті сол күннің не себепті шығып, қандай мақсатта таралып жатқандығынан бейхабар жандарға мереке қарсаңында тойламай тұрып ойланып алуына мүмкіндік жасағымыз келді. Көкейдегі осы бағыттағы сауалдарға жауап алу үшін бір мешіттің имамына жолығып едік.

—  Аға, алғашқы сұрағымыз — «Ғашықтар күні» ретінде тойланып жүрген

«Әулие Валентин» күні туралы не айта аласыз?

Мен бұл мереке туралы ақпарат құралдарында жарияланып жатқан деректер арқылы ғана білемін. Ислам дінінде мұндай діни мереке жоқ, ал қазақ халқында мұндай ұлттық мереке болмаған деп айта аламын. Сонда бұл қайдан келді? Егер БАҚ хабарламаларына көз жүгіртсек, ежелгі христиандық аңыздарда бір емес, үш бірдей Валентин атты белгілі кісі болыпты. Соның бірі – 269 жылдың 14-ші ақпан күні өлім жазасына кесілген католик шіркеуінің діндары, әулие Валентин. Ол Рим императоры Юлий Клавдийдің жауынгерлердің үйленуіне тыйым салынғанына қарамастан, жасырын түрде неке қию рәсімдерін жасағаны үшін айыпталады. Валентин жазаға тартылатын күн римдіктер үшін махаббат тәңірі делінетін Юнонға арналған мерекемен сәйкес келеді. Арада 200 жыл өткен соң, Геласиус императордың шешімімен аталмыш мерекеге Валентин «әулиенің» есімі қосылып, католиктер үшін аса құрметті мейрамға айналып кете барса, екінші бір аңыз бойынша, Валентин атты діни қызметші христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалады. Темір тордың арғы жағында отырған кезде ол түрме қарауылының қызына ғашық болып, оған «Сенің Валентиніңнен» деп хат жолдайды. Кейін оның басы шабылып, Виа Фламин зиратына жерленеді. Ал, үшінші Валентин де азаппен өлтірілген Терни қаласының христиан дін қызметкері болған. Кейін діни шіркеу оны «әулие» деп тауып, сол қалада жерленген. Бұл мерекені Батыс Еуропа XIII ғасырдан бері, АҚШ халқы 1777 жылдан тойлап келе жатса, Ресейге тек 1990-шы жылдан басында келген болатын. Ресей арқылы бізге жеткені белгілі болып отыр.

Бұндай мерекенің қазаққа керегі бар ма? Осы мәселені шешу барысында «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін мерекелеу туралы ұсыныстың шығуына қалай қарайсыз?

Мұсылман мейрамында бір күнді мейрам деп атау үшін ол күнде қасиет болу керек. Мысалы, Машура күні қанша пайғамбарымыз қиыншылықтан өтті. Сол үшін де ол үлкен мереке. Қазақ халқында қаншама керемет діни, ұлттық мерекелер бар. Біз әуелі солардың мәнін терең түсініп, жас ұрпақтың бойына дарытып, сіңдіре білуіміз керек. Олардың әрқайсысында жатқан қасиетті бағалай біліп, тәрбиелік мәніне үңілуге назар аударған жөн деп білемін. Ал мына күні бір қасиет бар дегенді біз естіген жоқпыз. Аталған күннің бізге тез таралуының себебін коммерциялық жағынан да іздеу керек. Өйткені ол күні басқа да мерекедегідей гүл, естелік сыйлықтардың саудасының жүретіні белгілі. Жақсы нәрседен үрікпей-ақ қояйық, жастар бір-біріне деген кәусар сезімдерін  білдіріп, ілтипатпен қарап, мерекелесе онда тұрған еш жамандық жоқ. Бірақ, адамзатқа ортақ ғашықтық атты сезімді тойлауға жаңа өзіңіз айтқандай, қазақ тарихындағы махаббат символына айналған бір атауды қойсақ лайықты болар деп ойлаймын. Ұлт тарихында болып көрмеген мереке болғасын үлкендер жағының қабылдай қоюы екіталай, бірақ біздің басты мақсатымыз – жас ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиені заман талабына сай көзқараспен қабыстыра отырып, біртіндеп сіңіру. Өйткені, ата-баба салтын дәл сол күйінде сақтап отыру қарбаласы мол қым-қуыт тіршілікте өте қиын. Осыны сылтау етіп, өткенді ұмытып кетпеудің бір амалы — оның жаңа қалыбын іздеу. Бабалар салған салтты сақтап, діннен хабарсыз қалмаудың бірден-бір жолы да ескі ізге жаңа соқпақ салудан басталады.

Мен бұл күнді мереке ретінде тойлауды қолдамаймын. Себебі, қайталап айтамын, әр мерекелі күннің қасиеті болуы керек. Әр нәрсенің байыбын тереңнен ойласа, жастарға қалай жарасар еді? Қызықтап жүріп, қасиетті ұмытып кетпеген жөн. Жастарымыз өздерінің мұсылман екендігін бір сәтке еске алып қойса, қазақтың төл дәстүріне осылай құрмет көрсете білсе етті!

—  Бұл мерекені таратушылардың түпкі мақсаты неде деп ойлайсыз?

— Мұсылман ғалымдардың пікірінше, «әулие» Валентин күні пұтқа табынушылық белгісі бар мереке болып табылады екен. Өйткені, бұл мейрамда балгерлік пен сәуегейлік жасау басты рөл ойнайтыны белгілі. Мәселен, адамдардың әртүрлі заттарға немесе табиғат құбылыстарына сеніп, соған табынып, солардың «нұсқаумен» өмірдегі екінші жартыларын табуға тырысуы осыны көрсетіп тұр. Нәпсіні қоздыратын тағамдар мен ішімдіктер де бұл күні кеңінен пайдаланылады. Осының бәрі ислам діні мойындамайтын жалған сенімдерге жатады. Соған қарағанда, діни астар да бар секілді. Бизнесте де үлкен табыс әкелетіні бесенеден белгілі болып отыр.

 

 

Таңсұлу ЖАКЕШОВА
ҚР журналистер Одағының мүшесі


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz