Серіктеспен босану сән бе?

Жарнама

Серіктеспен босану сән бе?Соңғы кездері теледидардан көрсетіліп жатқан неше түрлі көрсетілімдерден, сонфң ішінде сериалдардан босанғалы  жатқан әйелдің күйеуі де бірге қиналып, бір толғанып жатқандарын көріп жағамызды ұстап жатырмыз. Мінеки, осы серіктеспен босану дәстүрі біздің елде де етек алып бара жатыр. Әр елдің салты басқа демекші, серіктеспен босану бізге  жат қылық сияқты көрінеді. Әйтсе де, бүгінгі жас аналардың пікірінше: «Босану кезінде менің ғана қиналуым керек пе екен, баланың дүниеге оңайлықпен келмейтінін еркектер де түсінсін» дегендерін жиі еститін болдық. Акушер дәрігерлердің айтуынша: «Босану уақыты таяу аналар серіктестерін өздері  таңдайды, көбіне анасын, енесін, енді біреулері құрбысын, кей жағдайларда күйеуінің кіргенін қалап жатады. Біздің айтармыз кім кірсе де жас анаға психологиялық тұрғыдан көмектесе алатын, тәжірибелі, сенімді де епті адамның қатысқанын жөн санаймыз» дейді. Ал, психологтардың пікірінше: «Жалпы босану сәтінде көпшілік ерлер қауымы қатыса бермейді, әрине, батылдары мен төзімдері жетпейтіндері хақ. Босану процесіне куә болған ер-азаматтардың жиіркенішінен бұрын, жарына деген сүйіспеншілігі артады. Өзінің өмірлік жолдасының қандай сәтте болмасын қолдағанын әйел адам іштей қалайды», — дейді.

 Н. ҚАРАЖАНОВ, жас әке:

— Құрметті оқырман қауым мен бұйырса екі баланың әкесі атанамын. Тұңғышымызды босанғанда келіншегіммен бірге перзентханаға кіруге батылым жетпеген еді. Әлі тәжірибем жоқ, жаспын, әрі жүрегімде қорқыныш болды. Сондықтан екінші сәбиімізде жарыммен бірге боламын деген ойда едім, бірақ батылым жетер емес. Осындай сәттерде анамның бар болғаны қандай жақсы деп ойлаймын. Ене мен келін арасы әрқашан жақын, бірін-бірі түсінеді ғой.

Н. ЖҰМАБЕКОВ, жас әке:

— Мен жақын арада әке атанамын, әрине, бұл өте қуанышты жағдай. Бірақ бір көңілім толмайтыны дәрігерлердің айтуынша сәбиіміз қыз бала екен. Егер ер балалы болсам, қорқыныштың бәрін ұмытып әйеліме демеу болар едім. Үлкендердің айтуынша баланы бөліп жарғаным дұрыс емес әрине, дегенмен де ұл балалы болғанның рөлі ерекше сияқты көрінеді.

Г. АМАНИЯЗОВА, жас ана:

— Ай күнім жақындаған сәттерде жолдасыма: «менің қасыма кірсейші, қалай болғанда да көмегің керек болып қалады» деп әрең дегенде көндіріп қойған едім жеме-жемге келгенде оны жанымнан көргім келмеді. Өйткені, жолдасымның түрі менен де аянышты болып көрінді.

Н. ҚАНАЕВ, бойдақ жігіт:

— Болашақ әке ретінде менің айтарым, өмірлік жан жарым деп қабылдаған соң, қандай жағдай болмасын балаларыңның анасына әрқашан демеу бола білу қажет. Мына бір тамаша «Серіктеспен босану сән бе?» деген сауалнама мені ойландырып жіберді, расында да менің батылым жете ме екен деген ой салды, ойлана келе менің пікірім былай болды: Болашақта әке болу бақыты бұйырып жатса, әрине босану процесіне қатысуға қарсылығым жоқ, керісінше қуана-қуана бірге болар едім. Осылайша ойымды аяқтай бергенде, қарындасым «Қалай көмектесер едіңіз?» деп келесі  сұрағын қойды. Бұған да батыл болғаным сонша мүдірместен «Жан жарым уайымдама, бәрі жақсы болады деп, қолынан ұстап, аққан терін сүртіп бірге жанып-күйер едім», — деп ерекше бір толғаныспен жауап қаттым. Менің ойымша осындай бір қорғанышы мен қуанышы қатар жүретін сәттен соң, яғни, бұл күнді де жан жарыңмен бірге кешкен соң адамнан адамның оңайлықпен пайда болмайтындығын жақсы түсініп, жарыңа деген сүйіспеншілігің артып, ең бастысы, баланы бөліп жармайтын болар деген ойдамын.

Осындай тамаша пікірлерден соң, осы сұраққа жауап іздей келе мен де серіктеспен босануды жөн санадым. Байқасаңыздар мақаланың басында серіктеспен босануға қарсы адамдардың бірі мен едім, енді пікірлесе келе ойым өзгерді. Себебі, бүгінде көпшілік  ерлер қауымы ұл баланы қалайтындағын айтып байбаламсалып жатады. Ұл бала болсын, қыз бала болсын баланың оңайлықпен  өмір есігін ашпайтындығын, сонымен қатар кейбір ата-аналар баласыз болып, бір шақалақты зарыға күтіп жүргендерін ұғынар ма еді?

Құрметті оқырман қауым, болашақ ана, әке ретінде, ақылшы ата, әже ретінде өз пікірлеріңізді жүйелеп жазып www.makala.kz сайтына жолдаңыздар.

Сандуғаш Қуанышбайқызы


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz