
Қазір аурудың түрі көп. Әсіресе, емдеуге дәрігерлердің күші жетпейтін қатерлі дерттердің саны артып барады. Медицина ғылым мен техникаға сүйеніп тән ауруларын емдейтін түрлі жол іздеп жатса, қазіргі жастарымыз қатерлі рухани ауруға шалдығып отыр.Сол қатерлі аурудың бірі – м-агент ауруы. Қатерлі деуіміздің себебі — бұл аурудан емделудің қиындығында және оны емдеумен айналысатын маманның болмауында жатыр. Интернеттің пайда болуы — ғылым мен өркениеттің арғы-бергі тарихтағы ірі жетістігі деп бағаласақ, осынау ғаламдық желіде сәт сайын жаңарып, толығып тұратын ақпараттардың толассыз легі арқасында дүниенің түпкір-түпкіріндегі маңызды уақиғаларды қалт жібермей қадағалайтын болдық. Уақыт пен кеңістікті игеріп, көзді ашып жұмғанша алыс-жақын шет елдердегі адамдармен байланыса алуға зор мүмкіндік алдық.Әйтсе де, ғаламдық ақпарат әлеміне бет қойған қарапайым халық оның негізгі қызметін ұмытып, уақытын өлтіретін құралға айналдырғандай. Ал біле білсек, адам баласының бұл дүниедегі ең қымбат құндылығы – уақыт. Уақыт – ол өмір. Ендеше, агентпен ауыру арқылы адам қаншама білім алуға, ғылым іздеуге, еңбек етуге, жақсылық істеуге арналған «өмірін өлтіріп» алып жатыр. Сондықтанда бұл ауруды қауіпті демеске шара жоқ. Дәл қазір жастар арасында «агентпен ауыратындар» саны күн санап артып келеді. Қай жаққа қарасаң да ұялы телефонына шұқшиған біреуді көресің. Айтыскер ақын замандасымыз Балғынбек Имашевтың:
Бәріміз де mail.ru-дың жастары едік,
Бәріміз де Мой мирді ашқан едік.
Онлайндар ойда, Отошелдер тойда,
Отключендер, Невидимдер қайда екен?»,
— деген өлең жолдары қазіргі көп жастардың өмір тіршілігін аңғартады. Әрине, кез-келген іс өз шеңберінен шығып кеткен кезде адамға зиянын тигізе бастайды. Ал агентті байланыс құралы деп емес, ермек ретінде қарайтындар агентке бағынышты болып қалғандарын сезбей де қалады. Агент әлеміне сүңгіп кеткен адам бос әңгіменің қызығымен уақыт атты құнды дүниесін жоғалтып жатқанын байқамай да қалады. Студенттер мен оқушылардың сабақ үстіндегі зейіні ұстаздың берген білімінде емес, м-агенттегі серігінің әңгімесінде болатын жағдайға жеттік. Еліміздің болашағы – жастар десек, бұл- болашаққа «білімсіздік» деген қауіп төніп тұрғанының айғағы.
Қазіргі жастардың арасындағы жеңгетай да осы агент болып тұр. Олардың қай-қайсысының да агентте ғашығы бар. Сырлы сезімдерін хабарлама арқылы жолдап жүрген олар бір-бірінің түрін білмесе де, сырын біледі. Амандықтарын агент арқылы біліп, тіпті агенттегі өзге адамдардан бір-бірін қызғанып, қырқысып та алады. Агент-жеңгетай арқылы танысып жатқандар да, таныстықтары махаббатқа ұласып, табысып жатқандар да жетерлік қазір. Психологтардың айтуынша олардың жұмыс тәжірбиесінде кездесетін ажырасуға бел буған отбасылардың көпшілігі — ғаламтормен танысқандар екен. Өйткені, мұндай махаббат көп ретте баянды бола бермейді. Адам майл-агентпен тілдескенде шынайы болмысын көрсетіп, шынайы сөйлеспейді. Қиялынан бір образды ойлап алады дағы, сол образға еніп алып, өзгелермен хат жазысады. Ал кездескенде агентте жазған небір керемет сөздердің сол адамның табиғи болмысынан тумағандығы, жасанды екендігі байқалып тұрады екен. Тіпті, өзі туралы жалған ақпараттар беріп, қыздың сеніміне кіріп алған кейбір алаяқтардың әртүрлі қылмыстық әрекеттерге баратындығы да жиі тіркеліп отыр. М-агенттің құрбандары аңқау қыздар ғана емес, сонымен қатар, қазір жігіттерді сан соқтыратын алаяқ қыздар да пайда болыпты. Олар агент арқылы жігітті өзіне ғашық қылып, толық сеніміне кірген соң оған тұрмысқа шығып, қалың малды молынан төлетіп алады да, бір-екі апта, әрі кетсе бір айдан соң әр нәрсені сылтау қылып, тіпті кейде себепсіз кетіп қалады екен. Осылай жасандылық пен алаяқтықты ғана өршітіп қоймай, м-агентпен байланған адамдардың психологиясына, денсаулығына да зақым келіп отыр.
Жақында бір танысым бауырының м-агенттегі ғашығының қайта-қайта жазған ауыр сөздерінен соң өз-өзіне қол салғанын айтып жағамызды ұстатты. М-агент бетпе-бет отырмаған соң адамның ауыр сөздерді еркін айтуына да жол ашады екен. Аурудың асқынғаны осы болар. Ендеше, емделетін жол іздейік ағайын.
Айнұр САРБАЛА

Сіз не дейсіз?
Пікір жазып бірінші болыңыз!