Ұлттық нақыштағы кілемдер сыры

Жарнама

Ата-бабаларымыз көшпелі өмір салтын ұстанса да өздерінің алтын шаңырағын таза, ұқыпты, сәнді етіп ұстаған. Алты қанат ақ үйлерінде небір жақсы-жайсаңдарды қарсы алып, талай келелі кеңестер құрып, тойларын да сонда өткізген. Осындай сәттерде туған-туыс, сырттан келген қадірлі қонақтарды әсемдік пен әдемі бір сезімге бөлейтін заттар – үй жиһаздары, солардың ішінде түрлі-түсті, таңғажайып ою-өрнекке толы қазақтың ұлттық кілемдері еді. Уақыт өте келе жоғалып бара жатқан осындай кілемдер мен алашалардың түр-түрін жинап, өсіп келе жатқан жаңа ұрпаққа сақтап, оның жасалу жолдарын, ондағы әрбір ою-өрнектің мән-мағынасын түсіндіріп, насихаттау мақсатында ОҚО Арыс қаласының мұражайында арнайы тоқыма бұйымдарға арналған экспозиция негізін қалаған. Экспозицияда ХІХ-ХХ ғасырларда қолмен тоқылған көне кілемдердің түрлері орын алған. Олар бір-бірінен түр-түсімен, ою-өрнегімен және жасалу жолдарымен ерекшелене түседі. Сонымен қатар кілем тоқуға арналған «кілем өрмегі» құрылып, онда кілем тоқу көрсетілсе, кілем жібіне қажет қой жүнің сабалауға арналған «жүн сабау», ол жүнді үлпілдетіп тарауға арналған «жүн тарақ», оны иіріп, жіп жасауға арналған «ұршық» т.б. кілем тоқу үшін қажет бар тарихи көріністер орын алған.

Тарихқа үңілсек кілем – Ұлы Жібек жолы бойымен тасымалданған маңызды тауарлардың бірі болған. Тіпті ақсүйектер бір ел мен екінші елдің татулығы үшін кілемді тарту-таралғы ретінде сыйға беретін болған. Қазақ халқында кілем тоқу өте ертеден келе жатқан қол өнері болып табылады. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Кілемдер тоқылу ерекшелігіне қарай-түкті, тақыр болып, материалына қарай – жүн, жібек, мақта кендір талшығынан жасалған болып, көлеміне қарай – қос күмбезді, бес күмбезді кілемдер болып, ою-өрнектеріне қарай түрліше аталады. Қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан да түкті кілемнің өзі бірнеше түрге бөлінгенін айтады. Әсіресе орта ғасырлардан бері көздің жауын алатын орда кілемі, қалы кілемі, масаты кілемі, жібек кілем, бұхар кілем, терме кілем, түрікмен кілем, сарыаяқ кілем, парсы кілем, шешенгүл кілем болған. Негізінен қызыл, қаракөк, сары, күлгін, аспанкөк түстерді қолдану арқылы түрлі ою-өрнектерді табиғат көріністерімен ұштастыра бейнелейді. Қас батыр, қазақ халқының табиғаты мен болмысын жетік білген жазушы Бауыржан Момышұлының шетелдік журналистке берген сұхбатында өзіне қойылған: «Қазақ халқының саз өнерінде нота болды ма?» деген сауалға былай деп жауап берген екен: «Болды деп есептеймін. Мынаны қараңыз! Менің бала кезімде өрмек тоқып, киізге түр салып отыратын әжем мен анам үнемі ән салып

отыратын, ал, әлгі жұмысын тоқтатса, ән де тоқтайтын. Осыған қарап, мен «олар әнді ою-өрнекке қарап салған» деп ойлаймын».

Расында да, қазақ бабамыз ән салуды да, ою-өрнекті де, қолөнерді де табиғат көріністерімен ұштастырған. Сұлу табиғат біздің бабаларымыздың эстетикалық танымын кеңінен молайтты және тағылымды талғамын арттыра түсті. Сөйтіп, өзінің тұрмысы мен кәсібінде осыларды үйлестіре көшіріп отырды. Мәселен, кілемдер мен алашаларда көздің жауын алатын қазақы ою-өрнекке назар аударайықшы: құс қанаты, қазтабан, ботамойын, бұғы мүйіз, толқын, төртгүл және т.б.

Әр бір ою-өрнектен кең-байтақ еліміздің биік таулары мен жасыл жапырақты ормандардың сұңғыла көрінісін, даламызға әсемдік сыйлап тұрған жайқалған гүлдерін, көзіңді де, көңіліңді де ғажайып сұлулыққа бөлейтін құс төресі – кербез аққуын, ақиық сұңқарын, әнші бұлбұлын, ботаның көзіндей боп мөлдіреген сұлу көлдері мен сарқырай аққан өзендерін аңғарасын. Қазақ бабамыз молшылықты – дарияға, теңізге, бәйтерекке теңесе, батырды – арыстанға, қыран бүркітке теңей білді. Сұлуды – ай мен күнге, хош иісті гүлге, құралайдың лағына, аққудың көркіне, бота мен тұрымтайдың көзіне, алмаға, қарақатқа теңеді, солармен салыстырды. Осылайша, табиғаттан аумайтын талай тамаша тоқыма бұйымдардың үлгілер дүниеге келді. Кілемді жерге жайсаң – төсеніш, қабырғаға ілсең – сән. Жазбаша деректерге қарағанда, бұрыңғы замандарда киіз үйдің ішінен ұстап, еденіне төсеумен бірге, кілемді киіз үйдің туырлық пен үзігі орнына да жапқан. Кілемнің үй тұрмысында ұзақ тұтынылуы оның өте беріктігі мен төзімділігін аңғартады. Кілемнің құндылығы жағын сөз етсек, ол өзінің қолданылу жағынан көптеген материалдардан, тіпті металдан да асып түседі десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені, кілем тұтынуға төзімді, оңайлықпен тозбайтын, жыртылмайтын, шаң-тозаңнан тез тазартылатын, ылғалдық пен құрғақшылықты елең қылмайтын, күйе түсуден де қорықпайтын аса бағалы мүлік. Оны алтын, күмістен қымбат бұйымдар сияқты баршылықтың, байлықтың бір белгісі деп білген. Кілемнің осындай қасиеттеріне байланысты қай заманда болмасын, кілемді және одан жасалатын бұйымдарды көбінесе тек қой жүнінен тоқыған.

Орта Азия мен Қазақстан территориясында тоқылған кілемдердің сапасы мен түрі, түсі өте жоғары бағаланған. Оның себебі кілем тоқуға пайдаланылатын қой жүнінің сапасы жоғарыда аталған аймақтың шөбі мен суына, табиғаты мен климатына тікелей байланысты болған. Қойдың жүнін қырқып бергеннен кейін оны жуып-тазалап, түтіп, сабалап болған соң оны иіріп алады. Бұл іске үйдің қыз-келіншектері, апалары, тіпті әжелеріне дейін атсалысады. «Сенікі, менікі» деген жоқ, бір кісідей сол жүнді ұқсатып, әп-әдемі бұйым етіп шығарады. Кілем тоқу барысында халық арасында өзіндік салт болған.

Мәселен, кілем тоқылып жатқан үйде қой сойылып, оның арты бір мереке іспетті болған. Кілем тоқуға алыс-жақыннан асарлатып келген қыз-келіншектерге ара-арасында көрші-қолаңдар тәтті тағамдар мен дәмді ас әзірлеп әкелген. Егер мұндай жәйттер сәл саябырсып қалса, кілемші қыздар үйге келген әзілі жарасқан жандардың біріне арнайы кілемге арналған түрлі-түсті жіптерден шашақ жасап, соны ұстатып жібереді. Бұл дегеніңіз келесі «кезек сіздікі» дегенді білдіреді. Шашақ байланған жан көп ұзамай қыздарға тәтті тағамын алып келуге міндетті. Бұл «міндеттен» құтылмаса ол кілемші қыздардың маңайына да жолай алмай қалады.

Қазақ халқында кілем өрмегінің өзіндік атаулары бар. Олар: «аспалы өрмек» немесе «кілем өрмегі» деп аталады. Осы өрмектер түрлеріне қарай кілемнің бой жіптері жоғарыдан төмен қарай кейде 3, кейде 4 бет болып тізіледі де оның арқауы түйе жүні аралас (кейде шуда аралас) мақтадан, жібектен әрі мықты, әрі жуандау етіліп иіріледі. Бой жіптермен қатарлас тұратын түк және өрнек жасаушы жіптерді қойдың биязы жүнінен, түйенің жүнінен өзге жіптерге қарағанда бостау иіріп дайындайды.

Кілемді тоқу үшін оның арнайы құрал-саймандары болады. Төсек немесе желі деп те атайды. Төсектің немесе желінің ұзындығы бес метр, ені екі жарым метр шамасында болады.

Кергі ағаш – кілем тоқылатын, желінің басынан және аяғынан кілем тоқылатын орында жүгірілген жіпті керіп тұратын ағаш. Оның тек қана ағаш болуы шарт емес, үй иесінің тапқан материалына қарай қазық т.б. сол секілді затқа мықтап керілген жуан арқан болуы да мүмкін. Керілген төсек-желінің жалпы саны орта есеппен үстіңгісі – 600 (еркегі) жіп, астыңғысы – 600 (ұрғашысы) жіптей болу керек. Үй иесінің тоқылатын кілем мөлшеріне қарай желі мөлшерінің бұдан аз да, көп те болуы мүмкін.

Белағаш – кілем тоқу үшін керілген жіп желісін күзу арқылы байланыстырып тұратын көлденең ағашты белағаш деп атайды.

Адарғы – керілген жіп желісінің шатысын немесе күзуін бетіне шығарып, былайша айтқанда еркек жіп пен ұрғашы жіпті ерсілі-қарсылы, жоғарылы-төменді алмастырып тұратын белағашпен қатар жатқан ағаш.

Аяқ – белағашты көтеріп тұратын, аша басты тіреу ағаш. Керілген желі – төсек жіптің белағашының екі басына тіреліп қойылады.

Еркек жіп – кілем тоқу үшін керілген желі жіптердің күзуде тұрған үстіңгі жіптері.

Ұрғашы жіп – керілген желі, төсек жіптің төменгі күзусіз жіптері.

Күзу – керілген желі, төсек жіптің орта шенінен көлденең түскен белағашпен еркек жіпті жалғастырып тұратын жіп.

Тарту жіп – белағаштың үстінен екі басына бекітілген күзуді тартатын жіп.

Шатыс – керілген жіп желілерінің, яғни еркек жіп пен ұрғашы жіптердің күзу арқылы адарғының көмегімен айқасу. Былайша айтқанда шатыс адарғыны шеңбердің өзіне қарай тартқанда ұрғашы жіп жоғары шығып, оны кейін итергенде еркек жіп жоғары шығып, алма кезек айқасып отырады. Мұндай құбылысты шеберлер шатысу деп атайды.

Шалу – керілген желіге салынатын түрлі еркек жіптен алып ұрғашы жіпке шалып орағанды шалу немесе түр шалу деп те атайды.

Арқау – еркек жіп пен ұрғашы жіптің арасынан әрлі-берлі өткізілетін бас жағындағы кергіге шатысты ұстап тұратын жіп.

Жіп шалу – кілем тоқу үшін керілген жіп желісінің үзілуін жіптің қашуы деп атайды.

Жіп жалғау – керілген желі жіптерінің үзігін немесе қашқанын тауып байлау. Егер ол байланбаса кілемге салынып жатқан түр қисық түсуі мүмкін.

Сирексіту – керілген жіп желілерінің арасынан арқау өткізілген соң ұйысқан жіп аралығын тоқпақпен түйгіштеп сол желі жіптерінің арасын ажырату.

Тоқпақ – керілген желідегі еркек жіп пен ұрғашы жіптің арасынан арқау жіп өткізілгеннен соң, жіп арасын түйгіштейтін шеге тісті ағаштан жасалған құрал. Мұны тарақ деп те айтады. Өйткені бір жағынан тараққа ұқсайтындығы бар.

Қайшы – керілген желідегі жіпке шалынғаннан соң тегістеу үшін пайдаланылатын құрал. Осы қайшы арқылы түгі қырқылып тегістеледі.

Түкті кілем-бірнеше қабаттан тұрады, оның негізгі арқауы жекелеген жіптер және бір-біріне тығыз орналасқан түйіндер. Жіптердің ұшы біркелкі қырқылады да ол қалың түк құрап, әлгі түйіндерді көрсетпей жауып тұрады. Осы түктердің ұзындығы 3 миллиметрден 18 миллиметрге дейін жетеді. Ол кілемнің қалыңдығын, мықтылығын арттырады, оны барқыт сияқты жұмсақ етіп көрсетеді.

Кілемнің түгі былай шығарылады: әр түрлі бояулы жіптерді әрбір екі өріс жібіне түйілдіреді. Бұлар көбінесе қос шалымды, кейде бір жарым шалымды тұзақша түрінде болады, ұшы бетіне шығарылады, сосын қырқып тасталынып отырады. Ал, бірыңғай қатар жатқан тұзақшалардан соң арқау жібін жүргізеді, сөйтіп, алдыңғыларына қарай оны тарақпен нығыздай қағып қояды. Кілем түгі үшін жүннен иірілген жіп (кейде жібек жіп), өріс және арқау үшін мақта жіпті пайдаланады.

Тықыр кілем– бір өріс жібінен бір қабатты екі жақты тығыз етіп тоқылады.

Аралас кілем- түгі қырқылмайды, кейде түгінің жартысы қырқылып, аралас кілем етіп шығарады.

Тері кестелі өрнек кілем – тоқыма емес, яғни, түгі тігілмелі, шыбықшалы, желімді кілем, тұскиіз, ою-өрнек салынған тері кестелі өрме кілем.

Арыс қаласы мұражайының әдіскері,
тарихшы Қанат Әмірбеков Дүйсенбайұлы
тел: +7 (702) 291-50-15
+7 (777) 098-02-96
e-mail: anarys@mail.ru


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz