Жүректен жылу таратқан…

Жарнама

Шыр етіп дүниеге кел­ген сәби ананың ақ сүтінің дәмін та­тып, ая­лы алақандарының жы­лу­ын сезініп, нұрлы көздерінің мейіріміне бөленеді. Әрбір сөзінен тәлім алып, тәрбиесін бой­ы­на сіңіреді. Сол тәрбие оның болашақта қандай адам бо­ла­ты­ны­на үлкен әсер етеді. Адамдықтың негізін әйел деп білген Мұхтар Әуезов «Ме­шел бо­лып қалмаймын десең, бесігіңді түзе» деп бе­кер айтпаған. Ана­ла­ры­мыз қандай бол­са, болашағымыз да сон­дай болмақ. Тек па­ра­сат­ты, ізгі әйелдер ғана иман мен адалдықты баласының бой­ы­на сіңіре ала­ды. Сон­дай ана­дан тәлім алған ізгі ұрпақ ата-ананың қадірін же­те біліп, өмір-бойы қастерлеп өтеді. Себебі, дінімізде де, ұлтымызда да ата-ананың ор­ны ерек­ше.

Ананың ақ сүті, ая­лы алақандары, ардақты ақылдары, түн ұйқысын төрт бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген еңбегі үшін қарыздармыз. Кейбір ба­у­ыр­ла­ры­мыз жы­лы­на бір рет ана­сын мерекесімен құттықтап қойғанды жеткілікті са­най­ды. Сыйлаған сыйлығын міндетсініп, қартайып, қауқарсыз болғанда қамқорлығына алғысы келмейді. Бұрын-соңды қазақтың ұғымында бо­лып көрмеген «Қарттар үйі» ұлтымызға, адамгершілігімізге түскен таңба емес пе?! Кішкентай әлжуаз, қорғансыз кезінде бағып-қаққан ата-ана­ны қартайып, әлі кет­кен шағында керексіз етіп тас­тап ке­ту ешбір адамшылыққа жат­пай­тын ауыр күнә.

Құран-Кәрімде Аллаһ тағала бы­лай дейді: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-ше­ше­ге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі не­ме­се екеуіне де жандарыңда кәрілік жет­се: «Туһ» де­ме, (кейіс білдірме) сы­пайы сөйле»  (Ис­ра сүресі, 23-аят).

Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын)  кел­ген ха­дис­тер­де бұл ту­ра­лы: «Ата-анаға жақсылық жасаңдар және сендердің балаларың да сен­дер­ге жақсылық жа­са­сын және бағынсын»-дейді. Және бір ха­дис­те: «Жәннаттың хош иісі 500 жылдық жер­ге дейін та­рай­ды. Ата-ана­сы­на бойұсынбаған, туысқандық қатынасты үзгендер оның иісін де сезбейді» де­ген.

Байқап отырғанымыздай ата-ана­ны құрметтеу дінімізде құлшылықтармен қатар тұрады. Ата-ана­ны сый­лау, қадірлеу, оларға бағынып, қарсы кел­меу, кейімеу, ренжітпеу – әрбір мұсылманның па­ры­зы. Олардың разылығын алу – жәннатқа кіруіміздің бір шар­ты. Себебі, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын)  бы­лай де­ген: «Аллаһтың разылығы – ата-ананың разылығында, Аллаһтың ашуы – ата-ананың ашу­ын­да жа­тыр».

Сон­дай-ақ, тағы бір ха­дис­те, «Жәннат – ананың аяғының ас­тын­да» де­ген.

Бір күні Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) бір кісі сұраған екен: «Я, Аллаһтың елшісі, менің анам кәріліктен есінен ада­с­ты. Мен оны өз қолыммен тамақтандырып, су­сын­да­та­мын, оның барлық қажетін өтеп беремін, со­ны­мен қатар, оны арқалап жүремін. Осы орай­да мен анамның қарызын өтеген бо­лып есептелемін ба?»- деп сұрайды.

—        Жоқ, тіпті жүзден бірін де өтеген жоқсың,- дейді. Сон­да әлгі кісі:

—        Неліктен бұлай? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын):

—        Себебі, ол сенің қорғансыз күніңде сен өмір сүрсін деп бағып қақты. Ал сен оның өлімін күтіп бағып-қағудасың. Әйтсе де, сен оған көп жақсылық жасадың (сол үшін сыйлығыңды аласың),- деп жа­у­ап береді.

«Анаңды үш рет Мек­ке­ге арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың»-де­ген екен да­на халқымыз. Шы­нын­да да ал­тын құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн тер­беп өмірге әкелген, ақ сүт беріп, пәк көңілінің нұрын төккен ананың бар ар­ма­ны – баласының жарқын болашағы, оның өмірі. Теңіздей тер­бел­ген өмір толқындарынан ба­ла­сын аман алып қалу үшін ба­рын са­ла­ды. Сон­дай зор ма­хаб­бат­пен өсірген өрені қартайған шағында мейірімге бөлер ма екен?

Баласының болашағы үшін бар өмірін арнаған ата-ана­сы қартайып аз ғана көрер жарығы қалғанда оны сүйіспеншілік пен мейірімге бөлей алмаған адамның адамгершілігі бар деп ай­ту қиын. «Ата-анаңның қадірін ба­ла­лы болғанда білерсің» деп, ба­ба­ла­ры­мыз жырлағандай, «ата-анаға не істесең, алдыңнан сол шығады». Себебі, күнәнің екі түрі бар екен: біреуі үшін ақыретте азап­та­ла­ды, ал екіншісінің жа­за­сын екі дүниеде де ала­ды. Екі дүниеде де аза­бын шегетін күнәлардың біреуі – ата-ана­ны құрметтемеу. Аллаһ тағала оның жа­за­сын өз ба­ла­ла­ры арқылы береді екен.

Анаңды құрметтемесең,
Ана­дан несін туасың?
Адам­ды құрметтемесең,
Адам­нан несін туасың?

– деп жырлаған екен бір ақын. Қандай өркениетте бол­сын, қандай ұлттарда бол­сын ата-анаға де­ген құрмет ешқашанда өзінің құндылығын жоғалтқан емес, ал ис­лам діні бол­са, ата-анаға ең биік орын беріп ерек­ше бағалайды. Ұл-қызымыз ұлағаттылықты ұстанып, имандылық пен инабаттылыққа ұмтылып, арын кірлетпей, кіршіксіз та­за ұстап, бірінші Аллаһтың ал­дын­да, со­нан-соң ата-ананың ал­дын­да адалдығынан ажы­ра­май өмір сүрсе, ана­лар да жы­ла­мас еді, жетімдердің де көзі жәутеңдемес еді. Сондықтан, ұрпағымызды имандылыққа, адамгершілікке тәбиелеуіміз ке­рек.

Кім сендерді ба­ла­лар сүйе -тұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйе -тұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс да­мыл­сыз жүре –тұғын.
Кім сендерді, ба­ла­лар тербететін,
Еркелетіп, ой­на­тып, сергітетін?
Жалқау болсаң, ба­ла­лар, жа­ман болсаң,
Қамқор анаң көз жа­сын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шет­ке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сай­ын,
Хат жа­зып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сен­дер қайтып кел­ген­де адам бо­лып,
Еш ар­ма­ным бол­мас дер өле-өлгенше.

                                               Ы. Ал­тын­са­рин


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz