Жақсының жақсылығын айт…

Жарнама

Жақсының жақсылығын айт...Діни білім – жұмыр басты пенде үшін аса қажетті білім. Қазіргі уақытта халық арасында дінге деген әртүрлі көзқарастар құалыптасып бара жатқаны аян. Осы жолды түзету халыққаоң бағыт беріп, діни сауаттылықты уағыздау барысында көптеген жұмыстар жасалынып жатыр. Бұл ретте ауылымыздағы «Орымбет ишан» мешітінің бас имамы Ізатов Ғабдулла Иниятуллаұлының еңбегі ұшан теңіз.

Ғабдулла Иниятуллаұлы Сауд Арабиясына барып мұсылмандардың бес парызының бірі – қажылық парызын өтеп қайтты. Берекелі істердің бастамашысы болып жүретін Ғабдулла қажы хал-қадірінің жеткенінше халыққа қолынан келген көмегін аянбай келеді. Мешіт – халықтан түскен пітір, садақамен қаржылатындығына қарамастан , көптеген қайырымдылық акциясы, атап айтсақ, «Мектепке жол» акциясына қатысып, 5 оқушыны оқу құралдарымен қамтамасыз етсе, қиналған адамдар, кемтар балалар, тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек қолын созып отырады. 1-қазан Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шарада ауыл имамы мешіт атынан қарттарға ақшалай сый жасады. Жыл сайын өткізілетін Құрбан айт, Ораза айтта ел-халықты жинап, құдайы асын беруге асығатын азамат. Құдайға шүкір, халықтың да мешітке деген ниеті түзу, ауыл мен мешіт арасында берекелі, ынтымағы жарасқан алтын көпір бар.

Әр жұма сайын мешітке тола жиналған қарттар мен жастарға уағыз айтып, кейін сәждеге бас қойып, қасиетті жұма намазын оқиды. Аллаға шүкір, қазір мешітке келіп жұмаға қатысатын жамағат саны артып келеді, бір қуантарлығы — соның ішінде жастарымыздың санының артуы. Осы орайда ауылымызда саны мен сымбаты жарасқан, күмбезі аспанмен таласқан жаңа мешіттің қабырғасы қаланып, бітуге айналғанын айтқым келеді. Жаңадан Аллах үйінің бой көтеруіне ел-халық болып қуанып жатырмыз.

Қуанышта да қайғыда да игі істерімен көзге түсіп жүрген Ғабдулла қажы тентектерді тезге салып, әртүрлі дау-жанжалдарда өзінің ақыл-кеңесін айтып, сабырға шақырып, істі жақсы жағынан шешуге өз ықпалын жасап отырады.

Шәкірттерімен бірге түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіп отырады. Имандылық жолға бет алған жастардың сауат ашуына жағдай жасап, шәкірт тәрбиелеп отырған ауыл азаматының бұл ісі көпке, соның ішінде біздердей жастарға үлгі.

Республикалық, облыстық, аудандық мақтаулар мен марапаттаулардың иесі Ғабдулла ағай отбасында ардақты әке, адал жар. Қазіргі таңда жұбайы Жазира екеуі үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың бірі.

Имандылыққа баулуда аянбай еңбек етіп жүрген қажы ағамызға ислам ілімін таратудағы еңбегіңіз жемісті болып, «Алланың нұры жаусын!» дегіміз келеді.

Шәйкенова Бану Шоқанқызы

Жас маман
Қызылорда облысы
Қазалы ауданы
Ү.Түктібаев ауылы


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

1 Пікір на "Жақсының жақсылығын айт…"

avatar
Асылдана Сүйінқызы
Қонақ

Мақала өте жақсы жазылған! Шығармашылық жетістіктер тілеймін!

wpDiscuz