Әйел — бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді…

Жарнама

немесе гендерлік саясат дұрыс па, әлде бұрыс па?

Қазақтың көшпелі дәуірінде қыздарды, әйелдерді жоғары бағалаған. «Олар-өмір-өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі» деп қараған. Әйел туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Әйел ибалы қыз, инабатты келін, қарындас, ана, апа, әже. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп» әйел бүкіл   адамзатқа өмір сыйлайды.  Ата бабаларымыз да әйелді құрмет тұтқан. Содан да болса керек, ұрпақ тәрбиесін әйел- анаға жүктеген. Ерте кездегі аналарымыздай ерін пір тұтып, ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеп отырған әйелдер күн өткен сайын азайып түскені ащы да болса шындық. Бұған кінәні тек әйелдерден ғана іздемей, еркектердің де жауапкершілік міндетін жоғалта бастағаны деп қарасақ қателеспейтін шығармыз? Cоңғы жылдары еліміз батыстық үлгідегі гендерлік саясатты пайдаланып, қыз-келіншектердің құ- қығын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса баста­ды. Осының нәтижесінде елімізде гендерлік саясат сәтті орындалып, билік тізгінін ұстаған қыз-келіншектердің саны арта түскені жасы­рын емес. Ал біз өмір сүріп отырған заманда әйелдердің қоғамдағы орны қандай?

Бүгінгі әйел билік басында еркекпен иық тірестіріп жұмыс істеп жүр. Олар — ана, олар – жар, олар — қыз, олар — келін. Қызметтен де басқа қоғамдағы орындары бар. Ең басты­сы — әйел қоғамның тең құқылы мүшесі. «Ген­дер» деген бір ауыз сөз айтылса, еркектеріміз үркіп қарайды. Әйел отбасы, ошақ басы, қазанның жанында отыратын уақыт көшпелі дәуірде қалды. Біз әлі күнде көшпелі тіршілік кешіп жүрміз бе, жапандағы жалғыз аралда тұрамыз ба? Қазақ киіз үйін тастап, топырақ пен «қымбат қызыл кірпіш» тастан салынған үйге көшкелі бері дәстүр сан мәрте өзгергені белгілі. Рас, қазақ әйелі ежелден ұрпақ тәр- биесіне ерекше көңіл бөліп қараған. Қыз бала­ны ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің жұмыстарына баулып отырған. Ол түсінікті де. Алайда, егер қолынан келсе, нәзік жандылардың билікке араласуына әбден бо­лады. Қазір тарихи сахнада ғылым, білім, тех­ника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойын­дайды. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Әрине, қауіп қатері мол, қол қауқарын қажет ететін мамандықтар әлі күнге дейін техника дамып, адам жұмысы жеңілдеп жатса да кездеседі Мысалы, зергер, жүк тасу­шы, жол жөндеуші. т.б. Мұндай мамандықтар қатарынан әйел баласын кезіктіру екіталай. Саясат пен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіншілігі жеткілікті, өйткені саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Үлкен саясатта әйелді көргісі келмейтін еркектер көп. Олардың түсінігі бойынша, әйел тым сезімтал, нәзік, ашық жарқын мінезді. Ал басшы болу  үшін белсенді, сөзіне аса сенімді, қайратты болу керек деп біледі. Сондықтан болар, саясат пен басқару әзірге нәзік жандылардың емес,  шек­пен шалбарлылардың еншісінде болып тұр. Әлемдегі озық 50 елдің қатарына кіреміз де­сек,  интеллектуалды ұлт боламыз десек, бізге байыпты гендерлік саясат қажет. Мемлекет пен халық тек қана еркектерден тұрады не­месе кәсіби маман болу, интеллект еркектің маңдайына жазылыпты деп кім айтады? Ген­дер мәселесіне жан-жақты қарау керек. Көпшілік қауым, гендерлік саясатты әйелден еркек жасау деп түсінеді. Гендерлік саясат дегеніміз, әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық зомбылықтың алдын алу сияқты мә- селелерді шешу болып табылады.

Марат МЕКЕБАЕВ, дәрігер травматолог:

— Қазақ халқы әрдайым әйел баласын, ана­ны қадір тұтып, құрметтей білген. Бүгінде қыз келіншектер жұмысбасты болып, үй тірлігінен қол үзе бастады. Еріне әйелі тәуелді болғысы келмейді. Ондай отбасылар көбіне ажырасып тынады. Кешке жұмыстан шаршап келгенде алдынан күлімдеп әйелі, еркелеп балалары шықпаған отбасында қандай береке болсын?

Жалпы адам қоғамдық жұмыста өзін еркін сезіну үшін оның арқасүйер отбасы болуы ке­рек деп ойлаймын. Әйел жалғыз болса, еркін жұмыс істей алмайды. Себебі оның артын­да қолдайтын ешкімі жоқ. Отбасылы әйел өзін еркін сезініп, жақсы басшы бола алады. Жақсы әйел билік басын­да жұмыс істеп отырған кезде бала тууды, от­басын құруды ұмытпайды.

Мен әйелдің дәрігер, мұғалім, бюджеттік салада жұмыс істеуіне қарсы емеспін, алай­да биік мансапқа ұмтылуын қолдамаймын. Жалпы, «әйел теңдігі» мәселесі деп қанша пікір айтылғанмен, шындығында келгенде жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Әйел денедегі жүрек болса, ер­кек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз өмір сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары, ал ақылды жүректен артық деп айту мүмкін емес. Сондықтан, әйел ер­кектен жоғары немесе төмен деп айту, дұрыс айтылған пікір емес.

Дана Байгожина, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  магистранты

— Тарихы сан ғасырлардың қойнауына кететін еліміздің арлы-бергі тарихына қарайтын болсақ, халқымыздың басып өткен жолдарын айқындауға септігі бар үлкенді-кішілі деректердің саны қаншама? Кемеліне келген елдер өз тарихының әрбір бетін қастерлейді. Сол сияқты, біздің тарихымызда да үлкен бір «заңдылық» бар. Тоқсан тарау тағдыр, та­нымы терең тарих. Танымды тарихымыздың өткеніне зер салып қарасақ, қазақ қоғамында небір батыр аналар мен қыздар болған. Қазақ келешек ұрпақтың тегін ойлап, жеті атаға дейін қыз алыспаған. Демократиялық мем­лекетте гендерлік саясат болуы заңдылық. Қазақтың саналы азаматтары қашанда қызды жоғары бағалап, мәпелеп өсірген. «Алып ана­дан туады» демекші, біздің қайсар аналары­мыз талай-талай таланттарды дүниеге әкелді. Қазақ әйелін ешқашан төмендетіп көрмеген, сонда біз қалай теңсіздік деп айта ала­мыз? Гендерлік саясатты қолдаймын немесе қолдамаймын деген пікірдің өзі дұрыс емес. Талантты, білімді әйел ешқандай тосқауылға қарамай, отбасын құрып, билік басында оты­рып, керек десеңіз министр қызметін де атқара алады. Сондықтан әйелдердің теңдіктен бос қалады деген бос сөз, жарысудың қажеті жоқ. Әрине, Еуропаға еліктеп, қыз-келіншектердің барлығы саясатқа араласса, отбасының бере- кесін кім сақтайды, балаларды кім тәрбие- лейді? Дегенмен, ел болатын халық түбін ой­лайтыны белгілі. Бастысы — елдің ертеңін жа­сайтын бүгінгі жас ұрпағымыздың тәрбиесі мен білімінің деңгейі. Негізгі тәрбиешісі- отбасы. Батыс Еуропа елдерінен жақсы, қажетті нәрселерін ғана алуымыз қажет. Керісінше олар біздің мәдениетімізді, салт- дәстүрімізді, тәрбиемізді үйренсін. Лауа­зымы жоғары әйелдер елдің мақтанышы, қоғамның айнасы болуы керек. Қандай әйел басшы болса да өзінің міндетін ұмытпасын. Біз бұрынғы ата-бабалардан ақылды емеспіз. Ата-бабаларымыздың қанымен қол жеткізген кең-байтақ еліміздің жеріне иелік ететін ұрпақ санын көбейту керек.

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саяси ғылым-дарының докторы, доцент:

— Алдыңғы қатарлы елге ұмтылған қоғамда гендерлік теңсіздік және теңдік мәселесі де «ұлттық идеяны» айқындаушы факторлар қатарында. Қазақ қоғамы үшін қолдау тауып та, сыналып та жатқан кереғар пікірлердің алмағайып түсуіне ықпал етіп отырған мәселе – осы. Әйелдер мәселесі та­рихи жағынан алғанда да, бүгінгі шынайы уақыт шеңберінен алғанда да бұқаралық санаға әсер ететін, қоғам дамуына да ықпалды көпшілік құбылыстар қатарында. Қазақ қоғамы үшін гендерлік саясат мәселесі ұлттың менталитетіне, елдік сананың ерекшеліктеріне қарай күштеп, таңып енгізу артық. Әрине, шығыс елі, сондай-ақ халқының басым бөлігі мұсылмандар саналатын Қа- зақстанда гендерлік саясат батыста дамыған, оларды мынадай үлгісі бар деп толықтай соны көшіруге, не еліктеуге мүлдем болмайды. Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтын­да, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Сол үшін де әйелдерді жаппай гендерлік саясатқа таңып үлкен саясатқа, мемлекеттік қызметке не қаржы, өндіріс, коммерция т.б. салаларын­да да алатын орны мен абырой ерекше. Де­генмен дамыған демократиялық елдердің құндылықтары, атап айтқанда әйелдерге қатысты саясатына еліктеуден гөрі, өзімізге жақын ұлттық саяси ұстаным, өте білікті де аса нәзік саясат дұрыс деп санаймын. Яғни әйел адам қоғамымыз үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жа­уапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар екендігін біз ешқашан науқандық саясатқа ай­налдырмауымыз қажет.

СӨЗ СОҢЫ: Біз гендерлік саясатқа қарсы емеспіз. Өйткені, ол қоғамның талабы. Өркениетті елімізді дамыту үшін, әйел,ер деп екі топқа бөліну жөнсіз сияқты. Қай топ болмасын өз белсенділігі мен іскерлігін ортаға салып, елге деген сүйіспеншілікпен беріле жұмыс атқарса, нұр үстіне нұр болары анық. Ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербеуге құдіреті жетеді. 


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz