Қазақ БАҚ-ына өзге елдердің экспанциясы

Жарнама

Кез-келген мемлекеттің Тәуелсіздігінің бірден-бір көрінісі — тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары. Бостандығы баянды болуы үшін — әрбір елдің істейтін амалы – газеті мен журналын, телеарналары мен радиосын қалыптастыру, онда мемлекеттің саяси бағытын көрсету, насихаттау, және сол үшін күресу. Яғни, «төртінші биліктің» түбірлі мақсаттарының бірі – ел тәуелсіздігі тұрақты болу үшін өзге мемлекеттердің экспансиясына қарсы тұру. Осы орайда, экспансия сөзіне түсіндірме бере кетсек: Экспансия (латын тілінен аударғанда- ex­pan­sio-таралу,кеңейу, территориялық, географиялық, тіршілік ету ортасының кеңеюі немесе биологиялық түрдің, мәдениетінің, халықтың, мемлекеттің өзгелерге ықпал ету аумағы.) Тәуелсіздік алғанына 20 жыл болған қазақ мемлекетінің БАҚ-ы қалыптасып үлгерді ме? Өзге елдердің саяси экспансиясына қарсы тұра ала ма? Қазақ мемлекетіне көрші елдердің ықпалы қаншалық? Қазақ тілінің қарсы тұру қабілеті қаншалық? Осы сұраққа аз-кем жауап іздеп көрсек.

Алдымен, өзіміз күнделікті пайдаланып жүрген ұялы телефоннан бастасақ: қазір дүкендер мен базарларда қалта телефонының түр-түрі бар. Қалғаныңды қалтаңа қарай таңдап ал да, тұтына бер. Ал осы ұялы телефонымыз қаншалықты «қазақша»? Рас, кейбір терминдердің (меню-мәзір, сообщения- хабарлама, сохранить-сақтау) аударылғаны болмаса, әлі де қазақшаланбай жатқандары қаншама?! Мәселен, контакты, дисплей, сенсор, экран, т.т. Тағы бір айта кететін жайт: телефон нөмірлерін сақтағанда адам есімдерінің дұрыс сақталынбауы. Мәселен: «Айгүл» деген қыз есімін «Айгуль», «Талғатты» «Талгат», «Өмірбайды» «Умербай» («Умер» «өлді», сонда «Өлдібай») деп сақтап жүрміз. Осы орайда, «Ана тілі» газетінде (2010 жыл, қараша айындағы № 44 саны, 4 бет) жарияланған Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілұлының ана тілге құрмет көрсету туралы пікірін бере кетсек: «Әрбір қазақ азаматы ұялы телефонды сатып аларда тек қазақша әріп таңбасы бар ұялы телефондарды жасап шығаратын фирмалар мен компанияларға өз өнімдеріне қазақша әріп таңбасын салуға мәжбүр болар еді. Біз қазақша әріп таңбаларды сатып алу арқылы мемлекеттік тіл мәдениетінің жетілуіне үлес қосар едік». Иә, көше біткеннің бойында көлдей болып ілініп тұратын телефон жарнамаларында қазақша әріптердің бар болуы артықшылық ретінде саналмайды. Өйткені, оған деген сұраныста жоғары емес.

Жарнама демекші, жылт еткенге жан құмарлық – пенде біткеннің бәріне тән сипат. Бүгінгі таңда, жарнама – бұқаралық ақпарат құралдарының табысы һәм өмір сүру өзегіне айналды. Алайда, сол табыстың тасасында азғырудың әккі амалдары бұғып жатқан жоқ па?! Мәселен, телеарналардан күн үзбей көрсетіліп жатқан жарнамалардың жаныңа бататын екінші тұсын тоңмойын бәз біреулер қаперіне де ілмейді-ау?! Әңгіменің ауаны айналған, жарнаманың жат пиғылды екінші жағының астары – тауарын насихаттау үшін қазақ қыздарының абыройын айрандай төгіп, аяқасты қылып, ұлттық

құндылықтарымызды таптап, тілімізді шұбарлап, ділімізді дүдәмал қылып, дінімізден айырғаны емей, немене?! Сонда деймін-ау, тауарын өткізу үшін осыншама ұятсыздыққа көз үйреттіру шарт па? Сол жарнамалардың денінен біз қазақылықтың қаймағын бұзып жатқан сериалдарды кезіктірмей қоймаймыз. Көк жәшіктен көлдей көсілген корей-түрік сериалдарын көрген қазақы аудитория немен суарылып жатыр? Жазылған жайттың жауабы «Алтын босаға» газетінде жаңғырық болып тұр (2010 жыл, қазан, № 20). «Түрік-корей сериалдары қазақ отбасына қандай тәрбие беріп жатыр?»-деген сауалнамаға зейнеткер Зейнегүл отандасымыз былай жауап беріпті: Жақында Анталияға барып демалып қайтқан інім «Түркияда біз көріп жүрген түрік сериалдарын көруге тыйым салынған екен. Тіпті, телеарналарында телесериалдар көрсетілмейді. Тек қонақ үй, демалыс орындарындағы теледидарларында түрік сериалдарының дискілері бар дейді. Әрине, жастарға теріс тәрбие беретін, отбасыны бұзатын «Күзгі жапырақтар», «Қорғаушы періште» сияқты т.б. сериалдар тек түріктердің емес, қазақ жанұяларының тәрбиесіне де зиянын тигізбей қоймайды. «Күзгі жапырақтар» сериалындағы Нежленің жездесімен қол ұстасып қашып кеткені, «Қорғаушы періште» телесериалындағы Пынардың тұрмысқа шығайын деп жүрген жігітіне сіңлісінің ғашық болып, өз сезімін ашық айтып жүргені қандай тәрбие береді? Қазақ отбасындағы апалы-сіңлілердің де түрік актерлеріне еліктемесіне кім кепіл?» — деп ой тастайды. Біздің ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлт мүддесі үшін қызмет атқаруға тиіс кейбір арналарымыз өзге елдің өнімдерін қазақшаға тәржімалаумен ғана айналысып отырғандығы өкінішті. Яғни, түрік пен корейдің телеэкспанциясына жол ашып беріп отырған бетке ұстар арналарымызға жол болсын.

Қаншама уақыт қақпақылға ұшырап, мойнынан құлдықтың қамытын әлі де болса сілкіп тастай алмай келе жатқан қазақ тілінің халіне мойын бұрсақ. Республика тұрғындарының 70 пайыздан астамын мемлекет құраушы ұлт өкілдері құраса да, сол ұлттың тілі мемлекеттік деңгейге жете алмай келе жатқандығы өкінішті. Бұған әсіресе, көрші Ресей мен Өзбекстанның ықпалы ерекше. Алып картамыздың солтүстігі орысша ойласа, оңтүстігі өзбекше шүлдірлейді. Ақпарат саласында бірнеше телеарналары мен радиолары, жүздеген газеттері мен журналдары Қазақстанда еркін айналымда жүрген Ресейдің асығы алшысынан түсіп тұрғаны ақиқат. Бірнеше жыл бұрын ғана қазақтілді бір журналист Еліміздегі әскери саладағы техникалар мен қару-жарақтар туралы мәліметтерді Ресейдің Қорғаныс Министрлігінің сайтынан алыпты. Осының өзі, түсінген адамға зор қауіп. Өйткені, әскери салаға тән құпияларды өзге елдің біліп отыруы – Тәуелсіз елге тән құбылыс емес.

Талайларды алаңдатқан тіл тағдыры айтыла – айтыла арқасы жауыр болып, ышқынудан тебінгісі тесілген тақырып. Ал, бұл тақырыпты қаузау — тек ана тіліміз билік пен БАҚ саласында, жалпы, тұрмысымызда толық қолданысқа енгенде ғана тоқтамақ. Үш тілді меңгереміз деп үш басты айдаһар секілді, арпылдап қалмайық.

Осы орайдағы, сөзімізді ұлт және тіл жанашыры Мұхтар Шахановтың мына бір сөзімен қорытындыласақ деп отырмыз:

«Тіл-ұлы Ана, өз анасын менсінбеудің мұңы бар,

Кінәлілер сөзсіз оның кие-күшін ұғынар…».


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

2 Пікір на "Қазақ БАҚ-ына өзге елдердің экспанциясы"

avatar
Маке
Қонақ

экспансия аланын шарлап журген кай журналист екен? Казактар ояну керек, ауызымыздагыдан кашангы айырыла береміз, осындай такырыптарды теренірек жазсаныздар жаксы болар еди

Бақытжан
Қонақ

«Қай елдің ақпарат құралдары басым-сол ел жеңіске жетеді».дегендей біз бірігіп,бір жұдырық болып жұмылмай ешқашан елдің жағдайын шеше алмаймыз.Қазіргі биліктен қайран жоқ! Сондықтан не істеу керек?Қазақтың намысы үшін күресейік ағайын. Менің телефоным 7714530373

wpDiscuz