«Пахтакор» трагедиясы

1979 жылдың тамыз айындағы сол бір апат әлі күнге дейін елдің аузында айтылып жүр. Әсіресе, футбол десе ішкен асын жерге қоятын қауым бұл оқиғаны жиі еске алады. Әуеде қалықтап келе жатқан қос ұшақтың қақтығысы 178 адамның өмірін қиды. Қаншама жазықсыз жан діттеген жеріне жете алмады. Олардың арасында Ташкенттің «Пахтакор» командасының футболшылары да бар еді. Бұл жағдай елді елең еткізді. Алайда, олар мардымды мәлімет алған жоқ. Бәрі де жабулы қазан күйінде қалғандай болды. Бәлкім, сол күйінше құпия саналар ма еді? Беріде Кеңес билігі келмеске кетті. Ақиқат ашыла бастады. Беті ашылмай қалған талай оқиғаның шындығы елге белгілі болды.

Рас, әуе апаты жиі орын ала бермейді. Бұл салада қаншама адам қызмет атқарады. Олар әуе кемелерінің ұшуын бақылап отырады. Бір-бірімен «сүзісіп» қалмауын назарда ұстайды. Қарапайым адамға аспан шексіз кеңістік болып көрінеді емес пе? «Апырмай, ұшақтың да өзінің жүретін жолы бола ма?» дейтін жұрт та табылар. Шындығында, әуе лайнерлері белгілі бір биікте ұшады. Оны диспетчерлер ұдайы бақылайды. Болмаса, қайғыдан қан жұтқызар жағдай орын алуы әбден мүмкін.

Диспетчерлер кінәлі ме?

Сол күні осы қызметті атқарған мамандар жұмысына салғырт қарады ма? Украинаның Днепропетровск облысындағы Куриловка селосының маңы. Сағат түскі бірді көрсетіп тұрған тұс. Аспанда қос ұшақ қақтығысы орын алды. Сегіз мың метрден астам биіктен төмен құлдилаған лайнерлердің сау-тамтығы қалған жоқ. Жолаушылар арасында да тірі қалған ешкім болмады. Қаншама адам қайғыдан қара жамылып қалды. Біреуі қосағынан айырылды. Екіншісі әкесінен, үшіншісі бауырынан дегендей. Кеңес одағы біріншілігінде жоғары топта сынға түсетін «Пахтакор» командасының ұжымы да осындай орны толмас қазаға ұшырады. Аталмыш клубтың барлығы 18 мүшесі жерге тірі жеткен жоқ. Олардың қатарында ойыншылар да, мамандар да бар. Команда мүшелері кезекті ойынды өткізуге бара жатқан. Өзбек футболшылары бір-екі күннен кейін Беларуссияда Минскінің «Динамо» клубымен ойнауы тиіс болатын. Алайда, оған жете алған жоқ. Ойын өткізілмей қалды. Біз кейде кейбір тылсым жайларға мән бермей жатамыз. Алайда, адамды сондай оқиғадан аман алып қалатын сәттер де кездеседі. Қапыда қаза тапқан футболшылар қатарында бас бапкер Олег Базилевич болған жоқ. Ол командамен бірге ұшпапты. Әлдебір себеппен ұшақтан қалып қойды. Келесісіне мінді. «Құдай қаққан екен» деген сол шығар. Сондай-ақ, бірқатар ойыншылар да ажалдан аман қалды. Қақпашы Александр Яновский, қорғаушылар Туляган Исаков пен Анатолий Могильный да сол күні ұшақ ішінде болған жоқ. Қақтығысқан қос ұшақ та «Ту-134» маркалы лайнерлер еді. Оның бірі Ташкенттен Минскіге бет алған болатын. Екіншісі Челябинскіден Кишинев бағытына әуеге көтерілген еді. Алғашқысында 89 жолаушы ұшып келе жатты. Келесі ұшаққа 89 адам мінген. Бәрі де барар жеріне тезірек жетуге асығыс еді. Алайды, олардың маңдайына туыстарын қайта көру жазбаған екен…

Ұшқыштар қағыс естіген…

Қазір бұл оқиға жайлы жорамал жасалып жүр. Бірінде диспетчер мамандарды жазғырады. Ендігісі «олардың еш кінәсі жоқ еді» дегендей сыңай танытады. Әрине, оған біз баға бере алмаймыз. Десе де, «қара жәшікте» сақталған дүниелер бірқатар ойларға жетелейді. Әуеде соқтығысқан ұшақтың бірінің экипаж мүшелері лайнерді төмендету жайында диспетчерге ұсыныс жасайды. Аспанда келе жатқан екі ұшақтың бірі8200 метрбиіктікте ұшуы керек еді. Одан кейінгісі аталмыш лайнерден200 метртөмен түсуі тиіс болатын. Дегенмен, бәрі басқаша болды. Екі ұшақ та бір биіктікте қалықтап келе жатты. Өйткені экипаж мүшелері диспетчердің айтқанын естімей қалғандай. Ал бұйрықты осы маңда келе жатқан үшінші бір ұшақтың экипаж мүшелері өздеріне айтылған деп ұқты. Олар лайнерді төмендетті. Бір биіктікте ұшып келе жатқан қалған екеуі аспанда бір-бірімен қақтығысты. Бұл оқиға жайлы көп айтылған жоқ. Билік басындағылар тапсырмасы солай еді. Одақтық басылымдар қайғылы жағдайды бір аптадай кешіктіріп жариялады. Онда да ТАСС-тың қысқаша ақпаратынан әріге аса алған жоқ. Агенттік таратқан хабарда «Пахтакор» клубы мүшелерін жерлеу жайында айтылған. Оны «Советский спорт» газеті басты. Бір-екілі басылымда да осындай ақпарат жария көрді. Қалғаны үнсіз қалуды жөн деп санады. Бәлкім, Мәскеудегі шенеуніктер тарапынан сондай талап болған шығар…Сол кезде «Пахтакордың» аты дүркіреп тұрған. Команда Олег Базилевич бапкерлік қызмет атқаратын. Одақтың мықты ұжымдарының өзі олардан сескенетін. Футбол саласының мамандарының айтуынша, қапыда қазаға ұшыраған «Пахтакор» ойыншылары тәжірибелі спортшылар еді. Амал не, жұрттың мақтауына ие болған олар ойда-жоқта бұл дүниеден баз кешіп жүре берді. Украина аспанында қаза болған қатарында бапкер Изгай Тазетдинов, дәрігерлер Владимир Чумаков, МансурТалибджанов, ойыншылар Сергей Покатилов (Сергейдің қарындасымен Ашхабадта бірге оқыған едім), Виктор Чуркин, Юрий Загуменных, Михаил Ан, Сирожиддин Базаров, Равиль Агишев, Константин Баканов, Алым Аширов, Николай Куликов, Владимир Куликов, Владимир Сабиров, Шухрат Ишбутаев, Владимир Макаров пен Александр Корченов бар. Кезінде белгілі футболшы болған Евгений Ловчев осы оқиға жайында кейіннен өз естелігін айтты. Сол күні ол үйде демалып жатқан екен. Достарының бірі телефон шалады. Украина жерінде әуе апаты болғанын жеткізеді. Онда бір команда мүшелерінің опат болғанын тілге тиек етеді. Бірақ, қай клуб екенін тап басып айта алмайды. Одан әрі Е.Ловчев «Бір-екі досыма хабарластым. Сол күні Украинада ешқандай ойын жоқ еді. Кімдер болды екен деген сауап ойымнан шыққан жоқ. Мен хабарласқан адамдар да ештеңе білмеді» дейді ол. Арада бір аптадай өткенде басылым беттерінде жария көрген шағын ақпарат көптеген футболшыларды әрі-сәрі күйге түсіріп қойды. Өйткені, «Пахтакор» командасының сапында олардың достары аз емес еді. Сондай-ақ, олар алаңда қарсылас болмағанмен, кез келген әріптесін құрмет тұтатын. Е.Ловчев одан әрі әңгімесін өрбітті. «Өзбекстандық клуб мүшелері керемет азаматтар еді. Кезекті ойынды өткізу мақсатында Ташкентте талай мәрте табан тіредік. Олар бізде өте жақсы қарсы алды. Ал Миша Ан мені өзінің тойына шақырған. Одан да көп уақыт өте қойған жоқ еді» дейді.

Апат алдындағы түсініксіз жайлар

Осы орын алатын сәттен бұрын бірқатар түсініксіз жайлар болған көрінеді. Алдымен бас бапкер Олег Базилевичтен бастайық. Оған Украинадан әкесі қонаққа келеді. О.Базилевич қаншама шақырымды артқа тастап келген әкесін тастап кетуді құп көрмейді. Бірнеше күн қасында болуды дұрыс көреді. Команданы аттандырып салады. Ертеңіне өзі ұшаққа мінбекші болды. Бұл кездейсоқтық па? Әлде, әке жүрегі апатты алдын-ала сезді ме екен? Баласын ажалдан аман алып қалуға жанұшырып жетті ме? Жұмбақ жаратылыстың құпиясын кім білген? Ал Михаил Ан сол оқиғаның алдында жарақат алып қалған еді. Ол өте көңілді жүретін. Оның осы қасиетін әріптестері де жақсы көретін. Олар Минскіге Михаилді алып кетуге көндірді. «Ойнамасаң да, бізбен бірге боласың. Кездесуді тамашалайсың. Үш күн деген, не тәйірі» деген әңгімеден кейін аталмыш футболшы достарымен бірге аттанып кеткен еді. Алайда, ол алдынан ажал күтіп тұрғанын білген де жоқ. Қапыда қаза тапқан футболшылардың әйелдері содан бұрын түсініксіз жайлар орын алғанын айтады. Сол апаттың алдында олардың отбасылары қорқынышты жағдайда өмір сүрген. Тіпті, бір сұмдықтың боларын жүректері сезгендей. Футболшылар түсініксіз түс көріп шыққанға ұқсайды. Түстерінде үйлерін жын-шайтан мекен етіп алған екен. Осының салдарынан кейбірі әуежайға әрең барыпты. Амалсыздан ұшаққа мінген.Үрейлі көңіл-күйде болған. Соңғы қайғылы аяқталғанда көп адам бұл құбылысқа еріксіз қайран қалды. «Пахтакор» мұндай оқиғаға екінші мәрте кезіккен. Оның алдында да осы тектес жағдай орын алыпты. Ол кезде команданың Индонезия елінен оралып келе жатқан беті екен. Ұшақта ақау шыққан. Экипаж мүшелері әупіріммен жерге табан тіреген. Бұл команда мүшелеріне жасалған «ескерту» ме сонда? «Пахтакордың» сапында Валерий Воронин деген футболшы болған. Ол әуе апатынан аман қалған екен. Дегенмен, оның өмірі де сол оқиғадан кейін кілт басқа арнаға бұрылып жүре берді. Ол көлік апатына ұшырады. Бет-аузы адам танымастай болды. Осының салдарынан ішкілікке үйірсектей бастады. Бір кездері Кеңес Одағының футбол жанкүйерлері сүйсінген В.Ворониннің тағдыры осылайша қайғылы ұласты… Қос ұшақтың қақтығысына жол берген мамандар да жазасыз қалған жоқ. Олар өз жұмыстарына жауапсыз қарады деген желеумен 15 жылды арқалап кете барды. Олардың айтқан сөздеріне құлақ асқан ешкім де болған жоқ. Қаншама адамға ажал алып келген апатты билік басындағы адамдар осылайша жылы жауып қоюды жөн санады.

 

Өзбек командасына жасалған жеңілдік

«Пахтакор» командасының қайғылы жағдайына футбол саласының мамандары да түсіністікпен қарады. Аталмыш ұжым турнир кестесінің бел ортасында келе жатқан. Сондықтан команданы біріншіліктен алып тастау дұрыс болмас еді. Осыған байланысты Ташкенттік клубты тез арада қайта жасақтау міндеті алға қойылды. Небәрі он күннің ішінде командада ойнауға ниет білдірген футболшылар табыла кетті. Жоғары топта сынға түсіп жатқан өзге ұжымдардан келіп өз еркімен «Пахтакор» жейдесін киген ойыншылар да аз болған жоқ. Мәселен, Душанбеден Нуритдин Амриев, Мәскеуден Валерий Глушаков, Анатолий Соловьев, Михаил Бондарев, Андрей Якубик, Грузиядан Зураб Церетели, Манучар Мачаидзе, Минскінің «Динамосынан» Петр Василевский және Украинадан Владимир Нечаев келді. Сонымен қатар, Өзбекстанның өзге ұжымдарынан үздік ойыншылар «Пахтакор» сапына тартылды. Команда құрамы демнің арасында жинақтылды. Келесі матч апат орын алғаннан кейін он екі күн өткенде ойналды. Ташкенттік ұжым Ереван қаласына жол тартты. Бұл ойында жеңіліс тапты. Одан кейінгі матч өз алаңында өткізілді. Олар Тбилисидің «Динамосын» қабылдаған еді. Әр қиырдан келген футболшылар аталмыш кездесуде жергілікті жанкүйердің көңілінен шығатын ойын көрсетті. «Пахтакор» Қап тауынан жеткен әріптестерін тізе бүктірді. Әуе апатына байланысты КСРО біріншілігінің ережесінде бірқатар өзгеріс жасалды. Ташкенттік клуб турнир кестесіндегі жағдайына қарамастан төменгі топқа түспейтін болды. Сол жылы «Пахтакор» сегізінші орынға табан тіреді. Дегенмен, келесі жылдар аталмыш ұжымның ойын өрнегі қожырап кетті. Жоғарыда аталған жеңістікке сәйкес өзбекстандық клуб футболшылары өз деңгейінде шеберлік көрсете алған жоқ. Кейбір кездесулерде қарсыластарына екі ұпайды оп-оңай олжалатып жіберді. Команданың бас бапкері О. Базилевич әуе апаты орын алғаннан кейінгі жылы қызметімен қош айтысты. Өйткені, өзбек елінің басшылары оған тез арада жоғары көрсеткішке жетуді міндет етіп қойді. Ал бұл оңай шаруа емес еді. Кейбір ойыншылар деңгейі өте төмен болатын. Оның орнын Сергей Мосягин басты. Ол да үздік нәтижемен елді қуанта алған жоқ. Арада үш жыл өткенде «Пахтакор» біріншілікте алтыншы орын алды. Осылайша олардың жергілікті жанкүйерлер алдында мерейі өсті. Бұл кезде бас бапкерлік тізгіні Иштван Секечтің қолында болды. Көп ұзамай ол да қызметімен қош айтысты. Команда да сүреңсіз ойнай бастады. Осының салдарынан өзбек футболшылары төменгі топқа түсіп қалды. Осындай оқиғалар одан бұрын да орын алған еді. 1948 жылдың 4 мамырында Италияның «Торино» клубының 31 мүшесі әуе апатынан қаза болды. Ал 1958 жылдың 6 ақпанында Англияның «Манчестер Юнайтед» командасының 23 ойыншысы мен мүшесі мінген ұшақ жерге қона алған жоқ. «Пахтакор» клубы ойыншыларының қайғылы оқиғасынан кейін де отыз жылдан астам уақыт өтті. Алайда, дүйім елдің арасында дүрбелең туғызған қайғылы оқиға әлі күнге дейін елдің есінде сақталып қалды. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш оқиғаға байланысты бірқатар еске алу шаралары өткізілді. Өзбек елінің астанасы-Ташкент қаласында 1979 жылғы «Пахтакордың» әуе апатынан қаза болған футболшыларына арналып ескерткіш ашылды. Бұл орын жергілікті жанкүйер қауымының құрмет тұтатын орнына айналды. Сондай-ақ, Украинаның Куриловка селосы маңында да оларға арналған белгі бой көтерді. Бұл оқиға әлі де зерттеушілер тарапынан қызығушылық таратып отыр. Аталмыш оқиғаның ақ-қарасын ашқысы келген бірқатар адамдар мұрағат көздерінен түрлі мәліметтерді іздеумен шұғылданып жүр. Осының арқасында кезінде айтылмай қалған кейбір құпия деректер жұртшылыққа мәлім бола бастады. Алдағы уақытта да осындай құнды құжаттар көпшілік назарына ұсыныла жатар, бәлкім.

Автор: Қыдырқан  БИСЕНТЕГІ   

+3
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии