Рухани ұстаз

Біздер Бауыржан Момышұлын көбіне халқымыздың дара туған, тұлғасы, кешегі Ұлы Отан соғысының хас батыры, атақты қолбасшы, екі тілде бірдей жазған қаламы жүйрік жазушы ретінде білеміз. Ал нағыз қуатты ағысы тереңде жатқан дария-дарын иесі, рухани ұстаз ретінде Баукеңді әлі толық танып-білгеніміз жоқ. Әсілі, қазақтың арқалы ақындарының бірі Хамит Ерғалиевтың «Баукеңнің телегей-теңіз тағылымы-болашақтың, таяу мыңжылдықтың әңгімесі» деуі тегіннен тегін болмаса керек.

Бауыржан Момышұлы – жалпы адам баласының, абзал қасиеттері мен азамат тәрбиесін отыз ойланып, тоқсан толғанған, парасатты ойшыл. Ол, әсіресе ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Баукеңнің «Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол, сөз жоқ, арамза, әрі қаңғыбас» деуі жайдан-жай емес. Оның адами қасиеттер қатарына жатқызатын-ақыл, ар, ерік-жігер, намыс, сезім, парыз, ұлттық рух, ұлттық мінез-құлық, ұлттық патриотизм, ұлттық мақтаныш, т.б. туралы ойлар арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл ойлар әрісі Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез нәрселермен озады», берісі Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қағидаларымен сабақтасып жатыр.

Бауыржан Момышұлы – ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе ұлттық рухты қалыптастырудың қажеттігін қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде ешкімнен тартынбай айта алған адам. Оның «Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет, осындай адам ғана отандастарының алдындағы өз халқының және ең алдымен халықтардың бауырластығы алдындағы өз борышын тереңде жоғары сезінеді» деген өсиеттері бүгінгі күні де атойлап тұр.

Кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет ұсынылғанымен Мәскеудің генералитетіндегі «аса қырағыларға» Бауыржан Момышұлының биік ұлттіқ рухы, өз ұлтын жанындай жақсы көргені, оның мүддесі үшін жанқиярлық іске дайын екендігі, яғни «ұлтшылдығы» ұнамады. Баукең бастаған сарбаздар сан мәрте теңдесі жоқ ерлік көрсетсе де, оның ержүрек басшысына кеңес кезеңінде батырлық бұйырмады.

Бауыржан Момышұлы қазақ тілінің болашағын ойлап, ана тілдік кеңістіктегі келеңсіз көріністердің алда неге алып келетінін болжап, ол туралы Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа хат жазған. Енді осыны арнайы әңгіме өзегі етіп, бірер ойымызды ортаға сала кетсек. Бұл хаттың мән-мағынасын кешегі кеңестік кезеңде ұлтымыздың басшылары түсінгенімен, оны жүзеге асыру үшін еш шара қолдана алмады. Қайта жағдай тереңдей түсті. Оған елімізде 700 қазақ мектебінің жабылып, жаппай аралас мектептер қаптағанын айта кетсек те жетер. Олардың, шындығына келгенде, орыс мектептерінен айырмасы шамалы болатын.

Иә, хат жазылған кез 1944 жылдың наурызы еді. Жаудың беті кеңестік кеңістікпен толық түріліп, Ұлы Отан соғысының бағыты айқындалғанымен, кескілескен ұрыстар әлі жүріп жатқан-ды. Осындай кезеңде қысқа демалысқа елге келген, сезімі сергек, ойы ұшқыр Бауыржан Момышұлының көңілге түйгендері көп еді.

Соның ішінде қазақ тіліне қатысты газеттерді оқып, қазақ тіліндегі кітаптарды қарап шығып, күннен күнге ұлғайған «шүршіттенуді» көзіменен көрсе, құлақпен естігендері өз алдына бір төбе болатын. Баукең қазақ қоғамындағы, әлеуметтік орталарда орыс тілінің үстемдік ете бастағанын байқаған, келешегін таныған. Ол күндердің күнінде қазақ елінің де тағдыры қыл үстінде болатынын жақсы түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, онымен күресуді қазақ ұлтының өкілі ретінде өзінің азаматтық борышы санады. Сол үшін хат жазды. «Мен әскери адаммын,-деді ол, -тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, көшпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын». Хат ана тілі туралы терең толғанысқа толы еді. Оны бегжай оқуға мүмкін емес. Соның бірін, ұзақ та болса, келтіре кетейік: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қисындырып айтсаң халқың нанар», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам» дегендей-қазақ өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ қыршыңды қандырып, ұғымыңа қонымды, жүргеіңе тиімді, көңіл көтеріп, көрегенді жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысылтаяң-қатал жаңдайда қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып-туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді». Осы тебіренісін ары қарай жалғастыра келіп, Баукең қазақ тілінің еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып көрмегенін, өз сыбағасын ешкімге жегізбегенін, тіл байлығы-ұлт қасиетінің, оның салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі екендігін атап көрсетеді.

«Өнер алды-қызыл тіл» дегендей, адам баласының байлығында тілден артық ештеңе жоқтығын жақсы ұсынған, оған бас иген  Байкең мәдениетіміздегі өзегі, қазақтың басты ұлттық белгісі-тілі, қазақ тілі деп бағалай отырып, «Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады» дейді. Ол қазақ тілін «дөрекі, икемсіз, топас, кедей тіл…Онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді, еркін айта алмайсың» дегендерді қатты сынға алып, өз сөзіне толып жатқан мысалдар келтіреді. Мұндай ойлардың егесі «өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай-құр қалғандардың, ұлт мақтанышы сезімінен, ұлт намысын ажырап, «шөре-шөре» болып, артта қалғандардың надандықтарының сылтауы дегенге мегзейді. Осы арада хат иесінің егер қазақ тілі кедей тіл болса, онда сонау заманда-ақ Абай, Сұлтанмахмұт сияқты ақындарымыз Еуропаның атақты данышпан ақын-жазушыларын өз нұсқасын артық етпесе, кем аударған жоқ деген пікірін келтіре кеткен артық болмас.

Бауыржан Момышұлы тілдің тазалығын сақтаудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне ереше көңіл бөлген. Баукең «елге жақын, барлық жаңалықтарды елге түр-түрлерімен қоғамдық әр алуан арнасынан күнделікті жеткізіп тұратын арнаулы үлгі-насихат құралдары» саналатын сол кездегі қазақ газеттері мен радиосын оқып, тыңдағанда «сөйлем құрылыстарына тіл күрмеленетін», «тыңдағанда құлаққа суық тиіп, денеңді түршіктіретін», қазақ журналистерінің «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» кеткен жанаярлығы молын, жауапсыздығын, ана тілін қадірлемей, қазақша ойлап, үйлестіре сөйлеп, жазуға тырыспағандықтарын қатты сынайды.

Хаттағы тіл саласының аса маңызды буыны – термин жасау туралы ойлар да кемел. Ана тілді дамытудың, оны шеттен тіл ауысу арқылы термин жасаудың әлемдік жолын Бауыржан Момышұлы жақсы білген. Ол «тілді байытам деген ақ адал ниетінің негізі, ана тілін толығымен сақтап, жаңалықтардың оның үстіне қосып, дамыту, таныту әбден айқын, әр халықтың тарихында бар арналы жол-нұсқа» деп атап көрсетеді. Барлық сырттан алынған сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, «өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салынуы керек» дейді. Сондай-ақ қазақ тілін орысшамен байытамыз деген «талабы таудай» жігіттер қазақша іркілмей айтатын сөздердің орнына, жан қинамай орысшаны жаңбырдай төгіп-төгіп жіберу көбіне әдет болғанын батыл сынай отырып, хатта өзі ұсынған көптеген сөздердің аударма нұсқаларын келтірген. Олар қазір тілімізде солай қалыптасты. Сонымен қатар хатта Ресейдегі терминологиялық, түсіндірмелік, орфографиялық сөздіктер жасаудың қажеттігі атап көрсетіледі. Бұл ойлар сол кез үшін өте өзекті болатын.

Бауыржан Момышұлы хатта қазақ тілінің тағдырына қатысты нақты бірнеше ұсыныстар жасайды. Солардың екі-үшеуіне арнайы тоқтай кетейік. Алдымен 30-жылдардың басынан қазақ тілінің бұрмалануына, бүлдіріле, бұзыла бастағанына әділ баға беріліп, «қазақыландыру мәселесін» алдымен қазақтардың өздерінен, тіл жөнін тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында бұл мәселені қайтадан әділдікпен көтеріп, қолға алынуын ұсынады. Алайда, бұл принципті мәселе әлі толық шешілмей, осы күнге дейін күн тәртібінде тұр.

Осы хат жазылған бері 60 жылдан артық уақыт өтті. Құдайға шүкір, еліміз егемендікке жетіп, мемлекетіміз тәуелсіздік алды. Баукең армандаған қазақ тілі мемлекетіміз мәртебеге ие болды. Бұл турасында заң да, конституциялық шешім де бар. Тілдерді қолдану мен дамытудың кезең-кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалары жасалып келеді. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңи түсті.

Сен қозғалғанымен әлі де қоғамда мемлекеттік тіл өз мәртебесіне лайықты орын ала алмай отыр. Көптеген әлеуметтік орталарда қазақ тілі босағанда қалды. Қалаларда қазақша тілі шыққан жас балаларды кездестіру бүгін де таңсық. Қазақ тілін кедей тіл, онымен айтайын деген ойыңды еркін айта алмайсың дегендер мен ұлттық мақтаныш сезімі мен ұлт намысынан ада, өзінің рухани кедейлігін мойындағысы келмейтіндерді қазіргі басшы қызметкерлер мен кез келген мамандық иелері арасынан табу қиын емес. Өзінің ұлтын сыйлай, мақтаныш ете алмай, өзінің ана тіліне көңіл бөлмей, оны менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, сонан соң бүгін азын-аулақ ағылшынша білгеніне мәз болып, өз ана тілінен жеріп, мәдениеттің көзін тек өзге тілден іздеп жүргендерді кездестіру осы күндері де қиындыққа түспейді. Баукең айтқан «қазақ тілін ана тілім деп танымай, қазақша дұрыс сөйлеп, жазып, оқып, өсуді міндетім деп білмейтін» «немере-шөбелерді» қазіргі қазақтың кез келген отбасынан табуға болады. Бұл арада принципшілдікті таныта алмай отырған ата да, әке де кінәлі, дегенмен, салмақтың басы анада жатыр. Өйткені, ана өз тілінде сөйлемей, баласы анасының тілінде сөйлемейді. Бұл-дәлелдеудің қажет етпейтін аксиома.

Сөйтіп, қазір де қазақ тілі-ұлттың өзегі екенін түсінбеушілік жетіп артылады. Ағаштың өзегіне құрт түссе, ол ағаш тез шіриді, пайдаға аспайды. Ұлтымызды талай қырғыннан сақтап келе жатқан осы ана тіліміз деген ұлттық мақтаныштың әрбір қазақ баласының бойын билей алмауы қоғамда көп қиыншылықтарға әкелуде.

Мұның бәрі мемлекеттік тілдің болашағы шешілетін мектепалды мекемелер мен жалпы білім, орталық, аймақтық билік жүйелерінде қазақ тіліне қажеттілікті туғыза алмай отырғанымызда. Барлық қазақ ұл-қыздары қазақ мектептерінде оқып, өз ана тілінде білім, ғылым алулары қажет деген рухани ұстаз пікірін ескеретін де ешкімнің болмауында. Расында да, орысша оқып, орысша тәрбиеленген қазақ баласын ата дәстүрінде тәрбиелеу де оның ұлттық сана-сезімін қалыптастыру да қиынның қиыны. Бұл, «Өз перзентін тек орысша оқытса ата-анасы, Ана тілін ардақтауға жетпегені шамасы», -деп нағыз ұлтшыл ақынымыз Мұхтар Шаханов айтқандай, аса күрделі мәселелердің бірі болып отыр.

Сонымен өткен ғасырдың 40-жылдары көтерілген принципті мәселелер түгел шешілді деуге әлі ерте. Оның толып жатқан әлеуметтік, саяси-құқықтық себептері бар. Оны тарқатып айтуға уақыт тар болып отыр. Дегенмен, мына бір мәселені ескере кеткен артық болмас. Ол әлемдік тәжірибеде мемлекет құраушы ұлт 60 пайыздан асса, онда сол мемлекетте мемлекеттік саясат мемлекет құраушы ұлттық мүддесі мен мұратына жұмыс істеуі қажет. Бұл шындықты біздер ғана мойындай алмай отырмыз.

Қоғамызда Баукең сөзімен айтқанда, «не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмау», «шөре-шөре» болу ұрпақтарымыздың ұлттық ойлау жүйесін бұзып отыр. Бұл болашағымыз үшін аса қауіпті. Күндердің күнінде өзінің төл тарихын білмейтін, ұлттық құндылықтарды мойындамайтын мәңгүрттер осылардың қатарынан шығады.

Қазір посткеңестік кеңістіктегі елдер түгел дерлік мемлекеттік тіл туралы заң қабылдады. Біздер артта қалдық. Рас, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаудың аса күрделі екенін түсінеміз. Алайда, ғасырлар бойы қордаланған жағдайдан тек мемлекеттік тіл туралы арнайы заң ғана алып шыға алады. Оны қабылдаудың қажеттілігі туралы құқықтық норма Негізгі заңымыздың 93-бабында айқын жазылған. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік және экономикалық күй де орнықты. Демографиялық жағдай сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Елімізде өзге этнос өкілдерінің көзқарасында жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік қалыптасты. Мемлекеттік тіл туралы заң қазақ халқына ған емес, Қазақстандағы туған елім, өз жерім дейтін басқа этнос өкілдеріне де қажеттілікке айналды. Оны кейінгі кездегі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер анық байқатып отыр.

Сонымен, Бауыржан Момышұлының хатын қайта-қайта оқығандағы түйген ойымыз-мемлекеттік тіл туралы заң болмай, қазақ тілінің мәселесі шешімін таба алмайды.

 

Автор: Болат ЖЕТКІЗГЕН

+5
0

Share This Post

guest
2 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Аяжан Нуранова
Аяжан Нуранова
4 жыл бұрын жазылды

Кеш жарық! Менің атым Нуранова Аяжан,9 сынып оқушысымын.Мақалаңыз өте сәтті шыққан деп ойлаймын. Құрылысы жағынан да,мазмұны жағынан да өте керемет жазылған. Барлығы өз орнымен,тақырыпты кеңінен қамтыған,әрі қысқа және нұсқа мақалалар көп кездесе бермейді,бірақ сіздің мақалаңыз дәл осындай! Мен бұл мақаладан өзім үшін өте көп жаңа мәлімет алдым. Бауыржан Момышұлының өмірі жайлы оқу мен үшін өте қызықты болды! Сізге бұл еңбегіңіз үшін үлкен раxмет айтқым келеді. Себебі бүгінгі күнде жастардың бойына патриоттық сезімді құю өте маңызды,ол үшін біз өз батырларымыз бен тариxымызды білу керекпіз. Сіздің мақалаңыз өсіп жатқан ұрпақты өз батылдарымен таныстырады,ұлт мақтанышын баршаға мәлім етеді. Бұл жұмысқа деген көзқарасым тек… Толық оқу »

Аяжан Нуранова
Аяжан Нуранова
4 жыл бұрын жазылды

Кеш жарық! Менің атым Нуранова Аяжан,9 сынып оқушысымын. Мақалаңыз жақсы шыққан деп ойлаймын. Құрылымы жағынан да,мазмұны жағынан да өте жақсы. Сіздің мақалаңыздан өз басым өте көп мәлімет алдым.Бауыржан Момышұлы жайлы жаңадан мәлімет меңгеру әрқашан да дұрыс.Ол мен үшін өте қызықты әрі танымды болды. Мақалаңыздың тақырыбы қазіргі жастар үшін өте өзекті .Себебі өсіп келе жатқан ұрпақты патриоттық сезімге баулу,оларға өз батырлары жайлы түсінік беру өте маңызды. Барлық мақалалар өте кең тақырыпты қамтып келіп,қысқа да нұсқа бола келмейді,бірақ сіздің мақалаңыз дәл сондай. Менің пікірім мен көзқарасым тек қана оң, 10 баллдық жүйемен есептегенде, 10/10! Мақалаңыз расында да өте сәтті шыққан! Көп раxмет!